Жаңалықтар

Отбасы банк ұлттық даму институтына айналады

Отбасы банк ұлттық даму институтына айналады
Фото: Pixabay 26.11.2024 03:42 391

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Бұл заң Отбасы банкіне ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) ұлттық даму институты мәртебесін және оған тұрғын үй кезегін орталықтандырып жүргізу құқығын береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отбасы банкіндегі бұл инновациялар 6 ай өткеннен кейін толық жұмыс істей бастайды. Бұл өтпелі кезең заңмен анықталған.

Осы уақыт ішінде әкімдіктер тұрғын үй кезектерін банкке беруі тиіс. Сондай-ақ, банк осы кезеңде "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" ақпараттық жүйесін іске қосады. Банк ұлттық даму институты болғаннан кейін азаматтардың өздерін кезекке қою туралы барлық өтініштері осы ақпараттық жүйе арқылы онлайн-форматта қабылданатын болады.

Қазірдің өзінде банк 8 мемлекеттік деректер базасымен интеграция жасаған, болашақта олардың саны ұлғаяды. "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" жүйесі өтініш берген азаматтардың жылжымайтын мүлкі бар-жоғын автоматты түрде тексеруге, олардың отбасылық жағдайын тексеруге, тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесі мен санатын растауға және т.б. мүмкіндік береді.

Автоматтандыру тұрғын үйге кезекке қоюдың ашықтығын қамтамасыз етеді және адами факторды болдырмайды.

Отбасы банк ұлттық даму институты болып қайта құрылғаннан кейін қалай жұмыс істейді:

  • банк ҚР Ұлттық банкі мен ҚНРДА реттеуімен екінші деңгейлі банктер жүйесінде қалады;
  • банк ҚДКБҚ депозиттеріне кепілдік беру жүйесінде қалады. Бұл дегеніміз, қазақстандықтар жинақтардың тұрақтылығына және депозиттердің сақталуына сенімді бола алады;
  • банк тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыруды жалғастырады. Яғни, ол бұрынғы режимде барлық қазақстандықтарға қолжетімді заемдар беруін жалғастырады. Сондай-ақ, банк баспана кезегінде тұрған азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жеңілдетілген заемдар беретін болады. Сонымен қатар банк жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау жөніндегі тетікті де іске асыруды жалғастырады. 

Ұлттық даму институты болып қайта құрылғаннан кейін Отбасы банкінде қандай қосымша функциялар пайда болады:

  • банк кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық базасын жүргізеді және өзектендіретін болады;
  • банк "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының" (жаңа кезек) электрондық базасын қалыптастырады, жүргізеді және өзектендіреді;
  • банк коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан ЖАО жалға алған тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды.

Ұлттық даму институты бола отырып, Отбасы банк кезекте тұрғандардың қазіргі бірыңғай республикалық базасын жүргізіп, "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" арқылы тұрғын үйге мұқтаждардан жаңа өтінімдерін қабылдайтын болады. Бұл Baspana market (otbasybank.kz) порталында жүзеге асады. Онда ЭЦҚ көмегімен қол қойып, авторизациялаудан өтіп, өтінім беру қажет болады.

Тұрғын үйге мұқтаждар тізіміне тек екі өлшемге сәйкес келетін қазақстандықтар ғана ене алады – егер оларда соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үй болмаса және олардың жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылса.

Болашақта банк есепке қою күні мен жылына негізделетін болады. Бұл ретте бір жылдың ішінде тұрғын үйдің жалпы көлемінің кемінде 70% мемлекеттік қолдау шеңберінде тұрғын үй мәселесін шешуге бірінші кезектегі құқығы бар азаматтар санаттарына берілетін болады. 

Мемлекеттік қолдау шеңберінде тұрғын үй мәселесін шешуге бірінші кезектегі құқық:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының және басқа мемлекеттер аумағында жауынгерлік іс-қимылдар жүргізген ардагерлерге теңестірілген ардагерлер;
  • жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар;
  • мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • жесірлер. 

Не себепті азаматтарды тұрғын үй кезегіне тұрғызбауы мүмкін:

  • егер соңғы бес жыл ішінде меншік құқығында тұрғын үйі бар немесе болған жағдайда;
  • егер азаматтың пайдалануында мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй болса;
  • ұсынылған құжаттарда және (немесе) мәліметтерде дәйексіз деректер болған жағдайда;
  • егер азамат бұрын мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алған және жекешелендірген жағдайда;
  • егер азаматтың апатты деп танылады жалғыз тұрғын үйі болса, бірақ ол басқа елдімекенде орналасса. Мысалы, апатты деп танылған тұрғын үй Алматы облысында орналасқан, ал азамат Алматы қаласында кезекке тұруға талпынуда;
  • егер мемлекет қолдауымен ипотекалық заемдарды пайдалана отырып, меншікке тұрғын үй сатып алса.

Сондай-ақ, мұқтаждар жандар арасында тұрғын үйді бөлу есепке қою күніне ғана емес, сонымен қатар табыс деңгейіне де байланысты жүзеге асырылатын болады. Мысалы, егер отбасының әрбір мүшесіне шаққанда табыс бір күнкөріс минимумын немесе 43 407 теңгені құраса, оған тұрғын үй немесе жергілікті атқарушы органдардың жалға берілетін тұрғын үйі үшін жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау ұсынылатын болады. Егер табыс көрсетілген минимумнан жоғары болса, онда оған ең төменгі бастапқы жарнасы бар және жылдық 2%-дан (ЖТСМ 2%-дан 2,1%-ға дейін) 9%-ға (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8%-ға дейін) дейінгі мөлшерлемелер бойынша тұрғын үй бағдарламалары ұсынылатын болады.

Жаңа заң аясында жергілікті әкімдіктер жеңілдетілген шарттармен берілетін әлеуметтік тұрғын үй салумен айналысуды жалғастырады. Сондай-ақ, олар болашақта тұрғын үйге мұқтаж адамдарға үлестіру үшін құрылыс салушылардан дайын пәтерлерді сатып ала алады. Бұл шара қазақстандықтарды жеке шаршы метрлерімен қамтамасыз ету мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік береді. Азаматтарды қолдау үшін жергілікті әкімдіктер тұрғын үй сертификаттарын ұсынады - бұл азаматтарға ипотекалық тұрғын үй заемдары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін берілетін төлемдер.

Отбасы банк ұлттық даму институтына ауысқан сәтке дейін жергілікті әкімдіктер тұрғын үйге мұқтаждарды есепке қоюды жалғастырады.

Отбасы банк жеңілдетілген заемдар беру және мемлекеттік қолдау процестерінде толық ашықтықты қамтамасыз етеді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың және мемлекеттің қолдауымен өзінің тұрғын үй мәселесін шеше алған азаматтардың тізімдері соңғы 2 жыл ішінде банктің ресми сайтында жарияланатын болады.

Болашақта тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың тізімдерін түгендеу тоқсанына 1 рет жүргізілетін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға