Жаңалықтар

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Бірер күннен кейін Астана еліміздің бас қаласы ретінде кәмелет жасына келеді.
03.07.2015 12:30 9128

Бірер күннен кейін Астана еліміздің бас қаласы ретінде кәмелеттік жасын тойлайды. Енді ол бозбала емес, әжептәуір есейіп, оң-солын ажырата алатын жағдайға жетті. Он сегіз жыл ішінде Астана және Астанамен бірге оның тұрғындары мәуелі бәйтеректей жайқалып өсіп, тамырын тереңге жіберіп үлгерді. Олай дейтін себебіміз, Астана елорда атанғаннан бергі дүниеге келген сәбилердің алды мектеп тәмамадап жатса, Астанада құрылған шаңырақтардың саны жылдан-жылға едәуір артып келеді. Астаналық жанұялар туралы жобамыздың келесі кейіпкерлері – Сырдың сырбаз жігіті, дәлірек айтқанда, жігіт ағасы,  «Егемен Қазақстан» газеті редакциясында жауапты хатшының орынбасары, журналист Амангелді Алдоңғарұлы мен Ақтөбелік аққұба жеңгей, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Қаржы» кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты Гүлжиһан Кеңесқызы. Тағдыр табыстырған жандардың қалай танысқаны туралы өздерінен баяндап беруін сұраған едік. Сонымен...

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Амангелді Қияс: Негізінен Сырда туып, қырда өскен азаматтардың бірі менмін. Мақтанғаным демессіздер, Астанаға қаланың Целиноград атанып тұрған кезінде, сонау 1991 жылы тұңғыш рет табаным тиген екен. Өз курстастарымыздың арасында «Кеңес Одағын күйретіп, Ақмолаға тәуелсіздікті алып келген біздерміз!» деп күшейетінбіз.)) Содан бері Ақмола, одан Астана атанған шаһар көз алдымда өсіп, көркейіп жатты. Әрі Астананың алғаш тұсауы кесіліп жатқан тұста мен қалалық газетте тілші қызметін атқарып жүрген едім. Содан да шығар әрбір жетістігі тура кешегідей көз алдымда сайрап тұрады. Сол жылдарда бас қаламен біте қайнасып, бірге жасасып ғұмыр кештім. Бүгінгі елордадағы ептеп қол жеткен жақсылықтарым болса, оның түп қазығы сол кезде қағылған еді деп есептеңіздер. 

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Гүлжиһан Кеңес: Ал, мен Астанаға 2011 жылы келдім. Алматыда аспирантурада оқып, диссертациямды табысты қорғап, Астанаға Білім және Ғылым министрлігінен дипломымды алуға келген едім. Менің Астанадағы өмірім осылай басталды. Әр қаланың менің жүрегімде өз орны бар. Ақтөбеде мектепте, одан кейін жоғары оқу орнында білім алып, ата-анамның тәрбиесі мен қамқорында болып, туған үйімде, туған қаламда қонақ есебінде еркелеп өстім. Одан кейін оқуымды жалғастыру үшін нағыз білім мен ғылымның ордасы, аспиранттар қаласы - Алматыға жол тарттым. Алатаудың бөктерінде орналасқан әсем шаһар асқар тауымен, әсем табиғатымен, жарқын жүзді адамдарымен менің жүрегімді мәңгі жаулап алды. Ал, Астанаға дипломдарыма қол жеткізген соң, енді одан әрі маман ретінде дамып, алдыма басқа мақсаттар қойып, өз еліме, соның ішінде, білім саласына еңбек етіп, өз үлесімді қосу үшін және болашақ отбасым мен балаларым ел ордасы Астанада болсын деген тілекпен келдім.

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Амангелді Қияс: Біздің таныстығымыз ең алдымен, Алланың бұйрығымен, содан кейін бір-бірін мүлдем танымайтын, білмейтін адамдардың кездейсоқ таксиде кездесуінде, біздерді таныстыру мақсатында екеуміздің визиткаларымызды ауыстыруынан басталған. Ең қызығы, ол таныстырушы адамдар біздердің бірін-бірі танитын ортақ адамдарымыз бар екенін білмеген.

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Гүлжиһан Кеңес: Біздің таныстығымыздан бастап осы күнге дейін әлі орын алып жатқан сәйкестіктердің болуының өзі махаббатқа ұласуына себептер болып саналады. Атап айтқанда, біз екеуміздің туған күндеріміздің арасы 3 күн, ал, туған жылдарымыздың аралығы – 7 жас. Үлкен шаңырақта туып-өскен 6 ұлдың 5-еуінің қосылған жан-жарларымен жастарының айырмашылығы да 7 жастан. Бұл өмірде кездейсоқ ештеңе жоқ, бәрі тағдырдың жазғаны екеніне күннен күнге көз жетуде. Екеуміздің жүрген жерлеріміз де, өткізген уақыттарымыз да сәйкес келеді, бір ауданда тұрып, бір көшенің бойында жүргенбіз, біріміз қызмет атқарып жүрген оқу орнына екіншіміз оқуға құжаттар тапсырғанбыз, бірдей сауда дүкеніне барып, бірдей жерлерде уақыт өткізгенбіз. Тағы бір мысал, ең бірінші Астанаға машинамен келіп, алғашқы таныс адаммен кездесіп, амандасып, тоқтап тұрған жеріміз де болашақтағы тұрақты мекеніміз сол №10 үйдің қасы екен.

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Амангелді Қияс: Алдымен, тағдырдың жазуымен, бізге бұйырған 6 маусым күні АХАЖ бөліміне заңды некеге тұру үшін өтініш жазыппыз. Заң бойынша 1 айдан кейін, яғни, Астана күні некемізді тіркеуге байланысты АХАЖ қызметкерлері жасаған ұсыныстары бізге ұнап, ойланбастан өз келісімімізді бердік. Өйткені, отбасымызға ең маңызды күнді осы мейраммен ұштастырып, осы күнді жылда бірге атап, Астанамыз да, отбасымыз да мың жасасын деген тілекпен, жылда жас шаһармен бірге мейрамдап жүреміз деп мәз болдық. Сонымен қатар, некелесу күніміз ерекше және әдемі өткізілетініне сендік. Сол күні Астана қаласы өзінің 15 жылдығын ерекше салтанатпен атап өтіп жатты. Қос аққудай қатар жүзген 38 жұптың ортасында некеге тіркеудің әртүрлі рәсімін өткіздік. Барлық таныстарымыз, туысқан-бауырларымыз, дос-жолдастарымыз да бұл күні мейрамдағанда, біздің отбасымыздың да мейрамы екенін ұмытпайтын болады. Бұдан соң айтар тағы бір сәйкестігіміз, әр қуанышымыз бүкіл елдің жаппай тойлайтын мереке күндерімен тұспа-тұс келіп, қос тойымыз қабат аталынып отырды. Мәселен, ел-жұрт әз-Наурызды тойлап жатқанда бізде құда түсіп, сырға салу жоралғылары өтіп жатты. Ал, Ақтөбе қаласында өткен ұзату тойы ел ерекше ықыласпен атап өтетін Жастар күні мейрамымен дәлме-дәл келді. Үйлену тойымыздың Астана күнінде аталып өткендігін алдында да айтып өттік. Ал, ең үлкен қуанышымыз – ұлымыз Адияр Алланың қалауымен тұп-тура Елбасымыз таққа қонған 1 желтоқсан күні дүниеге келді. Сөйтіп, ел-жұрт Рождество мерекесінде демалып жатқанда біз ұлымызды қырқынан шығарып дүркіреп жаттық. Міне, осылайша айтулы күнде бас қосқан біздер, шаңырағымыздағы әрбір қуанышымызды екі еселеп алған жайымыз бар. Біз бір жағынан осыған да қуандық.

Отбасы - мәуелі бәйтерек

Гүлжиһан Кеңес: Отбасының тыныштығын сақтап, берекесін арттыру үшін әрбір отбасы мүшесі барынша қолынан келгенше өз үлесін қосу керек, яғни, керісінше отбасының тыныштығын бұзбауға, берекесін алмауға бар ақылын, мінезін, салмақтығын, сабырлығын салу керек. Оған қоса, жаныңдағы жандардың әрбір жағдайын жасап, ауыртпалығын жеңілдетіп, әрқашан және үнемі бір-біріне демеу болып, көмектесіп отыру керек, яғни, бір-біріне жақсылық жасаудан жарысу керек. Отбасының әрбір күнін мән-мағыналы өткізуге тырысып, артымызда иманды, тәрбиелі және саналы ұрпақ қалдыру үшін оларға үлгі бола алатындай өмір сүріп, ешкімге ренжімей, ешкімді ренжітпей, неғұрлым көп адамға көмек көрсетіп, сауапты істерге көп ұмтылу керек деп санаймыз.

 Отбасы - мәуелі бәйтерек

Міне, оқуын оқып, қызметін жасап жүріп Астанада танысқан ағай мен жеңгей өзге жас отбасыларға үлгілі жанұя. "Отбасы - мәуелі бәйтерек", деп жатады, ендеше бәйтерегіміз тамырын тереңге тартып, жайнап, құлпыра берсін!


Материалды әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға