Жаңалықтар

Отандық әншілер концерттер мен тойларда өнер көрсеткені үшін қанша сыйақы алады

Отандық әншілер концерттер мен тойларда өнер көрсеткені үшін қанша сыйақы алады
Фото: El.kz / instagram.com/rozarymbaeva / instagram.com/aliokapov 22.06.2023 14:04 5709

Димаш Құдайберген, Роза Рымбаева, Әли Оқапов пен өзге де танымал әншілердің мемлекет ұйымдастыратын концерттерге қатысу сыйақысы анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, ұлттық және мемлекеттік мерекелерге арналған мерекелік іс-шаралар мен салтанатты концерттерді өткізудің қызмет көрсету құнына әртістердің мәртебесі, беделі, орындаушылық шеберлігінің деңгейі әсер етеді. Мысалы, форматқа байланысты бір уақытта Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі, ҚазКСР Халық әртісі, Қазақстанның Халық әртісі секілді бірнеше дәрежелі әртіс қатар өнер көрсетуі мүмкін (мысалы: Әлібек Днишев 5 млн теңгеден бастап, Роза Рымбаева 5 млн, Айман Мұсахожаева 5 млн теңге, Нұржамал Үсенбаева 2 млн теңгеден бастап және тағы басқалар), - делінген мәдениет және спорт министрінің «Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен мәдени іс-шараларды өткізуді қаржыландыру қағидалары мен қаржыландыру нормативтерін бекіту туралы» 2023 жылғы 16 ақпандағы № 51 бұйрығына қосымшада.

Құжат авторларының мәліметінше, осы санаттағы әртістердің қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді талдауға сәйкес, ұсынылатын қызметтер құны іс жүзінде жоба бюджетінің 25%-на дейін жетіп, тіпті одан жоғары болуы мүмкін.

Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттің ұйымдастыруымен өтетін өзге іс-шараларға қатысу сыйақысы бойынша нормативтерді өсіру керектігін ұсынып отыр.

Құжатта мысал ретінде әншілер мен актерлердің, жүргізушілердің сыйақы мөлшері келтірілген.

- Димаш Құдайберген – 10 млн теңге және одан жоғары;

- Майра Мұхаммедқызы – 3 млн теңге;

- Әлішер Каримов – 1,5 млн теңге;

- Асылбек Еңсепов – 1,3 млн теңгеден бастап;

- Медет Чотабаев – 1,25 млн теңгеден бастап;

- Алтынай Жорабаева – 1,5 млн теңгеден бастап;

- Нұрлан Абдуллин – 1 млн теңгеден бастап;

- Жанар Дұғалова – 1,5 млн теңгеден бастап;

- Айгүл Үлкебаева – 700 мың теңге;

- Тамара Асар – 1,2 млн теңге;

- Мария Мудряк – 5,5 млн теңге;

- Мирас Жүгінісов – 5,5 млн теңге;

- Ернар Садырбай – 2,5 млн теңге;

- Мәди Сыздықов – 700 мың теңгеден бастап;

- Раим (Райымбек Бақтыгереев) – 2,5 млн теңгеден бастап;

- Koba (Қобыланды Болат) – 2 млн теңгеден бастап;

- Дастан Оразбеков – 1,5 млн теңгеден бастап;

- Әли Оқапов – 2,5 млн теңгеден бастап;

- Садриддин Наджмиддин – 2 млн теңгеден бастап;

- Тұрар – 1-3 млн теңге;

- Madi Rymbaev – 1,5 млн теңгеден жоғары;

- Әділ Ахметов – 500 мың теңге;

- Берік Айтжанов – 1,3 млн теңгеден бастап;

- Азамат Сатыбалды – 1,3 млн теңгеден бастап;

- Сырым Қашқабаев – 500 мың теңгеден бастап;

- Сағыныш Әбікеева – 550 мың теңгеден бастап;

- Динара Байзақова – 700 мың теңгеден бастап.

Келтірілген тізім тек мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын іс-шараларға ғана қатысты. Өнер иелерінің тойға келу үшін алатын құны бөлек.

Жұлдыздардың арасында тойдағы сыйақысы жағынан Қайрат Нұртас көш басында тұр. Егер оны мерекелік іс-шараңызға шақырамын десеңіз, онда 7 мың доллар төлеуге дайын болыңыз.

Respublika.kz.media сайтында келтірілген дерек бойынша, Ерке Есмаханның да сыйақысы Қайратпен бірдей, яғни 7 мың доллар.  

Екінші орында Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов тұр. Жұлдызды жұп «тұсаукесерде» ән айту үшін 5 мың доллар сұрайды.

Ал Мәдина Сәдуақасова тойда 4-5 ән орындау үшін 600 мың теңге сұрайды. Ал Мәдинаны ұзатуда көремін десеңіз, онда баға 1 миллион теңгеге дейін өседі. Сәдуақасова қызыңызды шығарып салып, әнін де орындап береді. Оның әріптесі Мөлдір Әуелбекова да ұзату үшін 1 миллион теңге алады.

Соңғы кездері Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова да ұзатуларға шығып, қосымша табыс тауып жүр. Күйеуі екеуі 3-4 ән орындайды, ал ол үшін 2 мың долларыңызды дайындап қоюыңыз қажет.

Өнеріңді паш ету табыс табудың жалғыз жолы емес. Қазір танымал адамдар сұхбат бергені үшін де сыйақы талап ететін болған. Бұл әлемде бар үрдіс, тек елімізге соңғы уақытта келіп жатыр. Ал мұны өнер иелері тиімді пайдалануда.

Мысалы, Роза Рымбаева сұхбат беру үшін 5 мың доллар, ал Төреғали Төреәлі 4 мың доллар сұрайды екен. Бұл туралы «Жаңа қадам» бағдарламасында айтылған болатын.

Телеарнада бағдарламаға қатысып, сұхбат беруге де гонорар сұрайтын әншілер пайда болыпты. Біздің редакторлар зерттеу жүргізгенде қоғамдық бағдарламаға қатысу үшін Роза Рымбаева – 5 мың доллар, Төреғали Төреәлі 4 мың доллар гонорар сұраған. Сонымен қатар Нұрболат Абдуллин – 2 мың доллар, Нұрболат Қанай – 800 мың теңге, Заңғар Нұртас (Қайрат Нұртастың інісі - ред.) – 700 мың теңге, «Диета кз» тобы 500 мың теңге гонорар сұраған, - дейді бағдарлама жүргізушісі Жансерік Бейсеев.

Ал сіз қай әншінің өнерін тамсанып тамашалайсыз және ол үшін қанша қаржы төлеуге дайынсыз?

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға