Жаңалықтар

«Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» Депутат елдегі орташа жалақы 339 мың теңге деген шенеунікті сынады

«Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» Депутат елдегі орташа жалақы 339 мың теңге деген шенеунікті сынады
Фото: t.me/mazhilis_kz 26.04.2023 11:47 2202

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевтің статистика шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

 «Өтірікті сендіріп айтудың өзі өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді маған. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен еш кем түспейміз. Дәл қазір қазақстандықтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасын 1000 теңгенің көлемінде екенін айтады, - дейді Елнұр Бейсенбаев.

Статистика бюросының мәліметінше 2023 жылдың наурыз айына азық-түлік бағасы шамамен 21 пайызға өскенін еске алып өтті.Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр. Кеше бүкіл аймақ бойынша біздің партияның мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалады. Нәтижесінде, пияздың бағасы 350 теңге, қияр мен қызанақ – 1600 теңге, ал жұмыртқаның бағасы 600 теңге. Яғни 1,5-2 есеге дейін, 70-100 пайызға бағаның шарықтағаны байқалады деп айтты.

 Рас, қазір дүкенге баруға қорқасың, баға күн санап өсуде. Мысалы, үш адамнан тұратын отбасы бір апталық тамағына ең кемі 40-50 мың теңгенің арасында ақша жұмсайды. Әлеуметтік жағдайы қиын, көпбалалы отбасылар туралы айтуға қысыласың. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы – 166 мың теңгені құрап отыр. Шынын айту керек, бұл цифрларға қарапайым халық сенбейді. Ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есеге көп болуы мүмкін емес, - дейді депутат.

Ол мемлекет басшысы халқымыздың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтындығын көрсеткен болатын. Яғни, инфляцияның өсуі, экономикалық рисктердің артуы жағдайында аталған кедей халықтың табысы күрт артты дегенге ешкім сенбейді деп отыр.

 Соңғы 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 пайызы, яғни 450 мың адам жұмыссыз дейді.  Қазақстанда жұмыссыздар статистикасы тек халықты жұмыспен қамту орталықтарына арнайы өтініш бергендердің есебінен жүргізітені анық. Сондықтан жұмыссыздардың көбі есептен тасады қалып қояды, - дейді мәжілісмен.

Ол  ресми дерек бойынша жастар арасындағы жұмыссыздардың саны шамамен 80 мың адамды құрайды. Шындығына келсек, осы топтадағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын «NEET» жастардың саны 380 мыңды, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есеге көп деп айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға