Өзбекстан жасанды интеллектті дамытуға 100 миллион доллар бөледі
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жасанды интеллектті дамыту бойынша өткен кеңесте ЖИ саласын дамытуға 100 миллион доллар бөлуге және Қарақалпақстанда деректер орталықтарын салуға 100 миллион доллардан астам инвестиция құятын инвесторларға арнайы жеңілдіктер жасауға тапсырма берген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар мен ведомстволардың жұмысын үйлестіру мақсатында Жасанды интеллектті дамыту альянсы құрылмақ.
Президент ЖИ саласындағы білім беру жүйесін дамыту, министрліктер, хокимияттар мен жоғары оқу орындарының басшыларын оқыту және жаңа білім беру бағдарламаларын енгізу қажеттігін атап өткен. Бұл бағытта «Жаңа Өзбекстан» университетінің базасында жасанды интеллект кластерлері құрылады.
Осыған дейін Президент бастамасымен President Tech Award - жастардың инновациялық стартаптарын қолдауға арналған байқау құрылған болатын. Енді осы бастама кеңейтіліп, жасанды интеллектке арналған жеке конкурстар да өткізіледі.
Жасанды интеллектті дамыту бағдарламасына білім беру, мектеп мұғалімдерін даярлау, материалдық-техникалық базаны нығайту, жоғары оқу орындарында зертханалар ашу және оқытушылардың біліктілігін арттыру мен шетелге тағылымдамадан өткізу мәселелері енгізіледі.
Шавкат Мирзиёев 1 миллион жасанды интеллект көшбасшысын даярлау және ЖИ бойынша тегін онлайн-курстарды кеңейту жөнінде нақты тапсырма берді.

