Жаңалықтар

Отыз жыл бұрынғы тарихи матч

Отыз жыл бұрынғы тарихи матч
20.11.2015 04:10 3012

КСРО футбол чемпионаттарындағы ең тартысты да тартымды бәсекелердің бірі ретінде тарихқа енген тамаша ойынға да 30 жыл толыпты.

Отыз жыл бұрынғы тарихи матч

1985 жылдың 7 қазаны күні кешке Алматыда жауын құйып тұрды. Мұндай ауа райын жанкүйер қауым әдетте «Қайрат» үшін сәтті санайтын. Бірақ, дәл сол күні көп көңілінде үмітпен бірге күдік те қабаттасып тұрған-ды: өйткені, Орталық стадионға біздің команда үшін өте қолайсыз қарсылас саналатын «Спартак» (Мәскеу) келген еді.

Алдымен сол уақыттағы турнир кестесіне қарайық. Топ басында Киевтің «Динамосы» келеді – 39 ұпай. 2-орындағы «Спартактың» еншісінде 37 ұпай бар. Ал алматылықтар 28 ұпаймен 6-орында тұр. Өкінішке қарай, «Қайратты» ешқандай тең ойын қанағаттандырмайды, өйткені, 1978-1988 жылдарда қолданыста болған ереже бойынша әр команда бір чемпионат бойына тек 10 рет қана «итжығыс» түсе алады, одан артық тең нәтижелерге ұпай берілмейді. Бас бапкер Леонид Остроушконың шәкірттері бұл межеден асып кетіп, өткен турда Воронеждегі «Факелмен» (1:1) тең ойын үшін ұпай ала алмаған болатын.

Мәскеуліктер үшін де жеңіс ауадай қажет еді. Көш басында украин спурклубынан 2 ұпай ғана қалып келе жатқан олар ойынды өте қарқынды бастады. Бастапқы бес минуттың ішінде-ақ қонақтар Александр Убыкин қорғаған қақпаға үш мәрте қауіп төндіріп үлгерді. Ақыры 6-минутта Евгений Сидоров есеп ашты. «Спартак» бұдан соң да арынын іріккен жоқ. Алайда, «Қайрат» қорғаушылары қырағалық танытып, енді оларды айып алаңына аса көп жібере қоймады. Қос қапталдағы Сергей Пасько мен Евгений Яровенко жиі-жиі алға ұмтылып, шабуылға дем бере бастады. Енді Ринат Дасаевқа да жұмыс табылды. Алғашқы жарты сағат түгесіле бергенде қақпа алдындағы қарбалас сәтте әбжілдік танытқан Сергей Волгин таразы басын теңестірді. «Қайратқа» тізгін беруге болмайтынын ұққан «Спартак» ойыншылары қайтадан күшіне мінді. Допты бір-біріне тез де дәл бере қақпақылдап әкеліп, ақыры Михаил Русяевке қолайлы сәт тудырып берді. Бірақ, дәл үзіліс алдында соққысы қақпашылардың зәресін ұшыратын Евстафий Пехлеваниди де алыстан теуіп, допты торға түсірді.

Екінші таймда үдей түскен жауынмен бірге «Қайраттың» қимылы да ширай берді. Қайткен күнде де топ басындағы киевтіктерден қалғысы келмеген мәскеуліктер шабуылға шабуылмен жауап беріп отырды. Бұл бір кәдімгі семсерлесуді немесе пинг-понгты еске түсірерлік аса қызықты тайм болды. Сол кездегі баспасөз бұл матчты «Алматыдағы атыс» («Перестрелка в Алма-Ате») деп атады. Алдымен Волгин алыстан теуіп, осы ойында алғаш рет алматылықтарды алға шығарды. Алайда, көп ұазамай, қорғаушыларымыз сол қапталға әбден қожайындық қылған қолтоқпақтай ғана Сидоровты тағы да тоқтата алмады. Дегенмен, қазақ жанкүйерлері қапаланып та үлгерген жоқ, келесі ұмтылыста-ақ Волгин үшінші рет Дасаев қорғаған қақпаны дәл көздеді – 4:3! КСРО құрамасының даңқты қақпашысына «хет-трик» жасау өте сирек кездесетін жәйт! «Алтын допты» 1985 жылы француз Мишель Платини иеленсе, Дасаев үздік ондыққа еніп, 9-орын алған болатын. Осындай беделді қақпашыға төрт гол соққан қайраттықтардың да осал болмағаны ғой!

 

Ойынның қалған уақыты да алма-кезек шабуылмен өтті, дегенмен, қауіпті сәттердің дені тылға көбірек қарайлауға мәжбүр болған «Қайрат» қақпасының маңында туындап жатты. Ақыры 86-минутта Сергей Родионов алыстан соғып Убыкин қақпасының кілтін тапты – 4:4. Соңғы минуттарда «Қайрат» жеңіп те кетер еді. Бұрыштамадан соң қонақтар кері қайырған допты Волгин айып алаңының сыртынан теуіп, торға түсірген-ді. Алайда, Марий автономиялы республикасының астанасынан келген қазы Хохряков эпизодқа ешқандай қатысы жоқ Владимир Никитенконың ойыннан тыс қалуын сылтау қылып, өкінішке қарай, голды есептемей қойды.

«Менің сол соңғы минуттардағы голым таза гол еді. Біз ұтуға тиіс едік. Бірақ 4:4 те жаман нәтиже емес. Ең бастысы, біз күшті қарсыласқа қарсы қаймықпай ойнап, онымен терезесі тең өнер көрсеттік. Ойынды жанкүйерлердің осынша жылдан бері ұмытпай жүргені де содан болса керек. «Қайрат» тарихында мұндай есеп болмаған да шығар-ау» деп еске алады матч қаһарманы, кейін танымал бапкер болған Сергей Волгин. Ал былтыр ғана дүниеден озған Федор Черенков бұл матч туралы: «Алматыда жанкүйер жанын рахатқа бөлейтін ойын болғаны рас, есеп тіпті естіген жанды естен тандырарлықтай еді. Бізге жеңіс өте қажет болатын, бірақ, қанша барымызды салсақ та, алаң иелерін жеңе алмадық», – деген екен.

Сөйтіп, біз жоғарыда түсіндіріп өткен ережеге сәйкес, 12-рет тең ойнаған «Қайрат», қандай тамаша футбол көрсетсе де, бәрібір ұпай ала алған жоқ (чемпионат қорытындысында алматылықтар 9-орынға табан тіреді). Ал 10-рет тең түскен «Спартак» та жетіспеді – бір ұпай иеленгенімен, теңдік лимитін түгесті. Оның үстіне, дәл осы турда «Динамо» (Киев) Дондағы Ростовтың «СКА» командасын 4:2 есебімен ұтып, мәскеуліктерден үш ұпай алға кетті. Жыл соңында киевтіктер алтын медаль алса, «Спартак» күміс жүлдені қанағат тұтты.

 

«Қайрат» (Алматы) – «Спартак» (Мәскеу) – 4:4

7 қазан, 1985 жыл. Алматы. Орталық стадион. 10 градус. Жаңбыр. 18 200 көрермен. Төреші Хохряков (Йошкар-Ола).
«Қайрат»: Убыкин, Пасько, Жұманов, Яровенко, Волгин, Никитенко, Шох, Ледовских, Салимов, Нейштетер, Пехлеваниди.
«Спартак»: Дасаев, Сочнов, Б.Кузнецов, Новиков, Бубнов, Сидоров, Е.Кузнецов, Морозов, Русяев, Черенков, Родионов.
Гол соққандар: Сидоров, 6-минут (0:1). Волгин, 30 (1:1). Русяев, 35 (1:2). Пехлеваниди, 44 (2:2). Волгин, 54 (3:2), Сидоров, 64 (3:3). Волгин, 65 (4:3). Родионов, 86 (4:4).
Ескерту алғандар: Нейштетер, Салимов, Родионов.

Авторы: Сәкен Сыбанбай

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға