president.uz

Өзбекстан президенті кәсіпкерлерге салықтық амнистия жариялады

20 тамызда кәсіпкерлермен кездесу барысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев салықтық амнистия енгізілетінін мәлімдеді. Ол тексерістер барысында 20 мың компанияда анықталған 16 трлн сумдық ($1,28 млрд) қателіктерге қатысты болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Біз бір түрдегі амнистия жариялап отырмыз: бұл тексерістер бойынша айыппұлдар қолданылмайды. 1 қарашаға дейін бизнеске қателіктерді өздігінен түзетуге мүмкіндік беріледі. Сол уақыттан бастап кәсіпкерлердің рейтингі «жаңаа парақтан» басталады, - деді Мирзиёев.

Сонымен қатар елде пайда салығы бойынша аванстық төлем жасау шегін екі есеге көтерді: енді ол тек жылдық кірісі 20 млрд сумнан ($1,6 млн) асатын компанияларға қатысты болады. Бұрын бұл көрсеткіш 10 млрд сумды ($802,5 мың) құраған еді. Президенттің айтуынша, бұл өзгеріс шамамен 14 мың кәсіпкерге шамамен 1 трлн сум ($80,3 млн) айналым қаражатын қосымша өзінде қалдыруға мүмкіндік береді.

Өзбекстанда ҚҚС мөлшерлемесі де 12%-ға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, бизнесті айналым салығынан ҚҚС-қа көшуге ынталандыру үшін компаниялар уақытша пайда салығынан босатылады.

Сондай-ақ, есеп беру кезіндегі қателіктер үшін жаза қолданылмайды, ал бухгалтердің ай сайынғы еңбекақысының бір бөлігі – 5 млн сумға ($401,3) дейін – алты ай бойы салықтан шегерілетін болады.

Барлық өзгерістер президент қол қойған жарлықпен бекітілген.

Айта кетейік, 16 трлн сум немесе $1,28 млрд – Тынық мұхитындағы Вануату елінің ЖІӨ-інен ($1,16 млрд) де көп. Бұл мемлекетте бар-жоғы 327,8 мың адам тұрады.