Жаңалықтар

Отандық құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға қауіп төніп тұр

Отандық құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға қауіп төніп тұр
Фото: t.me/mazhilis_kz 24.05.2023 11:42 690

Болашақта 730 мыңнан астам отбасыға арналған қолжетімді бағада 78 миллион шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынады. Сондай-ақ 30 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«AMANAT» партиясы фракциясының  мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов құрылыс саласындағы отандық тауар өндіруші кәсіпкерлерді қолдауға байланысты үкімет басшысына ресми сауал жолдады.

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының алдындағы он міндеттің бірі қала мен ауылдарда адамдардың өмірі үшін қолайлы жағдай жасау, тұрғын үймен және сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Партия бағдарламасына орай, жеке құрылыс компанияларын әлеуметтік тұрғын үй құрылысын салуға ынталандыру жолдары қарастырылмақ. Жаңадан «Құрылыс» кодексі және «Риэлторлық қызмет туралы» заңдар қабылданатын болады.

Тұрғын үй салу және жөндеу жұмыстарына тендерлер сол жобадағы құрылысты толық тапсыруға негізделіп жарияланады. Осы орайда құрылыс жобасын жеңіп алған мердігердің конкурстық ұсынысында құрылыс материалдарының (жабын плитасы, кірпіш, цемент, түрлі тұрбалар, есік, терезелер, тағы басқалары) өзінен шығатын не шықпайтыны, сонымен қоса қандай материалды сырттан алатыны және құнын қалай,  қашан өтейтіні мердігердің тендерге ұсынысында көрсетіліп, тендер шешімінде ескерілсе дұрыс болар еді, - дейді мәжілісмен.                                             

Өйткені, көп жағдайда құрылысқа қажетті тауарды өндіруші компания, тиесілі қаржысын алу үшін, мердігердің құрылыс жобасын толық бітіруін  күтуге мәжбүр. Бұл кейде жылдарға созылуы мүмкін. Нәтижесінде, құрылыс материалын шығаратын компания банк алдындағы берешегін өтегенше ұзақ, қосымша шығынға батады.

Депутаттың айтуынша, мұндай жағдай отандық құрылыс материалдарын шығаратын компанияларға үлкен қауіп төндіріп, нарықтан ығыстыруы мүмкін.

Бұл бізге халықпен «AMANAT» партиясы сайлауалды аймақтардағы кездесулерімізде айтылған өтініштердің бірі еді. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік сатып алу заңының шарттарына  өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде және жаңадан қабылданатын «Құрылыс» кодексінде осы жайлар ескерілсе деймін, - деп атап өтті Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға