©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Отандық өндірісті ынталандыруға арналған бұйрықтарға түзетулер енгізілді

01.04.2024 21:22

Қаржы министрлігі отандық өндірісті ынталандыруға және реттелетін сатып алудағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға бағытталған ведомствоның бірқатар бұйрықтарына (ҚМ 2024 жылғы 29 наурыздағы № 186 бұйрығы) түзетулер енгізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік сатып алу және ұлттық компаниялардың сатып алу қағидаларына түзетулер отандық өндірушілерге келесі артықшылықтарды көздейді:

- 30% мөлшерде авансты міндетті түрде төлеу;

- қамтамасыз етудің барлық түрлерінен босату (шарттың орындалуын қамтамасыз ету, авансты қамтамасыз ету, сондай-ақ демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда қамтамасыз ету сомасы);

- шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) шарт сомасынан 10%-дан 3%-ға дейін төмендету.

Бұдан басқа, квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына бір көзден алу тәсілімен офтейк-келесімшарттар жасасу, сондай-ақ отандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді басым сатып алу (мемлекеттік сатып алудағы алып тастауға ұқсас) жөніндегі ережелер енгізілді, - делінген министрлік ақпаратында. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі шаралар Парламент Мәжілісінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң жобасын қарау шеңберінде пысықталуда.