31 Наурыз 2023, 23:30

Отандық сериал контентіне арналған «Nauryz» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары марапатталды

«Nauryz» ұлттық бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен алғаш рет өтіп жатыр.
Бәйгеге 2021 жылғы 1 қаңтар – 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығында қазақстандық телеарналардың эфиріне, YouTube арнасында шыққан сериалдар мен шығармашылық топтар 13 номинация бойынша қатысып жатыр.
Ең алдымен «Үздік тарихи сериал» аталымының жеңімпаздары айтылды.
Әділ қазы алқасының шешімімен бұл марапатты Qazaqstan ұлттық арнасы түсірген «Міржақып. Оян, қазақ!» сериалы жеңіп алды.
Бұл жүлдеге сонымен бірге, «Қаныш. Қазына», «Қызыл жебе», «Мәншүк» таласқа түскен еді.
«Үздік драмалық сериал» номинациясында да Qazaqstan ұлттық арнасының «Ақжауын» туындысы үздік атанды.
Мұнда «Бірге бол», «Рауза. Сакураның гүлдеуі», «Шанхай» телехикаялары шорт-тізімге енген болатын.
Көрермен көзайымына айналған «Келінжан» «Үздік комедиялық сериал» атанды. Шорт-тізімге «Бажа», «Күйеу бала», «Патруль» туындылары да енді.
«Үздік веб-сериал» номинациясында «Аппақ келін», «Ойна», «Serjan Bratan», «5:32» сериалдары бақ сынады.
Нәтижесінде Salem Social Media түсірген «Serjan Bratan» озып шықты.
Айта кетейік, жеңімпаздарға NAURYZ арнайы мүсіншесімен бірге 1 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталады.

Бөлісу: