©El.kz/Артем Чурсинов

Өзбекстанда дәрігер науқастың сау аяғын кесіп тастаған

Ферғана облысында дәрігер науқастың сау аяғын қателесіп кесіп тастағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Kun.uz-ге сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Сотталушы - аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Абдубаннап Мадалимов.

Сот материалдарына сәйкес, Адинахон Исомитдинова есімді науқас 2024 жылғы 18 қазанда ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған: «Қант диабетінің II типі, ауыр түрі, декомпенсация сатысы, нейроишемиялық түрдегі диабеттік аяқ синдромы, сол аяғындағы балтырдың ампутациясынан кейінгі жағдай, тізе буынының күрделі сынуы» деген диагноз қойған.

Алайда 2024 жылғы 19 қазандағы ота кезінде, дәрігер сол жақтағы ауру аяқтың орнына, әйелдің сау – оң аяғын жамбас тұсынан кесіп тастаған. Кейіннен дәрігерлер әйелдің сол аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.

Осылайша, екі бірдей аяғынан айырылған әйел 2024 жылғы 7 қарашада алған жарақаттарының ауырлығына байланысты көз жұмды.

2025 жылғы мамыр айында Абдубаннап Мадалимов қызметтік міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол үш жылға дейін дәрігерлік және басшылық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Сот шешімі бойынша, айыпталушыдан марқұмның заңды өкіліне:

27,8 млн сум (шамамен 1,2 млн теңге) материалдық,

80 млн сум (шамамен 3,4 млн теңге) моральдық өтемақы өндіру жөнінде шешім шықты.

Апелляциялық сот алғашқы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.