Жаңалықтар

Ойынның әлегі һәм  «Вертер әсері»

Ойынның әлегі һәм  «Вертер әсері»
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 30.09.2024 13:11 379

«Тәйт, не көрінді жамандық шақырып?». Бұл қазақтың әлдебір жаман дүниені бастағалы отырған жақынына айтатын кезекті сөзі. Себебі, қазақ әуелден жағымсыз жағ­даяттарға үрке қарап, ол туралы айтпауға тырысып баққан. Тіпті, қауіп төндіретін заттардың да атын атамай, орнына басқа сөз қолдан­ған. Мысалы, қасқырды «ит-құс», жыланды «түймебас» деп атаса, со­қ­ырішек ауруын емдеу мүмкіндігі болмаған соң «көктүйнек» атаған. Ол түгіл жеңіл-желпі аурулардың атын атасақ, қағынып кетеді деп түсінген. Мысалы, көзге теріскен шықса, оны «керіскен» деп айтқан.

Тіпті, қару-жа­рақтың атын тергейтін болған. Мұның артында да үлкен мән бар ау... Ал біз бүгінде бұған қаншалықты мән беріп жүрміз? Қазіргі ақпараттық технологияның қарыштап дамыған заманында айтқан сөзіміз бен жазған пікірлерімізге қарап, «мұның ертеңгі күні зияны болмас па екен?» деген ойдың астарын үңіліп көрдік пе? Бүгінгі айтпағымыз «Вертер әсері» жөнінде. Алдымен бұл синдром туралы айтпас бұрын еліміздегі соңғы жаға ұстатарлық жаңалықтарға назар аударып көрелік.

Жаңа оқу жылы бастала салысымен мектеп оқушыларының арасында суицид жасау дерегі жиіледі. Алматы қаласының өзінде соңғы екі аптада көпқабатты үйдің терезесінен, шатырынан 7 жасөспірім секіріп кеткен. Бұған қатысты дабыл қағылып, еліміздің барлық мектептерінде балалардың қауіпсіздігіне арналған шаралар қолға алынды. Көпқабатты үйлердің шатыры тексеріліп, жабылатын болды. Айдың күннің аманында өрімдей балаларға не көрінді?  Ата-аналар мен қоғам белсенділері балалар арасындағы суицидке әлдебір ойынның қатысы бар екенін алға тартады. Олар кез келген бала қолындағы гаджетіне оп-оңай жүктеп, ойнап жүрген ойынның арты қайғылы жағдаймен аяқталып жатыр деген ойда. Тіпті әлеуметтік желілердің өзінде баланы қауіпті қадамдарға итермелейтін ойындар пайда болған.

Бұл қандай ойын?

Баланың психикасына әсер етіп жатыр деген ойынның бірі – SchoolBoy Runaway. Ресейлік ойынның атауын ағылшын тілінен тікелей аударғанда «оқушының қашуы» дегенді білдіреді. Аты айтып тұрғандай, ойын жасөспірімдерді үйден, ата-анасынан қашуға үгіттейді. Ал сабақ оқып, әке-шешенің тілін алуды дұрыс емес деп түсіндіреді. SchoolBoy Runaway – Linked Squad ұсынған жаңа ойын. Оның іске қосылғанына екі айдың жүзі болған. Анықталғандай, оны iOS және Android платформаларында оңай жүктеп алуға болады. Сонымен қатар, ойын барысында телеграм мессенджеріне және YouTube каналына тікелей сілтеме көрсетілген. Демек, еліміздегі кез келген бала оңай жүктеп алып, ойнап жүр деген сөз.

Ойынның бас кейіпкері – Андрей есімді оқушы. Сюжетке сәйкес оның мектептегі үлгерімі төмен, тәртібі нашар. Сол үшін де ата-анасы оны үйге қамап, сабақ оқуға мәжбүрлейді. Ал Андрейдің ата-анасының қыспағынан қашып шығуына көмек қажет. Ең сорақысы, бұл ойындағы жағымсыз кейіпкерлер – баланың ата-анасы. Ойынды жүктеп алған жеткіншек түрлі тапсырмаларды орындап, Андрейдің ата-анасының көзіне түспей, шатырдан секіріп немесе басқа да жолдармен үйден қашып шығуына жәрдемдеседі. Оның негізгі – шарты үйді барлап, қашып кетуге болатын жоспар құру. Ол үшін түрлі әркеттерге баруға тура келеді. Бұл ойынды ойнап отырған балада ұрлық жасауға болады деген ой қалыптасады. Өйткені ойынның сюжеті бойынша бала әкесін алдап, көліктің кілтін ұрлап алуы керек. Егер Андрей қашып құтыла алмаса және ата-анасына ұсталса, жазаланады. Мысалы, үйді айнала жүгіреді немесе есіктің алдын сыпырып, еденді тазалауы мүмкін. Сонымен қатар үй тапсырмасын орындап, сабақ оқуға мәжбүрлейді. Егер ол ата-анасына осылайша үш рет ұсталса, ойын аяқталады. Сосын барлығын қайтадан бастау керек болады. Әрине, бұл барлық ойынды басынан аяғына дейін мінсіз аяқтағысы келетін ойыншылардың түрлі қулықпен жеңіске жетуіне шабыттандырады.

Ойындағы керағар тәрбиенің тағы бір көрінісі – тілазар Андрейдің әкесімен әлеуметтік желіде хат алмасуы. Үйден қашу үшін түрлі әрекетке баратын бала, әкесінің назарын аударту үшін оған қыз болып хат жазып, танысуды ұсынады. Хаттың мәтінінде интимді сұрақтар кездеседі. Мұның өзі психиканың бұзылуына себеп. Сонымен қатар педофилияны насихаттаудың анық көрінісі. Қалыпты отбасыда әке мен бала арасында қалжыңмен болсын мұндай әңгіменің өрбуі дұрыс емес.

Осылай түрлі құйтыртқы әрекеттерді жасау арқылы бала үйінен қашып, өзінің ойындағы бостандыққа шығады. Бұл – ойынның тек бірінші кезеңі ғана. Одан кейінгі кезеңдері бұдан да қорқынышты.

Бұл ойындағы басты кейіпкер Андрейдің прототипіне қатысты қызықты деректер айтылады. Ойынның сюжеті 2015 жылы Ресейдің Губаха қаласында тұратын Андрей деген баланың үйінен қашып кетіп, өзен жағасынан өлі денесі табылған оқиға негізделген-мыс. Алайда ойынның авторлары бұл болжамға қатысты пікір білдірмеген. Олар бұл деректерді растамаған және жоққа да шығармаған.

Ата-аналар алаңы

Ал Қазақстанда бұл ойын жайлы балабақшадағы балалар да білетін болып шықты. Ал мұғалімдердің айтуынша, бұл ойынды 7-сыныптан жоғары балалардың ойнап жүргені анықталған. Жуырда Фейсбук әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы, актер Жәнібек Әлікен өзінің парақшасында былайша дабыл қақты: «Ата - аналар, балаларыңызға мұқият болыңыздар! Бейтаныс нөмірден ұлыма қоңырау шалып «шатырдан секірсең әке-шешеңе 10 мың доллар береміз», деген. Мынау сұмдық болды! Балам әңгіменің жартысын айтып, жартысын айтпайды. Өзім де шошытып алмайын деп жай-жаймен сұрап жүрмін. Сөйтсек, кешегі бәлекет «шатырдан секірсең әке-шешеңе 10 мың доллар беремізден» бөлек, «сонымен қатар скулбой ойынының үздігі болып мәңгі қаласың», деп уәде берген. Енді жаңағы ойынды зерттемеймін бе?

Сөйтсем бар бәле осыдан басталып тұр. Балам жаз айында осы ойынды телефонына жүктеп алып бір айдай ойнаған. Кейін өшіріп тастапты. Ал бұл қандай ойын дейсіз ғой?! Ойын үнемі теледидар қарап отыратын маскүнем әке, ас үйде жүретін ашуланшақ шеше, үнемі сабақ оқып отыратын бала туралы. Шеше баланы көрсе бірден шапалақ беріп еден жуғызады,  туалет тазалатады. Әкесі көрсе үйді айналдырып жүгіртіп қояды. Ойын шарты бойынша бала осы екеуіне ұстатпай шатырдан секіріп қашып кетуі керек. Көрдіңіздер ме, қайдан басталып, қайда апара жатқанын?! Демек о баста бұл ойынның өзі осы суицидке апару үшін жасалған ойын ғой. Мұнымен қауіпті ойындарды електен өткізіп, зерттеп жатқан құзырлы органдар бар ма? Мұның артында кімдер тұр?!Жұмбақ», - дейді желі қолданушысы.

Тағы бір желі қолданушысы: «Үш оқитын қызымның ата-аналар чатында мына бір ойын туралы қызу әңгіме болып жатыр. Энергияны арттыратын азарт ойыны дейді. Бала әке-шешесінен қашады екен. Үйден қашып шығу үшін шешесін дәретханаға қамап, сыртынан жауып кетеді. Көмекке келмесін деп, әкесін таблетка беріп ұйықтатып тастайды екен. Ойынның жалпы құрылымы осындай. Бұл деген сұмдық! Үйден қашқан бала қайда барады? Әке-шешеден қашқан бала қай бір оңған бала? Таблетка беріп ұйықтатып тастау деген не сұмдық?  Бара-бара әке-шешесін өлтіреді ғой бұлар. Ең сорақысы үшінші сыныптың оқушылары жаппай ойнайды екен бұл ойынды. Шешелері тексергенде ойнайтындарын мойындаған.  Енді чатта шулап жатыр. Аналар, әкелер, балаларыңызды байқаңыздар! Не ойнап жүргенін бір тексеріп қойыңыздар. Баланы бағатын, алаңдайтын нағыз кезең туған сияқты. Бұрынғы замандағыдай ойнауға жіберіп қоятын заман жоқ. Үйде бір адам отырып, ылғи да қадағалау керек енді бұларды», десе, енді бірі:  «Schoolboy Runaway балалардың телефонындағы ойын. Қазір ана-аналар қауіпті деп бір-біріне таратып жатыр. Ойнап көріп едім… Андрейдің рөлінде болдым. Анасы үйді жина деп айқайлағанда шын қорқып кетесің. Әкесі жауыз, ұрады. Андрей айнаға қараса бейнесі көрінбейді, сөйтсем өліп қалған екен. Ауладағы қасымда отырған балалар оны мамасы, сосын рыбак өлтіріп тастаған дейді. Егер жеңсең чипы береді дейді. Қалай жеңемін десем тапсырма орындау керек екен. Әрі қарай ойын туралы балалардан сұрадым. Телефонда ойнаймыз, сосын дворда да соны шын ойнаймыз дейді», деп ағынан жарылды.

Психологтар кеңес береді

Бұл ойынға қатысты психологтар да алаңдаушылық танытып отыр. Өйткені ойын сюжеті бойынша бала мен ата-ананың қарым-қатынасын алшақтатуға негізделген және тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар. Сонымен қатар ойындағы Андрейдің әкесі мен шешесінің образы психологтарды алаңдатып отыр. Өйткені, анасы үнемі ештеңеге көңілі толмайтын, күні бойы ас үйден қолы босамайтын долы әйелдің бейнесінде көрсетілген. Ал әкесі уақытын футбол көруге арнап, диванда жатып алып сыра ішіп, аузына келгенді айтатын кейіпкер ретінде сипатталған. Бұл, әрине, баланың психологиясына әсер етпей қоймайды. Санасы енді ғана жетіліп келе жатқан жасөспірім бұл ойын арқылы өтірік айтуды, ұрлық жасауды, үйден қашу үшін айла-шарғы ұйымдастыруды дұрыс деп санай бастайды.

Психологтар ойындағы кейбір әрекеттерді қатаң сынға алған. Мысалы, ойынның ережесі бойынша тапсырмаларды орындау барысында әкесіне дәрі беріп ұйықтатуға болатын шарттар бар. Ойын арқылы осы әрекетті көрген бала өмірде де солай істеуі мүмкін. Мұндай әрекетке бармайды деуге ешқандай кепілдік жоқ. Осылай деген олар балаларға әлеуметтік желідегі ойындардың зияны туралы бірнеше аргумент айтады. Себебі, әлеуметтік желілердегі ойындар балалар үшін қызықты әрі тартымды болғанымен, олардың теріс әсерлері де бар. Мысалы: Уақыттың жоғалуы. Балалар ойындарға көп уақыт жұмсап, оқудан, спорттан және достарымен қарым-қатынастан алыстап кетуі мүмкін. Психологиялық әсер. Ұзақ уақыт бойы экран алдында отыру балалардың эмоциялық күйіне теріс әсер етіп, стрестің, уайымның артуына себеп болуы мүмкін. Агрессия. Кейбір ойындардағы зорлық-зомбылық элементтері балалардың агрессивті мінез-құлықтарын қалыптастыруы мүмкін. Әлеуметтік оқшаулау. Әлеуметтік желілердегі ойындар шынайы қарым-қатынасты төмендетіп, балалардың әлеуметтік дағдыларын дамытуына кедергі жасай алады. Денсаулық мәселелері. Ұзақ уақыт бойы отыру, экран алдында болу балалардың денсаулығына (көз, омыртқа) зиян тигізеді. Балалардың әлеуметтік желілердегі ойындармен шектелмеуі және шынайы өмірдегі қарым-қатынастарды дамытуы өте маңызды. Ойын уақыты мен шынайы өмірдегі әрекеттер арасында теңгерімді сақтау қажет. Балаларды белсенді өмір сүруге, спортпен айналысуға және достарымен уақыт өткізуге ынталандыру – ата-аналардың басты міндеті, дейді олар.

Психологтардың айтуынша, бірден байбалам салып, балаға дауыс көтеру орынсыз. Мұндай жағдайда ақылмен шешім қабылдап, баламен ақырын сөйлесу қажет. Баланың сеніміне кіре отырып, оны ойыннан алшақтатуға болады.

Оқу-ағарту министрлігінің ережесі

Оқу-ағарту министрлігі де баланың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірнеше ереже ұсынды.

  1. Балаңызға жаңа телефон алып берген кезде телефонға бірге құпиясөз орнатыңыз, геолокация және іздеу функцияларын қосыңыз.
  2. Баланың смартфонындағы ата-ана бақылауы қызметін қолданып, балаңыздың онлайн белсенділігін, жүрген жолын бақылаңыз, сондай-ақ жағымсыз контенттерді шектеңіз.
  3. Жасөспіріммен оның онлайн өмірі жайлы әңгімелесіңіз. Оның қандай сайттарға кіретінін, қандай ойындар ойнайтынын, кіммен қандай платформаларда сөйлесетінін біліңіз.
  4. Балаңызға цифрлық сауаттылықты және цифрлық тәртіпті үйретіңіз. Желідегі сексуалдық алымсақтық пен кибербуллинг қаупі туралы айтып беріңіз.
  5. Балалардың көруіне тыйым салынған және жағымсыз контент туралы, оларды неліктен көруге болмайтынын айтып беріңіз.

Қауіпті ойын тек бұл емес

Таяуда мектеп әкімшіліктері қауіпті ойындар жайлы айтып: «Telegram және TikTok-тан «Бізбен ойна!» деген шақыртулар келуі ықтимал» деп хабарлады. Мұндай үндеулерді Ozon-да сатылатын 18+ кітаптардан да табуға болады. Бұлардың ең қауіптісі: “Тихий дом”, “Разбуди меня в 4:20”, “Море китов”, “Синий кит”, “Красный дельфин “, “Млечный путь» “ SchoolBoy RunaWay ойыны да осы тізімде бар.

Вертер синдромы

Ал енді жоғарыда айтқан мәселемізге оралайық. Вертер әсерінің бұл жағдайға қандай қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Ендеше, атаудың тарихына үңіліп көрелік. Атақ­ты Гете жауапсыз махаббат оқиғасынан кейін өзіне қол жұмсамақ болады. Дегенмен сабырға келіп, бұл жағдайды, өмірде емес, шығармашылығында қолдануға бел буады. «Осы бір жаман ой мен көңілсіздіктен құтылып, өмір сүрейін деп шештім. Бірақ тыныш өмір сүру үшін, өмірімдегі сол маңызды кезеңде тартқан азабым, шеккен қайғы-мұңым, сезімім, арманым тоғысқан шығарма жазу­ым керек болды» дейді ол өз сөзінде. Осылай «Жас Вертердің азабы» деген роман дүниеге келеді. Романда Вертердің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы жазады. Бұл роман Гетеге зор танымал­дылық әкелгенімен, Еуропада суицидтің кең жайылуына да әкеп соғады. Вертер феноменін 1974-1975 жылдары американдық әлеуметтанушы Дэвид Филлипс анықтаған және неміс жазушысы Гетенің  жас кейіпкердің өзін – өзі өлтіруге әкелген драмалық романынан осындай атау алған. Ол бұл синдромды зерттеу барысында туынды шыққаннан кейін 7 жылда БАҚ беттерінен 12 585 адам өзіне қол салғанын анықтайды. Ақы­ры әлеу­­меттану ғылымында «Вертер синдромы» деген ұғым пайда бола­ды.

«Неліктен бұлай болады, адамды мұндай шешім қабылдауға не итермелейді?», деген сауалға Зигмунд Фрейд екі негізгі инстинктті, екі себепті айтады: өмірге (либидо) және өлімге (танатос). Жасөспірім кезінде екі инстинкт те күшейеді, сондықтан осы инстинкттерге негізделген манипуляция, әсіресе жыныстық жетілу кезеңінің басында қатты дамиды.

Фрейдтің пікірінше, өлім инстинкті-бұл өзіне бағытталған агрессия. Адам бастапқыда агрессияны сыртқы әлемге аудару немесе оны өзіне бағыттау қажет болатындай етіп ұйымдастырылған. Егер сіз баланың сыртқы әлемге деген агрессиясына тосқауыл қойсаңыз, ол табиғи түрде өзіне бағытталады. Агрессияның бұл түрінің экстремалды көрінісі-ауыр депрессия – жас адам ешкімді көргісі келмегенде, үнемі ойға батып, жалғыз қалғысы келеді.

Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жау­ыздық ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берген сайын қаніпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. Феномен күштілігі болғаны сонша­лық, кейбір елдердің үкіметі бұл кітапқа тыйым салған екен. Тағы бір мысал, Теодор Драйзердің «Америкалық трагедиясында» кедей жігіт жүкті болып қалған кедей қыз­дан құтыла алмай жүреді. Өйткені ол сол ара­лықта байдың қызымен көңіл қосып алған. Байдың қызына үйленсем ғана бақы­т­ты боламын, әйтпесе мынадай жоқшы­лық­тан құтыла алмаймын деп ойлайды. Бір күні газетті парақтап отырып бір оқиғаны оқиды. Біреу көл бетінде қайықпен серуендеп жүріп, әйелін суға лақтырып жіберген екен. Жігіттің ойы бұзылады. Сол сценарийді бұл да қайталайды да, әлгі кедей қыз­дан құтылады. Бірақ көп ұзамай тұты­лады. Америкалық трагедияның болған-біт­кен сюжеті осы. Яғни, бір газеттен оқы­ған ақпарат өзінің әсерін тағы бір кейіпкерге берді деген сөз. Психолог-зерттеушілердің айтуынша, газеттердің бірінші беттерінде танымал адамдардың өз-өзіне қол жұмсаған оқиғалары туралы жазылатын болса, біраз уақыттан соң осыны кең жариялаған гео­графиялық аудандарда өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары ұлғаятынына көз жеткізді. 70-жыл­дары осыны зерттеген Филипс, пси­хологиялық ауытқулары бар адамдардың суицид жағдайлары жайында оқығаннан соң, еліктеу негізінде өзіне қол жұмсайты­нын айтады. Яғни, бұл – кейбір қиын жағ­дайлар кезінде, адамның басқалардың іс-әрекетіне сүйенеді деген әлеуметтік дәлел­дің бір мысалы. Мәселен, батыста атақты актриса Мэрилин Монро суицид толқынын бастаған алғашқы актриса болып саналады. 1962 жылы ол 36 жасында ұйықтаттатын дәріні көп мөлшерде ішіп,өзіне қол жұмсайды. Өз-өзіне қол жұмсаудың себебі жалғыздық пен актерлік мансаптағы ұзаққа созылған депрессия болды. Осыдан кейін бірнеше ай ішінде бүкіл елде әйелдер гипнозды дәрі-дәрмектің артық дозалануы арқылы өз-өзіне қол жұмсай бастайды.

1994 жылы сәуірде 27 жастағы Курт Кобейн гаражда мылтықпен жалғыз қалып, "27 клубының" басты жұлдызына айналды. Өз-өзіне қол жұмсаудың себебі әншінің есірткіге тәуелділігі болды. Әнші жасөспірімдердің кумирі болды, сондықтан бүкіл елде суицидтер ұзақ уақыт бойы жалғасты.

2017 жылы 21 жастағы рэпер Лил Пип те суицид жасайды. Оның өлімі суицидтің бүкіл толқынын тудырып қана қоймай, көптеген музыканттарды тәуелділіктері туралы айтуға итермеледі.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидтті жаппай жұртшы­лықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, «мен ғана емес екем, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адам көп екен ғой» деген сияқты кереғар оймен өзін жұбата бастайды. 

Шығар жол жоқ!

Қазір көп ел бұл мәселеге аса сақтықпен қарауда. Әсіресе, журналистердің Вертер эффектісін үдетпеуін қатты қадағалайды.

1990 жылдардың ортасында Санкт-Петербургтегі көпірлердің бірінде "шығар жол жоқ"деген граффити пайда болды. Осы жазудың кесіренен бұл жерде өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерінің саны бірнеше есе өсіп кетеді.  Ақырында әлдебіреу бұл жазуды өшіріп тастайды. Осылайша суицид толқыны басылған екен.  Дәл сол себепті, біраз уақыттан кейін депрессиялық жазулар метродан да алынып тасталды. Айтпақшы, аңыз бойынша, дәл осы жазулар "Сплин" тобының жетекшісін "Шығар жол жоқ" әніне шабыттандырды. Бұған ол осы жазудың арқасында пойыздың астына түсіп, өзін-өзі өлтірген студент туралы жаңалық себеп болған.

2014 жылдың тамызында актер Робин Уильямс өзін-өзі өлтірген кезде, оқиға туралы материалдар бірнеше ай бойы БАҚ-тың негізгі тақырыбы болды. Журналистер Уильямстың өлімінің жолы мен себептерін сипаттайтын тақырыбы айғайлаған мақалалар жазды.  Ғалымдардың пікірінше, бұл АҚШ-та "Вертердің әсерін" тудырды. Ғалымдар 2014 жылдың тамызынан желтоқсанына дейін АҚШ-та суицид 9,9% - ға өскенін анықтады. Асылып қайтыс болған суицидтердің саны (бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ресми нұсқа бойынша, актер дәл осылай қайтыс болды) сол кезеңде 32,3% - ға өсті. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдары Робиннің өлімі сияқты маңызды жаңалықтарды елемей қала алмайды, бірақ содан кейін трафикке ұмтылу кезінде олар мұндай материалдарды жазу этикасын елемеді. БАҚ-қа суицидтің алдын алу бойынша ұсыныстарды 2000 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұжырымдады. Ұйым журналистерді келесі ұстанымдарды ұстануға шақырды: айғайлаған тақырыптарды пайдаланбаңыз; суицид туралы сенсациялық тілде жазбаңыз; суицидті қарапайым құбылыс ретінде көрсетпеңіз; болған оқиғаның егжей-тегжейін айтпаңыз.

Мамандардың зерттеуінше, суицид тақы­ры­бында жазылған мақала немесе сюжетте суицидтің себебі, орны, оның қандай құ­рал­мен жасалғандығы секілді детальдар нақты жазылса, бұл синдромды одан әрі үдете түседі деп есептейді.

Статистика не дейді?

Қазақстандық БАҚ-та жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы тақырыбы жиі қозғалады. Сонымен қатар, өткен жылғы ең осал жас тобы, статистика бойынша, орта жастағы адамдар — 30-дан 54 жасқа дейін. Суицидтен қайтыс болғандардың жалпы статистикасында осы санаттың үлесі 54,9%. Екінші орында егде жастағы адамдар: әрбір төртінші суицидті (23,5%) 55 жастан асқан қазақстандықтар жасаған. Өзіне өзі қол жұмсап қайтыс болғандар ішінде 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың үлесі 17,3%-ды құрады, ал осы жас тобының өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттері статистикасындағы үлесі сәл ғана жоғары болды: 18,8%. Дәл осындай үрдіс балалар мен жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау деректерінен де байқауға болады: өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгендердің үлесі іс жүзінде қайтыс болғандардың үлесінен жоғары: тиісінше 5% және 4,3%.

БП ҚС АЕК ресми деректері «Неліктен суицидтер мұндай қадамға баруды шешеді?» деген сұраққа толық және жан-жақты жауап бермейді. Суицидтік мінез-құлық алдындағы факторлар туралы жарияланған деректерде олар 15,6% жағдайда ғана көрсетілген. Қалған 84,4%-ы «басқа» немесе «белгіленбеген» айдарымен қалдырылған. Тізімде көрсетілмеген және дамыған елдердегі өз-өзіне қол жұмсаудың жиі кездесетін себептері – депрессия немесе психикалық ауру (ДДҰ деректері).

Егер стресс факторлары белгілі болған 15,6% жағдайды ғана статистиканы қарастыратын болсақ, онда олардың арасында бірінші орынға жалғыздық мәселесін қоюға болады. Былтыр осыған дейінгі психологиялық проблемаларды тұжырымдау арқылы суицидтен 230 қайтыс болды. Айтпақшы, 2021 жылмен салыстырғанда мұндай жағдайлардың саны 98-ге артқан.

Күні кеше  Бас прокурор Берік Асылов кейінгі кезде балалардың өзіне-өзі қол жұмсау дерегі көбейгеніне қатысты пікір білдірді. «Балалардың өзіне-өзі қол жұмсау толқыны қоғамда резонанс тудырды. Прокурорларға әр факт бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Жалпы, әлеуметтік желілер балалардың суицид белсенділігіне әсер ететіндіктен прокурорлар 15 мың зиян сайт пен сілтемені бұғаттауға қол жеткізді», - деп жазды «Х» әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Сондай-ақ, қиын тұрмыстық жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеліп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік органдармен суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешені әзірленеді.

ТҮЙІН: Қазақта «Жақсы сөз жарым ырыс» деген сөз бар. Сондықтан мейілінше, ақпарат көздерінде, әлеуметтік желілерде қаламымыз бен ауызымызға абай болған жөн. Көбелек эффектісі бойынша, жай ғана айтылған сөз екінші біреудің шешіміне әсер етуі ғажап емес. Демек, қоғамға теріс әсер ететін ақпараттарды жариялауда сақ болғанымыз артық болмас.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға