Жаңалықтар

Отбасы – маңызды бағыт

Мемлекет отбасы институтына қалай қолдау көрсетіп жатыр?
Отбасы – маңызды бағыт
06.09.2019 14:00 10156

Инклюзивті қоғам құрып, отбасы мен бала институтын қолдау – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында аса мән берілу керек бағыттардың бірі болып табылады.

Комитет қандай бағыттарда жұмыс жасап жатыр?

2018 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар саясатына ерекше мән беріп, қазақстандық қоғамды жаңғырту процесіндегі отбасы рөлін айқындау үшін  «Жастар және отбасы істері» комитетін құрған болатын. Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтып кеткен екінші бағыт бойынша бұл комитет қызу жұмысқа кірісіп кетті.

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің айтуынша, комитет негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жасап жатыр:

«Оның біріншісі – нақты атқарар істердің бағыты (ажырасу профилактикасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, отбасы институтын методикалық қамтамасыз ету) анықталды. Ал екінші бағыт бойынша гранттық қаржыландыру негізінде 1 116,5 млрд. теңгеге 18 жоба іске асырылуда. Қазір өкінішке қарай, жастар арасындағы ажырасу оқиғалары жиілеп кетті. Осы мәселенің алдын алу үшін  «Бақытты отбасы» жобасының аясында отбасы соттары жанынан еліміздің сегіз қаласында отбасыларды ресурстық қолдау орталықтары ашылды. Олардың әрбірінде психологтар, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлер азаматтарға тегін кеңес береді. Осы уақытқа дейін орталықтарға 600-ден астам адам жүгінген. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 250 отбасы қайта табысу туралы шешім қабылдаған», – деді ол.

Мадияр Дүйсенбайұлының айтуынша, екінші бағытқа кіретін тағы үлкен мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. 2019 жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша 497 құқық бұзушылық орын алып, 353 қылмыстық іс қозғалған.

«Отбасы академиясы» отбасын кешенді қолдау орталығы» қоғамдық қоры «ÓNEGE» жобасы іске асырып отыр. Сонымен қатар, министрлікпен бірлесе отырып, халықты отбасы-демографиялық ақпараттармен қамтамасыз ету үшін «Жанұя» мобильді қосымшасы әзірлену үстінде. Ал үшінші бағыт ­– ­«Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын» іске асыру бойынша алғашқы кезеңді аяқтап отырмыз» деді М.Қожахмет.

Дәл осы ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында отбасы саясатына көп мән берілгендіктен, Ұлттық комиссия ата-аналар қоғамдастығының балаларды тәрбиелеудегі рөлін түбегейлі арттыру міндетін алға қойып, жұмыстың жүйелі түрде өңірлерде жүргізілуін қамтамасыз етіп отыр. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен бұл істе аймақтарда ұйымдастырылған Ақсақалдар кеңестері мен Әжелер кеңестерінің пайдасы орасан екенін айтады.     

«Ұлттық комиссия өнегелі әкелерді ұлықтайтын іс-шараларға аса үлкен мән береді. Осы тұрғыда, бала тәрбиесінде әкенің беделін одан әрі арттыру үшін аса белсенді әкелердің күшімен «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі және өңірлерде өкілдіктері құрылды. Еліміздің 12 жетекші жоғары оқу орны жанынан қыздарды ұлттық дәстүрлер мен ілгерішіл зайырлы құндылықтар негізінде тәрбиелеуге жәрдемдесетін «Қыз Жібек» атты клубтар құрылды», дейді ол.

«Мерейлі отбасы» байқауы мәреге жетуге жақын

Елімізде отбасы мәртебесін арттырып, адамгершілік, рухани құндылықтарды нығайтып, дәстүр-дағдыларды өскелең ұрпаққа ұғындырып, жанұяның жағымды имиджін насихаттау мақсатында 2013 жылдан бері «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келе жатқаны белгілі.

ҚР Парламентінің Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен республикамызда алтыншы рет өткізіліп жатқан байқауға  жалпы  15 197 отбасы қатысқанын айтты.

«Оның 62% (9402 отбасы) ауылдық жерлерде тұрады. Қатысушылардың  36,3% - көпбалалы отбасылар, 18% - жас отбасылар, 17% - еңбек династияларының өкілдері болып табылады. Жыл сайын конкурсқа құрамында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тың еңбеккерлері бар отбасылар, сондай-ақ спорттық, шығармашылық, зияткерлік және ғылыми жетістіктерге жеткен отбасылар белсенді қатысты. Биылғы жылы қатысушылардың 80% көпбалалы, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтайтын, үлгілі тәрбиесімен ерекшеленетін өнегелі отбасылар.  Жылдан жылға қатысушылардың саны ұлғайып келеді» дейді Л.Сүлеймен.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов осы жобаның өту кезеңдері мен әр облыстың жеңімпаздарына тоқталып, өткен сайыстарда мәртебесі биік болған отбасыларды атап өтіп:

«Мерейлі отбасы» жобасы ел азаматтары үшін  жыл сайын өтетін дәстүрлі оқиғаға айналды. Жоба арқылы қызықты тарихы бар әулеттермен танысып, олардың жеткен жетістіктерімен бөлісіп, барлық қазақстандықтарға үлгі етуге мүмкіндік ашылды», деді.

Е.Рамазановтың сөзінше, барлық финалистер арнайы комиссияның дауыс берумен таңдалған. Байқаудың нәтижесі жалпыхалықтық sms және интернет дауыс беруден соң белгілі болады. 30 тамызда басталған дауыс беру кезеңі 6 қыркүйек күні өз мәресіне жетпек. Айтпақшы, сіз де мына сілтемеге өту арқылы өз дауысыңызды бере аласыз. Жеңімпаздың есімі 7 қыркүйек «Отбасы күніне» орай белгілі болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға