«Отбасылық Конституция» – ортақ тәртіпке шақырады
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз ерекше. Ол – Бақыт Кішкенебаев. Отбасылық құндылығын дәріптейтін «Отбасы Конституциясын» жазып, ұрпағына ұлттық дәстүрді сіңіруге мән берген тұлға. «Мерейлі отбасы» байқауында осындай ерекшелігімен дараланып, көпке үлгі болды.
– Отбасыңыз жайлы қысқаша таныстырып өтсеңіз...
– Алматы облысы Нарынқол ауданының Шалкөде деген ауылында дүниеге келдім. Әке-шешем соғыс кезінде отбасын құрды. Әкем 63 жасында екі қыздан кейінгі қамшы ұстары болдым. Көп балалы отбасыда ержетіп, қазақи дүниетанымды бойымызға сіңірдік. 1977 жылы шаңырақ көтердім. Жұбайымды 6 сыныптан бері танимын. Шүкір, қазір отбасымда 6 ұл, 21 немерем бар, оның ішінде 11-і ұл бала, ал 10-ы қыз бала. Ең үлкен немерем 22 жаста.
– Мерейлі отбасы байқауы сізді несімен қызықтырды?
– Бұған дейін 1-2 рет теледидардан «Мерейлі отбасы» байқауын көрген едім. Сол кезде «біздің әулет те қатысуға әбден болады ғой!» деп ой түйдім. Кейіннен, екінші келінім «қатысып көрейік» деген ниетін білдірді. Қолдадым. Себебі біздің әулеттің өзіндік ерекшелігі бар. Ол – біздің «Отбасылық Конституциямыз» бар. Осыны барша елге дәріптегім келді. Екінші жағы, өсіп келе жатқан ұрпағымызға «мерейлі отбасымыз!» деген мақтаныш сезімін тудырып, соған сай тәрбиелеген қандай жақсы?!
– «Отбасылық Конституциямыз» бар дедіңіз. Сол жөнінде тарқата айтсаңыз. Жалпы Отбасыңыздың қандай ерекшелігі бар?
– Отбасымдағы ерекшелік – ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені айта аламын. 2001 жылдың 10 қарашасында «Отбасылық Конституция» құруды жөн көрдім. Бұл ережелер жинағы отбасымыздың әрбір мүшесіне ортақ жазылды. Соның ішінде адами қасиеттерді өз бойына сіңіру, қазақ ұлтымызға тән дәстүрлерді дәріптеу мен қалай өзіңді ұстау керек деген құндылықтар қамтылды. 20 пункттен тұратын «Отбасылық Конституцияны» қазіргі кезде 25 пункте дейін ұзарттық. Себебі заман ағымы өзгеріп, балалар арасында ұялы телефондардың қолданылуы белең алғандықтан, біршама өзгерістерді енгізуге тура келді. Ұялы телефонды дұрыс қалай пайдалану керектігі мен ғаламтор желісінде қажетті, қажетсіз ақпараттарды ажырата білу қабілетін дамыту Конституциямыздың «телефонға тәуелділіктен құтылудың 7 жолы» бөлімінде қарастырылды.
– Қандай салада қызмет жұмыс істедіңіз?
– Жоғары оқу орнын Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында тәмамдап, ауылда инженер механик мамандығы бойынша 16 жыл жұмыс істедім. Бұл Кеңес Үкіметі кезеңінде болатын. Кейіннен бәрі құлдырап, совхоздың көбісі тарқап кеткендіктен, бұл жұмыс қажетсіз болды. Сосын қызметімді ауыстырып, өзімнің мамандығым бойынша көлік айдауды үйрететін мектепте сабақ бердім. Жұбайым есепші болды, жеке кәсіппен де айналысты. Балаларымды кішкентай кезінен бастап еңбекке үйреттім. Еш уақытта бос болмау керек деген қағиданы құлақтарына сіңіріп, күн сайын тапсырма беретінмін. Сосын кешке қарай міндетті түрде нәтижесін сұраймын. Бұл әдісім тиімді болып, соның арқасында балаларым кез келген іске епті болып, жауапкершілікке үйренді. Қазір ұлдарым екі жеке компания құрып, құрылыс саласында қызмет етіп жүр. Оларға алғысым шексіз, менің жасым келіп қалған соң, енді олар бар жағдайымызды жасап, көңілімізді аулайды.
– Қазір зейнеттесіз. Бос уақытыңызды қалай белсенді өткізесіз?
– Тауға шығып, серуендегенді ұнатамын. Туған ауылымдағы үйіме жыл сайын жазда 1-2 айға немерелеріммен бірге барып, демалып қайтамыз. Ол жақтың табиғаты көркем, қарағайлы орманы мен таулы жерлері бар. Мұқағали Мақатаевтың мұражайына барып, қызықты тарихи орындарды көріп жатамыз. Немерелерімнің өзі «ата ауылға қашан барамыз» деп
– Бүкіл әулетіңізбен жиі жиналып тұрасыз ба?
– Үлкен әулетпіз. Әр айда балаларымнан бөлек келіндерімнің, немерелерімнің туған күні болады. Сондықтан ай сайын бас қосамыз деп айта аламын. Көбінесе біздің үйде бәріміз үлкен дастархан үстінде жиналып, тойлаймыз. Әсіресе немерелерімнің туған күндерін міндетті түрде қалдырмай, атап өтеміз. Наурыз айында қара шаңырағымызда тіпті 4 рет кездесу ұйымдастырылады. Оның ішінде менің туған күнім, 8 наурыз – әйелдер мерекесі және жұбайымның туған күні бар. Оған қоса айтып кеткен «Отбасылық Конституцияны» қорытындылау мақсатымен жыл сайын 20 наурызда барлық отбасы мүшелеріміз өткен жылы анықталған жұмыс туралы есеп беру үшін жиналамыз.
– Ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлесіз?
– Біздің үйде барлығы ұстануы тиіс бірнеше талап бар. Біріншісі, отбасының әр мүшесі бір-біріне үнемі сыйластықпен қарауы қажет. Жұбайымыз екеуміздің отау құрғанымызға 45 жыл болды. Әлі күнге дейін «сіз» деп қана сөйлесеміз. Халқымызда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген сөз бар. Біз үшін де бұл мақалдың маңызы зор. Отбасымыздың мүшелері бір бірінің атын атамай, тек ағам, әпкем, бауырым, сіңілім дейді. Екіншіден, кез келген адамның бойынан адамгершілік пен әділдік қасиеттері табыла білуі тиіс деп есептеймін. Үшіншіден, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, отбасымда таза қазақ тілінде жақсы сөйлеп, оқу да маңызды талаптардың бірі. Бала-шағама осындай міндеттерді қою арқылы ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлерімізді ұмытпай, келешек ұрпағымның Отанына, тіліне, қазақи болмысына жанашыр болғанын қалаймын. Менің ойымша, бұл мерейлі отбасыға тән тәрбие көрінісі. Қазақтың әрбір шаңырағы үлгілі тәлім беріп, мақтанышпен айтарлық азаматтарды тәрбиелеп жатса, «Мерейлі отбасы» секілді байқаулардан көрінс, шіркін қандай жақсы?!