QJ League

Отандық жасөспірімдер «Атлетико Мадридпен» кездесу алдында дайындығын пысықтады

Алматыда футболсүйер қауым асыға күткен маңызды ойын өтеді. 23 тамыз күні QJ League All-Star жасөспірімдер құрамасы әлемнің жетекші футбол академияларының бірі саналатын «Атлетико Мадрид» U-18 командасымен өзара кім мықтыны анықтайды. Кездесу сыйымдылығы 2600 көрерменге арналған «Хан Тәңірі» стадионында өтеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Дайындық пен ашық жаттығу

Ойын алдында QJL All-Star құрамасы ашық жаттығу өткізіп, жанкүйерлеріне даярлық деңгейін көрсетті.

Отандық жасөспірімдер «Атлетико Мадридпен» кездесу алдында дайындығын пысықтады

Ал QJ League All-Star командасының бас бапкері Игорь Солошенко ойынға дайындық жоспарлы түрде өткенін атап өтті:

Дайындықты 13 тамыздан бастадық. Балақайлардың бір бөлігі 13-інде ойын өткізіп келді, қалғандары 14-15 күндері қосылды. 15-16 тамыздан бастап толық құрамда жаттығуға кірістік. Фитнес пен тактиканы ұштастырып, үлкен көлемді жұмыс атқардық. Жаттығу екі мезгілден тұрды, қарқыны да жоғары болды. Барлық жағдай жасалды: қонақүй, тамақ, медициналық және аналитикалық қолдау – бәрі бізге көмектесті. «Атлетиконың» былтырғы ойындарын талдап, Нидерланд турнирінен бейнежазбалар алдық. Қажетті түзетулер енгізіп, ойыншылар дұрыс қабылдады. Ертең біз ең үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз.

Солошенко қарсыластың мықтылығын мойындай отырып, бұл ойын жастар үшін баға жетпес тәжірибе болатынын айтты.

Отандық жасөспірімдер «Атлетико Мадридпен» кездесу алдында дайындығын пысықтады

Испан мектебі – әлемдегі ең мықтысы. Бірақ дәл сондықтан бізге өзімізді сынау қызық. Жігіттердің ынтасы зор. Психологиялық тұрғыдан да бәрі дұрыс, бізде кәсіби психологтар бар. Сондықтан бәріміз сенімдіміз, - дейді жаттықтырушы.

Құрама мен ойыншылар

QJL All-Star сапында Қазақстанның әр өңірінен іріктелген жасөспірімдер өнер көрсетеді. Қақпашылар қатарында Санжар Рахматиля («Тараз»), Мадияр Төлеубек («Ертіс») және Махмұджан Сұңғатуллин («Жас Қыран») бар.

Қорғаныс шебін Хасен Артурұлы («Ақтөбе»), Марк Богачев («Ақтөбе»), Сәкен Айтмұхамбет («Ертіс»), Әлімжан Әбдіқалық («Ертіс»), Әлихан Жексенбек («Астана»), Әли Әскербеков («Астана»), Василий Леонтьев («Шахтер»), Матвей Борисов («Атырау»), Нариман Асубек («Тараз») сынды жас ойыншылар толықтырса, жартылай қорғаушылар тізімінде Азамат Мұсаев («Ақтөбе»), Роберт Асрян («Ақтөбе»), Руслан Рахметов («Ертіс»), Даниал Назаров («Астана»), Алан Азамат («Астана»), Глеб Макридов («Шахтер»), Найман Сатенов («Шахтер»), Ален Ташенов («Каспий») секілді таланттар бар.

Шабуыл шебінде Виталий Латурнус («Ақтөбе»), Ален Пак («Астана»), Мақсат Абраев («Астана»), Илья Гезик («Шахтер»), Дінмұхаммед Махмұдов («Ордабасы») сынды ойыншылар өнер көрсетпек.

Бас бапкер: Игорь Солошенко («Шахтер»).

Жаттықтырушылар штабы: Асылбек Қапанов («Жас Қыран»), Ербол Мұсабаев («Астана»), Искандер Геймат («Ордабасы»), Дәулет Базарбаев («Хан-Тенгри»), Әлішер Артиков («Ордабасы»), Станислав Ведлер («Шахтер»).

Отандық жасөспірімдер «Атлетико Мадридпен» кездесу алдында дайындығын пысықтады

Айта кетерлігі, лигадағы 12 клубтың 9-ы өз ойыншыларын қатыстырса, «Қайсар», «Тобыл» және «Қайрат» турнирден бас тартқан. Әсіресе алматылық команданың болмауы көпшілікті таң қалдырды. Бұл туралы лига ресми мәлімдеме жасап, «Қайраттың» ойыншылары басқа жарыстарға қатысатындықтан, команда басшылығы осындай шешім қабылданғанын хабарлады.

«Қайрат» ФК тарапынан клубтың бас директоры А. Есімов қол қойылған футболшыларды беруден бас тарту туралы хат келіп түсті. Бас тарту себебі ретінде аталған ойыншылардың матчқа дайындық кезеңінде «Қайрат» ФК-ның жаттығу процесіне және Бірінші лига ойындарына қатысатыны айтылды. Сонымен қатар, «Қайрат» ФК лигада «құрама» командаларға ойыншылар шақыруға қандай да бір құқықтық негіздің жоқтығын атап өтті, - деп мәлімдеген лига.

Футболшылар мен сарапшылардың пікірі

QJ League-тің медиа-амбассадоры, бұрынғы футболшы Баламырза Әлиев құраманың жеңіске жететініне сенімді. Ол кездесу тағдыры пенальтиде шешіледі деп болжап отыр:

Жаттығу өте жақсы өтті. Балалардың аздап толқуы бар, ол қалыпты нәрсе. Бірақ бұл – үлкен мүмкіндік. Өз басым біздің балалар жеңіске жетеді деп сенемін. Негізгі ойын тең аяқталуы мүмкін, бірақ пенальтиде біз жеңеміз.

Рас, бұл матч – қазақ футболының болашағын көрсетуге үлкен мүмкіндік. Жас ойыншыларға халықаралық тәжірибе жинауға, ал скауттарға жаңа есімдерді ашуға жол ашады. Бұған былтыр Сербияның «Црвена Звезда» клубымен өткен ойында мергендігімен көзге түскен Дастан Сәтпаев дәлел.

Отандық жасөспірімдер «Атлетико Мадридпен» кездесу алдында дайындығын пысықтады

Құраманың шабуылшысы, «Астана» ойыншысы Мақсат Абраев та дайындық жоғары деңгейде өткенін айтты:

Командамен бірге 10 күн жаттығып, жақсы қалыпқа келдік. Мұндай деңгейдегі матчқа алғаш рет қатысқалы отырмыз. Бірақ қорқыныш жоқ. Бізбен психологтар да жұмыс істеді. Ең бастысы – алаңға бір үйдің баласындай шығып, жеңіс сыйлау.

«Атлетико» Қазақстанда

Еске сала кетейік, «Атлетико Мадрид» жақын арада Талғарда өз академиясын ашпақ. Қазірдің өзінде 2012-2013 жылы туған алғашқы топқа іріктеу жүргізілген. Бұл Қазақстан футболы үшін үлкен қадам болмақ.

Отандық жасөспірімдер «Атлетико Мадридпен» кездесу алдында дайындығын пысықтады

Суреттер: QJ League

Ерекше шоу

Ұйымдастырушылардың айтуынша, матч тек футбол емес, нағыз шоу болмақ. Көрермендерге LED-билер, арнайы эффектілер және түрлі интерактивтер ұсынылады. Ал afterparty кезінде Орталық Азия чемпионы DJ PUZA және Freaky Monday негізін қалаушы DJ BURLYAEV өнер көрсетеді.