Жаңалықтар

Отбасында әйелінен зорлық-зомбылық көретін ер азаматтар да бар – депутат

Отбасында әйелінен зорлық-зомбылық көретін ер азаматтар да бар – депутат
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 21.02.2024 11:20 877

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай қоғамда әйелінен қорлық көретін ер азаматтардың құқығы қорғалуы керегін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісте әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды. Депутат заңды талқылау барысында ер азаматтардың да буллингке ұшырайтынын жеткізді.

Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі мәдени институт орын алып жатыр. Солардың санатында, яғни ер азаматтан қысым көрген әйел ғана емес, әйел азаматтардан қысым көретін еркектер де баршылық. Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да бар. Мысалы, біріншіден, біздің буынымыз «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен едік. Қазіргі кезде «мамам біледі», «мамамнан сұрайын», «мамам шешеді» деген балалардың қарасы көбейіп бара жатыр, - деді депутат.

Аманжол Әлтай өзінің туған баласынан қорлық көретін ата-аналардың барына да тоқталды.

Екіншіден, кеше ғана Қарағанды облысында болған 78 жастағы кейуананың баласынан зорлық-зомбылық көруі. Білегінен әл кетіп, бойынан қуат кеткен шағында өзінің туған балаларынан зорлық-зомбылық көретін ата-аналар да көбейіп бара жатыр. Сондықтан сіздерден сұрарым, қоғамдағы ер-азаматтардың құқығы және ата-аналардың құқығы қорғалу мәселесіне қандай жауап бересіздер? Ақпараттық кеңістікте қазақтың ер-азаматтарын, жігіттерін ез, қорқақ, жалтақ қылып көрсететін түрлі контенттердің көбейіп кетуі, комедиялық жанрлардағы фильмдерде көбейіп кетуі нені түсіндіреді, - деді Әлтай.

Бұл мәселеге қатысты заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жауап берді.

Денсаулығына қасақана зиян келтіру және ұрып-соғу баптары еліміздің барлық азаматына қатысты екенін атап өткім келеді. Сондықтан да бұл әйел мен ер-азаматтарды бөлмей, әйелдің де, ер азаматтың да құқығы адамның құқығы деп қарастырылып отыр. Екінші мәселе, Конституцияның 27-бабына сәйкес, балалар өзінің зейнеттегі ата-анасына қамқорлық көрсетуі нақты белгіленген. Бұл тұрғыдан ақпаратты және тәрбиені күшейтуді қажет деп білеміз, - деп түсіндірді Сүлейменова.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға