Өзбекстан ЖИ көмегімен көлік кептелісін азайтпақ
Ташкентте автомобиль кептелістерін азайту үшін жасанды интеллект пайдаланылатын болады. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке астанадағы көлік қозғалысын басқаруды жетілдіру және кептелістердің алдын алу жөніндегі ұсыныстар таныстырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Шаһардағы көлікті дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілгеніне қарамастан, халық саны мен көлік құралдарының артуы, сондай-ақ қаланың экономикалық процестері жол инфрақұрылымына түсетін жүктемені күрт көбейтуде.
Соңғы жылдары негізгі көлік магистральдеріне түсетін жүктеме екі есе артты, ал 7-8 балдық кептелістер қалыпты жағдайға айналды. Қоғамдық көлікті пайдалану үлесі әлі де жеке автокөлікпен жасалатын сапарлар көлемінен төмен. Мұның бәрі экологиялық жағдайға да кері әсерін тигізеді.
Әлемдік тәжірибеде жол қозғалысын басқарудың ең тиімді әдістерінің бірі ретінде интеллектуалды көлік жүйесі кеңінен қолданылады. Оның көмегімен қалалардағы қозғалысты бақылау, талдау және жоспарлау орталықтандырылған түрде және нақты уақыт режимінде жүзеге асырылады.
Презентация барысында осындай жүйені енгізу үшін Ташкентте жол қозғалысын ұйымдастырудың бірыңғай орталығын құру ұсынылды. Орталық көлік және жаяу жүргіншілер ағындарын талдау және модельдеу, интеллектуалды көлік жүйесін енгізу және басқару, көлік және мастер-жоспар мен инфрақұрылымдық қаңқа әзірлеу және іске асыру, қалалық тұрақтарды ұйымдастыру, электр көліктерін қуаттау инфрақұрылымын дамыту және жеке мобильдік құралдарын пайдалануды ынталандырумен айналысады, - делінген хабарламада.
Орталық ITS операторы қызметін атқарады. Бұл платформа жасанды интеллектті пайдалана отырып, камералар, датчиктер және GPS құрылғыларынан жиналатын деректерді талдайды, статистика жүргізеді және кептелістерді болжайды, маршруттарды оңтайландырады, бағдаршам фазаларын бейімдеп өзгертеді, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жедел қызметтерді шақырады.

