©El.kz

Отандық медицинадағы жаңа кезең: цифрландыру, ЖИ және электронды денсаулық паспорты

Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды цифрлық трансформация басталды. Бұл – жекелеген сервистерді іске қосумен шектелмейтін, медицинаны басқару философиясын түбегейлі өзгертетін кешенді реформа. Оның өзегінде деректермен жұмыс, жасанды интеллект, ашықтық және пациентке бағытталған тәсіл тұр.

Мемлекет тапсырмасы: цифрландыру – сапа кілті

Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын цифрландыру жайлы нақты міндет қойған болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында медициналық қызметтердің сапасын арттыруда цифрлық технологиялар мен деректерге негізделген басқарудың маңызын бірнеше рет атап өткен.

Осы тапсырмалар аясында премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыруға арналған арнайы кеңес өткізіп, процестерді толық автоматтандыру, адами факторды барынша азайту және бюджет қаражатының ашық жұмсалуын қамтамасыз ету міндетін жүктеді.

Процестерді автоматтандыру медициналық персоналды артық бюрократиядан босатып қана қоймай, емдеу мен дәрі-дәрмекке бөлінген қаражаттың ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонда реформалардың нәтижесін азаматтар да, дәрігерлер де, мемлекет те айқын көреді, – деген болатын Олжас Бектенов.

Цифрлық трансформацияның жаңа архитектурасы

Осы стратегиялық бағытты іске асыру мақсатында вице-премьер – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев арнайы жұмыс кеңесін өткізіп, саланың цифрлық болашағын айқындады.

Кеңесте медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту, қызмет көрсету сапасын бақылау және деректерге сүйенген басқару жүйесін қалыптастыру негізгі басымдық ретінде белгіленді.

primeminister.kz

Басты міндет – жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін тұрақты мониторингтен өткізетін жүйе құру, – деді Жаслан Мәдиев.

Бірыңғай деректер қоймасы және электронды денсаулық паспорты

Реформаның тірек нүктесі – медициналық деректердің бірыңғай сақтау қоймасын құру. Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова да 2026 жылдан бастап қазақстандықтар өздерінің электронды денсаулық паспорттарына толық қол жеткізе алатынын тілге тиек еткен.

Электронды денсаулық паспорты – азаматтың барлық медициналық тарихы жинақталған бірыңғай цифрлық құжат. Онда диагноздар, талдаулар, тағайындалған ем, дәрі-дәрмек, көрсетілген қызметтер мен тексерулер сақталады. Ең басты қағида – «дерек пациентпен бірге жүреді».

Барлық сервистер QazTech платформасында біріктіріліп, eGov жүйесімен толық интеграцияланады. Бұл азаматтарға анықтама жинамай-ақ, кезексіз және артық қағазсыз медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект – дәрігердің серіктесі

Бүгінде жасанды интеллект технологиялары отандық медициналық ұйымдарда нақты нәтиже беріп отыр. Олар инсульт, өкпе, сүт безі обыры, пневмония сияқты қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтау үшін КТ, МРТ және рентген суреттерін талдауда кеңінен қолданылады.

Сонымен қатар бірқатар клиникада дәрігерлерге тексеру нәтижелерін жедел бағалауға көмектесетін ЖИ-көмекшілер іске қосылған.

Жасанды интеллект дәрігерді алмастырмайды, керісінше, оның мүмкіндігін арттырады. Бұл – медицинаны заманауи әрі баршаға қолжетімді етудің жолы, – деді министр Ақмарал Әлназарова.

Нақты нәтиже: цифрландырудың алғашқы жемістері

Цифрлық шешімдердің тиімділігі қазірдің өзінде сандармен дәлелденіп отыр:

Ақпараттық жүйелердің интеграциясы медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені 40%-ға дейін азайтты;

Пациенттерді цифрлық сәйкестендірудің арқасында былтыр алғашқы 8 ай ішінде медициналық қызметтерді артық тұтыну 6,7 млрд теңгеге қысқарды;

Бірыңғай төлем жүйесі қаржылық бұзушылықтарды анықтау дәлдігін 4 есе арттырды;

Медициналық мекемелерде енгізілген Face ID жүйесі жалған тіркеулерді 7%-ға азайтып, бюджеттен 10,5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.

«Әлеуметтік әмиян» және дәрі-дәрмекпен қамту

2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Әлеуметтік әмиян» жобасы амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда. Бүгінде жоба 700-ден астам мемлекеттік дәріхананы қамтиды. 17 млн рецептінің 13,9 миллионы цифрлық жүйе арқылы өңделеді.

Алдағы уақытта бұл механизм жеке дәріханаларды да қамтып, бірлесіп төлеу мүмкіндігі енгізілмек. Сонымен қатар медициналық қызметтерге ваучерлік жүйе енгізу жоспарланып отыр.

Толық автоматтандыруға қарай қадам

Қазіргі таңда Қазақстанда медициналық көмектің 92%-ы автоматтандырылған. Үкіметтің жоспарына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 100% жетуі тиіс. Бұл адами факторды барынша азайтып, шешім қабылдауда әділдік пен дәлдікті қамтамасыз етеді.

Сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу, әлеуметтік мәртебелерді есепке алу секілді негізгі бизнес-процестер де толық цифрландырылған. Денсаулық сақтау, Еңбек министрліктері және eGov жүйелерімен интеграция деректердің автоматты жаңартылуын қамтамасыз етті.

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық қызметтердің сапасын бақылау мен төлем жасау бірыңғай цифрлық контурға біріктірілді. Бұл төлем құжаттарының санын 9-дан 3-ке дейін қысқартты және бухгалтерлік жүйелермен тікелей байланыс орнатты.

Медицинадағы жаңа стандарт

Қазақстан денсаулық сақтау саласын басқарудың жаңа моделіне көшіп келеді. Бұл модельде қағаз емес – дерек, болжам емес – нақты аналитика, формалды есеп емес – пациент мүддесі алдыңғы орынға шығады.

Цифрландыру, жасанды интеллект және электронды денсаулық паспорты жай технологиялық жаңалық емес. Бұл – медицинаның сапасын арттыруға, дәрігердің уақытын емдеуге жұмсауға, ал азаматтың денсаулығын жүйелі бақылауға мүмкіндік беретін жаңа стандарт.