Бүгін елордада Президент Жолдауына орай «Отбасы басты назарда: қазіргі сын-тегеуріндер мен бағдарлар» тақырыбында «SARAP» эксперттік клубының отырысы өтті.
Іс-шараны Қазақстандық қоғамдық даму институты Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жиында сарапшылар отбасы институтының рөлі, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістер, демографиялық үрдістер мен жастардың қоғамдағы орны сияқты мәселелерді талқылады. Қатысушылар сондай-ақ отбасылық құндылықтардың трансформациясы, балалардың цифрлық қауіпсіздігі, жасанды интеллектінің ықпалы және гендерлік саясаттың отбасы саясаты аясындағы маңызына тоқталды.
Алғашқы сөз сөйлеген Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Бекзат Рахимов Жолдауда адами капиталды дамытудың басты басымдық ретінде айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, отбасы – қоғамның берік іргетасы, сондықтан демографиялық үрдістерді зерттеп, ұзақмерзімді шешімдер қабылдау қажет.
Сарапшы Гүлдана Өтеулина қазіргі замандағы отбасылық дәстүрлердің өзгеру үрдісін сөз етсе, демография бойынша ұлттық эксперт Аяулым Сағынбаева балалар өлім-жітімі статистикасына назар аударды. Ал «Жас Ұлан» ұйымының төрайымы Ақнұр Тұрдалиева жастар арасындағы skills mismatch мәселесін шешу үшін Жолдаудағы білім беру бастамаларының маңыздылығын айтты.
Жиын қорытындысында отбасы институтын нығайтуға бағытталған ұсыныстар айтылып, сарапшылар отбасылық саясаттың өзектілігін тағы бір мәрте айқындады.

