Жаңалықтар

Ою-өрнектің белігілік классификациясы

Ою-өрнектің белігілік классификациясы
05.11.2015 12:00 11215

 Ою-өрнектің белігілік классификациясы  

Дәстүрлі ою-өрнектің белігілік топтамасы, классификациясы туралы сөз қозғаймыз

Ою-өрнек дегеніміз – дәлдік, есеп, теңдік, теңеу, үйлесім, жарасым, сәндік, көркемдік, сәйкестік, тазалық, нәзіктік, сүйкімділік, парасаттылық, жылылық, сұлулық, ойлылық, ақылдылық, зеректік, көңіл-күйдің жақсылылығы, шабыт береді, ептілікке, іскерлікке, шеберлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, тәрбиелейді. Өнерге деген махаббат, сұлулыққа деген ғашықтық, құштарлық жинағы. Ою ойған адамның жүрегі жылы, нәзік болады.

Өнер зерттеушілерінің пайымдауынша қазақ ою-өрнегі үш түрлі ұғым негізінде туған деген қорытынды бар:
1.Қазақ халқының өзіне тән ертеден келе жатқан ұлттық оюлары.
2.Басқа халықтардың мәдениетінен ауысқан.
3.Уақытқа қарай бейімделу.

Әр оюдың өзіндік мәні бар болған. Сырт киімнің бетіне салатын әшекей, ою–өрнектерде де, екі мақсатта қолданылатын. Біріншісі – ырымдық, магиялық мақсатта, яғни адамды сыртқы зұлым, тылсым күштерден бәле–жаладан қорғау, екінші адамның қоғамдық жағдайын белгілеуге, информация беру мақсатында. Сондықтан, әйел мен еркектің, дін адамы мен әкімнің, бала мен кәрінің, ақын мен жауынгердің киімдерінің ою–өрнектері бірдей болмайды. Адамның қоғамдық – әлеуметтік жағдайы өзгерген кезде оның киімінің әшекей–оюлары да, соған сәйкес өзгеріп отырады. Халық мәдениетінде бұл қатаң бақыланып, ешқашан шатастырылмайтын заңдылық. Мысалы «итқұйрық» деп аталатын өрнек ешқашан баскиімдерге қолданылмаған. Мұның астарында «дұшпаның кеудеңнен жоғары өрлемесін» деген ырым жатыр. Бұл өрнек «дұшпаның кеудеңнен төмен болсын» деген ниетпен көбінесе ер адамдар шалбарының жырық балағына салынады. Сонымен бірге итті жеті қазынаның бірі деп танитын шаршап–шалдықпайтын қасиеті мен қағілез, сап болатын ерекшелігін ескеріп ұзап сапарға шығатын адамның киімі мен қару–жарағына да жігер, қайрат берсін деген тілекпен осы өрнекті салған.

Қыз балалардың бешпетіне, көйлегіне негізінен гүл тәрізді немесе қанатты қарлығаш секілді өрнектер салынса, ер баланың киіміне жиі найзаның ұшы, бүркіт, қошқар мүйіз секілді өрнектер батыр, алғыр болсын деген ырыммен салынатын болған.

Ою-өрнектің лексикалық сөздік құрамы өте бай. Лексиканың басқа салалары сияқты, ою-өрнекке байланысты атаулар мағыналық жақтан ғасырлар бойы дамып жетілген, семантикалық өрісі барынша кеңейген құбылыс қатарына жатады. Бірқатар белгілі бір ұстанымдар бойынша топтастырып келді. Бұл топтарға кіретін сөздер мен сөз тіркестерінің өзіне тән бір ерекшелігі – ою-өрнек атауларындағы номинативтік мағынаның тарихи дәуірлерге, халықтың болмыс туралы танымына, тұрмыс-салтына, дүниетанымына байланысты сакральді кешендік мағынаға ие болуында. Бір атау-таңбаның арғы жағында тек халықтың санасында ғана көрініс беретін көптеген ұғымдық этномәдени деректер сақталған. Ою-өрнектердің, олардың атауларының біршамасы әлдеқашан ұмыт болып, қолданыстық аясы тарылған.

Халық арасында кең тараған аңыз-әңгімелерден ою-өрнектің символдық тілін аңғаруға болады. Мысалы ертеректе алыс шалғайға ұзатылған қыз жыл-жарым өткен соң бір жолаушыдан төркініне бір жапырақ кестелі орамалмен сәлемдеме жіберіпті. Орамалдағы ою-таңбалармен танысқан ата-ана жайсыз хабардың келгенін айтқызбай ұғады. Орамал бетіне салынған ою жиектей жүргізілген тамшы, қара түспен боялған сыңарқанат, бір сағағын ұзынша, бір сағағын қысқа етіп бейнелеген бүршік өрнегі болатын. Бұл ұзатылған қыздың «барған жерімде бағым ашылмады, көзімнен жас кетпейді, сыңар қанаттай жаным жалғыз, отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым» дегені екен [20].

Ою–өрнекпен көп жұмыс жасайтын тәжірибелі ісмерлер қатар орналасқан екі түстің арасын асқан шеберлікпен үйлестіре білген. Ол үшін қазақ ісмерлері сырмақ сырғанда ою–өрнекпен түрлі бұйымдарды безендіргенде әр түсті матаның немесе киіздің арасына есілген жіп салады. Сонда қатар жатқан әртүсті бұйым бір–бірімен әдемі астасып, үйлесімін табады. Осы тәсілді ісмерлер «су жүргізу» деп атайды. Ертеректе жер бөлгенде шекараны өзен – су, тоған – арық арқылы межелейтін үрдіс болған, сондықтан «су жүргізу» сөзінің төркіні содан алынған деп топшылаймыз. Яғни, су жүргізу сөзінің мағынасы бөлу, анықтау, айқындау т.с.с.

Қазіргі уақытта халқымыздың өркендеп өскен мәдениетіне лайықты кейбір ою элементтері өздерінің бастапқы мәнін жойып, жаңа мағынада өмірге қайта оралып отыр. Бізбен замандас ою жасаушы шеберлердің туындыларында ертеректе дүниеге келген оюлардың элементтері аз кездеседі десек те болады. Бұл жағдай қазіргі заманда ою өрнегінің өзіндік құнын жойғаны емес, керісінше, жаңа өмірге лайық жаңа бағыт алып, жаңаша өріс тапқанын көрсетеді.

Қазақтың ою-өрнек өнерінде кездесетін әртүрлі саздағы (мотивтегі) элементтер көп ғасырлар бойы сұрыпталудан өтіп, әр шебердің өзінше өзгеріс ендіруінің арқасында бір түрден екінші түрге ауысып отырған. Ою жасаушылардың творчестволық еңбегінің арқасында зооморфты саз өсімдіктер тектес сазға, геометриялық саздағы элементтер – зооморфты немесе өсімдіктер тектес сазға т.с.с. ауысып отырған. Бұл жағдай қазақ ою-өрнек өнерінде бірнеше элементтермен-ақ шахматтағыдай мыңдаған түрлі композициялық варианттарда жасауға болатындығының дәлелі.

М.Красовский 1868 жылы еңбегінде қазақ халқының қолөнері жайында жазған. Автор: «Қыздарды кішкентай кезінен тігу, тоқу, киіз басуды үйретеді, ал өскен кезде барлығын өз қолымен істеуді талап етеді», – деп жазcа, өнертанушы ғалым В. Чепелев: «Қазақтар тек ою-өрнек әлемінде өмір сүретін сияқты», – деген болатын [9].

Халқымыздың бізге жеткен ою-өрнек үлгілері – бай мұра, сарқылмас қазына. Ою-өрнек – тұрмыста бір бұйымның бетін әшекейлеу үшін қолданылатын нақыш, өрнек. Заттың бетін өрнектеу үшін ісмерлер әртүрлі тәсілді қолданады. Олар: оймыштау, бедерлеу, шеку, қашау, тісеу, құрау тәрізді әрекеттер арқылы жүзеге асады. Ою-өрнектің үлгілерін жасап, оларды ою, жапсырмалаумен шұғылданатын шеберді халық оюшы дейді. Әр өрнек белгілі бір бөлшектен (элемент) құралады. Жалпы қазақ қолөнер шеберлері өлшеп-пішпей-ақ екі заттың тең пропорциясын жасай білген. Қазақ ою-өрнегінің басты ерекшелігі – композиция, ритм (ырғақ) симметриялық принциптерінің берік сақталып келуі.

Кейбір ғалымдар барлық ою-өрнек түрлерін физикоморфтық және биоморфтық деп екі топқа бөліп қарастырады. Бүгінгі күнге дейін өнертанушы ғалымдар қазақтың ою-өрнегін 230-дан астам түрін тауып, 7 топқа жіктеп, ғылыми тұрғыдан анықтама берген.

Ә.Марғұлан ою-өрнектерді төрт топқа бөледі. Олар: космогониялық, зооморфтық, өсімдік тәріздес, геометриялық өрнектер. Бұл өрнек түрлерін Ө.Жәнібеков мақұлық атты, ғарыш атты, нәубет атты, тіке сызықты десе, Т.Басенов космогониялық өрнекті «магиялық» өрнектер деп атайды. Космогониялық өрнек туралы Марғұлан: «Жұлдыз гүл, жұлдыз өрнек, топ жұлдыз өрнектерімен халқымыз сырт киімдерін әшекейлеген», - дейді. Көшпелі өмір сүрген, көбіне мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабамыз күнге табынған. Ертеде күн бейнесі ретінде салынған шеңберге адамдар тұмар ретінде табынған.

Жоғарыда аталған негізгі өрнек түрлерінен бөлек қазақ шеберлері көп қолданатын ою-өрнек элементтерінің мынандай атаулары бар:

а) Аспан әлеміндегі құбылыстарға байланысты өрнектер: ай, күн, жұлдыз, айшық, аймүйіз, құс жолы, жұлдызша, кемпірқосақ т.б.

ә) Заттардың атауына байланысты өрнектер: балға, балта, тарақ, балдақ, күмбез, табақ, қармақ т.б.

б) Эпиграфиялық өрнектер, яғни жазуды өрнек тәріздендіріп, белгілі бір заттың бейнесіне келтіре әдемілеп, астарлап жазу.

в) Ру таңбалары мен ел таңбалары және малға салынған ен-таңбаларға байланысты ою-өрнек элементтері: тұмар, айшық, босаға, абақ, тарақ, көз, шөміш, көсеу т.б.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға