Отандық ЖИ-жоба Ұлыбританиядағы сертификаттау нарығын трансформациялауда
Қазақстандық TrustExam.ai IT-компаниясы (жергілікті нарықта Oqylyq.kz брендімен белгілі) Ұлыбританияның кәсіби жүргізушілерді даярлау саласындағы жетекші ұйымы – Driving Instructors Association (DIA) қауымдастығымен стратегиялық серіктестік орнатты. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлады.
Келісімге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен, 2025 жылғы маусымда өткен London Tech Week халықаралық технологиялық көрмесі аясында қол жеткізілді. Аталған шараға 90-нан астам елден 45 мыңнан аса қатысушы жиналған болатын.
TrustExam.ai компаниясы Қазақстанның ұлттық стенді аясында питч-сессиялар өткізіп, Ұлыбританияның жасанды интеллект және финтех саласындағы көшбасшыларымен тікелей байланыс орнатқан. Нәтижесінде компанияның Ұлыбританиядағы сертификаттау нарығына шығуына және DIA ұйымымен әріптестік орнатуына жол ашылды.
Жаңа серіктестік Ұлыбританиядағы көлік және мотоцикл жүргізушілеріне арналған теориялық емтихандар жүйесін цифрлық трансформациялауға бағытталған. Жасанды интеллект технологияларының енгізілуі емтиханның әділдігі мен объективтілігін қамтамасыз етіп, тестілеу процесін жылдам әрі ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл шешім кандидаттар үшін күту уақытын қысқартып, икемді кесте ұсынады және жүргізуші куәлігін алу жолындағы кедергілерді азайтады. Ал емтихан орталықтары үшін өткізу қабілетін арттырып, сапаны сақтауға жол ашады.
DIA-ның бас атқарушы директоры Карли Брукфилд жаңа серіктестіктің маңызын атап өтті:
DIA практикалық емтихандар мен нұсқаушыларды кәсіби даярлау сапасы бойынша жоғары стандарттарды ұстанады. TrustExam.ai компаниясымен жаңа серіктестік арқылы біз жүргізуші куәлігін алуға немесе нұсқаушы болуға үміткерлердің біліктілігін бағалауға арналған бұрынғыдан да сенімді, тиімді және ыңғайлы шешімдер ұсына аламыз, - деді ол.
Айта кетейік, TrustExam.ai – Стэнфорд университетінің StartX стартап-экожүйесіне мүше Қазақстандық AI-платформа. Қазіргі таңда ол жыл сайын 2 миллионнан астам қолданушыға қызмет көрсетіп, мемлекеттік органдарға, университеттерге және емтихан орталықтарына академиялық адалдықты қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ал Driving Instructors Association (DIA) – Ұлыбританиядағы ең ірі жүргізуші нұсқаушылар қауымдастығы. Қауымдастық сала мүдделерін қорғап, нұсқаушылардың кәсіби дамуына қолдау көрсетеді. DIA құрамындағы Diamond Advanced Motorists бөлімі халықаралық деңгейде танылған бренд болып саналады.

