Жаңалықтар

Отандық фотографтар «деректі фото» курсынан білімдерін жетілдіруде

Отандық фотографтар «деректі фото» курсынан білімдерін жетілдіруде
Фото: ©El.kz/Дәурен МАҚСҰТХАНҰЛЫ 30.05.2023 18:45 938

Алматы төрінде «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Деректі фото» курсының екінші кезеңі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінде ұйымдастырылған үш күндік дәріске бірінші кезеңнен өткен 15 фотограф қатысты.

Оларға деректі фото жанрының шебері, әлемдегі үздік 10 фотографтың бірі Серік Мұқышұлы дәріс беріп келеді.

Бұл жолы бірінші кезең соңында берілген деректі фото жанрында еркін баяндау, жеке адамды баяндау, портрет және «Менің ұлы жобам» бағыттары бойынша түсірген фотосуреттер талқыланды. Әрбір автордың жұмысына ой-пікір, сын-ескертпе айтылды. Сонымен қатар, курс қатысушыларына әлемнің ең танымал деректі фото шеберлерінің еңбектері таныстырылды.

Енді дәріс берушінің қатал сынынан сүрінбей өткен 10 фотограф қана тамыз айының басында Ұлытауда өтетін үшінші кезеңге - фотоэкспедицияға жолдама ала алады. Ол үшін курсқа қатысушылар кураторды өз туындыларымен таңғалдыруы тиіс. Әрбір кезең өткен сайын келесіге берілетін тапсырманың көлемі артып, мазмұны да күрделеніп барады.

Айта кетейік, 4 кезеңнен  тұратын (жылдың төрт мезгілін қамтитын) бұл «Деректі фото» курсы Қазақстанда алғаш рет «Фотоөнер» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық униерситетінің Журналистика факультеті мен National Geographic Qazaqstan журналының қолдауымен өтуде.

Еліміздің БАҚ саласындағы кәсіби фотожурналистер бастамасымен 2010 жылы құрылған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі биыл 13 жасқа, яғни алғашқы мүшел жасқа толып отыр. Бірлестіктің жалпы жиналысының шешімімен биыл, Қазақстандағы алғашқы «Деректі фото» курсы жобасы қолға алынды. Мақсаты – әлемдік деңгейдегі «Деректі фото» маманын даярлау.

Елімізде алғаш боп «Деректі фото» курсын ұйымдастырған, осы тамаша бастаманың ұйытқысы болған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлына және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен National Geographic Qazaqstan журналы ұжымына алғыс білдіреміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға