Жаңалықтар

Отбасындағы жанжал «әйелдің тілінің ұзындығынан» деген депутат тағы бір мәлімдемесін айтты

Отбасындағы жанжал «әйелдің тілінің ұзындығынан» деген депутат тағы бір мәлімдемесін айтты
Фото: t.me/mazhilis_kz 13.02.2024 17:17 937

Мәжілістің комитет отырысында отбасындағы ұрыс-керіс «әйелдің тілінің ұзындығынан» туындайды деп пікір білдірген депутат Анас Баққожаев неге олай дегенін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутат бұл мәлімдемесі үшін кешірім сұрайтын ештеңесі жоқ деп есептейді.

Мәжіліс кулуарында журналистер депутатқа мұндай мәлімдеме жасау қаншалықты дұрыс деп ойлайтыны туралы сұрады.

Мәжілісмен отбасында әйеліне күш көрсететін ер азаматтардың жазалануын қолдайтынын айтты. Ал жиын барысындағы пікірінде ол психологиялық құралдарға назар аударғанын жеткізді.  

Егер ер адам әйелге физикалық түрде әсер ете алатын болса, әйел де психологиялық түрде әсер етеді. Бұл жерде мұндай жанжал міндетті түрде ұрыс-керіс не күш қолданумен аяқталуы керек дегенді айтып отырған жоқпыз. Зорлық-зомбылықты қолдамаймын. Мен кез келген күш қолдануға қарсымын, - деді мәжілісмен. 

Анас Баққожаевтың пікірінше, отбасылық өмірде әйелдің еркекке психологиялық әсері күшті.

Ер адам жұмыс істеп, ақша тауып, үйге табыс әкелуі керек болса, әйел бала тәрбиелеумен айналысады. Тиісінше, отбасын сақтауда әйелдің рөлі әлдеқайда жоғары. Бұл менің жеке көзқарасым. Әйел мүмкіндігінше сақтауға, яғни жағдайды ушықтырмауға, кез келген жағдайды жақсы аяқтауға тырысса, әрине, отбасы сақталады», - деді ол.

Журналистердің бұл мәлімдемеңіз үшін кешірім сұрайсыз ба деген сауалына «кешірім сұрайтын ештеңесі жоқ» деп жауап берді.

Неге кешірім сұрау керек? Менің ойымша, бұл таза хейт. Сол кезде сөз барысында мен бірден: «кешіріңіздер, әйелдер» дедім. Бірақ мен дөрекі ештеңе айттым деп ойламаймын. Мен өз пікірімді айттым, оған құқығым бар. Оны 10 мыңдаған отбасы үйде талқыласа, менің ойымша, керісінше жақсы болады», -дейді Баққожаев.

Ол өз отбасы мүшелері әйелдің тілі ұзын деген мәлімдемесіне қалыпты қарағанын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға