Жаңалықтар

Отандық бапкерлер паралимпиадашылардың даярлығы туралы айтты

Отандық бапкерлер паралимпиадашылардың даярлығы туралы айтты
Фото: Olympic.kz 21.08.2024 15:28 469

Қазақстандық спортшылар Париж Паралимпиадасына тыңғылықты дайындалған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырып ойнау волейболынан ҚР ұлттық құрамасының капитаны Бауыржан Сартаев команда ойынға толық дайын екенін жеткізді.

Біз Парижде өтетін Паралимпиада ойындарына қатысқалы отырмыз. Осы уақытқа дейін команда дайындық пен құраманы толықтыру бойынша көп жұмыс жүргізді. Барлық шеберлігіміз бен жинақталған тәжірибемізді осы жарыста көрсетіп биіктерді бағындырғымыз келеді, - деді ол.

Волейболдан ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Бауыржан Тахауовтың сөзінше, команданың 28 жыл дегенде жетіп отырған жетістігі.

Қазақстан ұлттық құрамасы бүгінгі күні әлемде 70-тен астам команда бар, біздің отырып ойнау волейболынан әлемде 6-шы орында тұр. Азия командаларының арасында Ираннан кейін екінші орында тұрмыз. Паралимпиадаға барлығы 8 команда қатысады, олар екі кіші топқа бөлінді. Біз бірінші ойынды Франция құрамасымен 29 тамызда, 31 тамызда Босния мен Герцеговинамен, Египет командасымен 2 қыркүйекте ойнаймыз. Біздің спортшыларымыздың дайындығы жақсы, бағы мен бабы келіп тұрса, жеңіске жетеміз деп үміттенеміз, - деп атап өтті.

Пара оқ атудан ҚР ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Михаил Бурчалин пара оқ атудан 2 лицензия бар екенін айтты..

Оның бірі – ту ұстаушы Севда Алиева және Еркін Ғаббасов. Қазір біздің олимпиадалық базада дайындық жүріп жатыр, жаттығуға жасалған жағдай да керемет. Спортшылар өте жақсы дайындалған, әрқайсысының медаль алуға деген жақсы мүмкіндігі бар, - деді ол.

Ал ҚР Паралимпиада ұлттық құрамасының ту ұстаушысы Севда Алиева халықаралық аренада Қазақстанның туын алып шығу үлкен жауапкершілік екінін жеткізді.

Отандастарымыздың бізге артқан үміті мен сенімін ақтау біздің басты мақсатымыз. Соңымызда әр қадамымызға қолдау білдіретін тұтас ел тұрғанын білеміз, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға