Отандық жиһаз өндірісінің бәсекеге қабілеті қалай?
Қазақстандағы жиһаз жасау өндірісі жыл сайын қарқынды дамып келеді. Кәсіппен айналысуға ниеті бар іскер азаматтар мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер алып, кәсібін кеңейтуде. Өскемен қаласында кәсібін дөңгелетіп отырған Наурызхан Амандос жиһаз өндірісін дамытуда.
- Жиhаздың қандай түрін шығарумен айналысасыз?
- Қазір адамдардың таным-талғамы артып, жайлы өмір сүруге талпынуда. Сондықтан оған сәйкес, дайын тауарды емес, тапсырыспен жасалатын жиһаздың қатты түрін дайындаймыз. Тұтынушылар ғимараттың көлеміне байланысты биіктігі мен еніне қарай тапсырыс береді. Кейінгі жылдары трансформер жиһаздарға сұраныс артып келеді. Жиһазды тапсырыспен өндіретіндіктен, сатып алушының талап-тілегін ескереміз.
- Компанияда қанша қызметкер жұмыс істейді?
- Тапсырыс қабылдап, оны орындайтын үш қабатты тұратын шеберханамыз бар. Онда шамамен 50 шақты қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында жиhаз өндіріп, орнатумен айналысатын жұмысшылардан бөлек, менеджер, есепші, дизайнер, аспаз, күзетші, жүргізуші, электрик те қызмет етеді.
- Жиhаз өндіруге арналған материалдарды қайдан алдырасыз?
- Бір өкініштісі, Қазақстанға жиhаз өндіруге қажетті материалдың барлығы дерлік сырттан келеді. Біз кәсіпкер ретінде шетелден келетін өндіріс тауарларын алуға мәжбүрміз. Көп жағдайда қажетті материалды Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Өскемен қаласынан алдыртамын.
- Жиhаз жасау өндірісімен айналысып келе жатқаныңызға неше жыл болды?
- Кішкентай кезімнен бастап жиhаз өндіру саласына қызығатынмын. Жазу-сызу арқылы жаңа дүниені ойлап табуды ұнататынмын. Сөйтіп, 2008 жылдан бастап жиhаз өндірісіне тікелей араласып, оны құрастыруды үйрендім. Оның қыр-сырын меңгергеннен кейін барып 2011 жылы өзімнің жеке жиhаз өндіріп, сататын шеберханам мен дүкенімді аштым.
- Қала бойынша қанша дүкеніңіз бар?
- Біздің үш қабатты ғимараттың екінші қабатында дайын жиһаз өнімдері тұтынушыларға ұсынылады. Нарық заңдылығына сай әркім өзіне ұнаған жиһазын таңдай алады. Әзірге тек бір дүкеніміз жұмыс істеп тұр.
- Ондағы жиhаз өнімінің бағасы қолайлы ма?
- Әлеуметтік жағдайы орта санаттан төмен тұтынушылар үшін қымбат болуы мүмкін. Дегенмен біздің жиһаздар Астана, Алматы сияқты қалалармен салыстырғанда едәуір арзан. Тұтынушы неғұрлым сапасы жоғары тауарға тапсырыс берген сайын, соғұрлым оның құны да арта түседі.
- Жиһаз өндірісінде қай елдің өніміне сұраныс жоғары? Оның себебі неде?
- Ресей және Беларусьтың жиһаз өніміне сұраныс бар. Өйткені олардың бағасы қолжетімді әрі сапасы жоғары. Сондықтан тұтынушылардың басым көпшілігі сол елдердің жиһазын сатып алады. Бұл Қазақстанның жиһаз өндірісі бәсекеге қабілетті емес дегенді білдірмейді. Біздің де тауарлардың сапасы жоғары, бағасы да қол жетімді.
- Үкімет кәсіпкерлерді қолдаудың кешенді жобаларын қарастыруда. Сіз қандай қамқорлық көрдіңіз?
- Кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан жақсы қолдау көрсетілуде. Өз басым былтыр 6 пайыздық несие алып, 2000 шаршы метр жеке ғимаратты сатып алдым. Оны қазір шеберхана ретінде пайдаланып отырмыз. Бұл кәсіпкерлерге берілген үлкен мүмкіндіктің бірі. Себебі мұндай пайыздық жеңілдік берілменгенде, несиені 18 пайыздық үстемемен алуға тура келетін еді.
- Қазақстандағы жиhаз өндірісіне деген бәсекелестік қаншалықты жоғары?
- Бізден шығатын жиһаз сапасы жағынан шетелмен салыстырған еш қалыспайды. Тек бір кемшілігі – конвейерлік таспамен жасалатын жиһаз өндірісінің кенже дамуында. Себебі бізде шетелмен салыстырғанда тұтынушы саны аз болғандықтан, ондай жиһаз өндіретін зауытты салудың өзі көп қаражатты талап етеді. Болашақта жиһаз өндіру кәсібі жоғары деңгейге көтеріледі деген сенімім мол.
- Сұхбатыңызға рахмет!