Жаңалықтар

Отандық жаңа қосымша қолданысқа енді

Смартфондарға арналған  Indigo24  жаңа қосымшасы шыққанын білесіз бе?
Отандық жаңа қосымша қолданысқа енді
26.04.2017 09:53 8863

Енді әлемнің әр түкпіріндегі бүкіл қазақ баласы бір мобилдік қосымшада еркін хат-хабар алмасып, бір-біріне аудио және бейнежазбалар  жолдап қана қоймай, онда ешбір комиссиясыз түрлі төлемдерді жасай алады. Indigo24 төлем платформасы деп аталатын к-көпфункциялы бұл мобильдік қосымшаның авторы – Evolution корпорациясының президенті Дәурен Қазбекұлы.  Қазақстанда тұңғыш рет жасалып және аса үлкен ауқымды деңгейде жүзеге асырылғалы отырған бұл жобаның мүмкіндіктерімен толығырақ танысу  үшін авторды сұхбатқа тартқан едік.

– Алматыда 20 сәуір күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғашқы таныстырылымы жасалған бұл қосымшаның басты ерекшеліктері қандай?

– Қазір біздің нарықта қолданыста жүрген мобильдік қосымшалардың бәрі түгел шетелдік өнімдер.  Бұған дейін отандық бірлі-жарым қосымшалар жасалғанымен, олардың қолданушыларының саны 1-1,5 мың адамнан асқан жоқ. Ал Indigo24 төлем платформасы деп аталатын көпфункциялы бұл мобильдік қосымша ешбір жарнамасыз-ақ бірнешем айдың ішінде, 20 мыңнан астам қолданушысын тауып үлгерді. Сондай-ақ Қытай, Ресей, Түркия және Сауд Арабиясы елдерінен ұсыныстар түсіп жатыр. Егер біздің отандық бұл өніміміз енді франшиза арқылы өзге елдерде де жүзеге асатын болса, одан ұтпаса, ешкім ұтылмайды. Өйткені біздегі шетелдік мобильдік қосымшалардың мүмкіндігі шектеулі. Олардың біреуі тек әлеуметтік желі ретінде, екіншілері банктік төлем жүйесі ретінде ғана қолданыс табуда. Ал ондағы төлемдер үшін алынатын комиссиялық алым да тұтынушының қалтасынан алынады. Бізде бәрі керісінше. Қосымшада әлеуметтік желінің де, төлем жүйесінің де қызметтері толық қамтылған. Тіпті олардың көрсететін қызметтерінің түрлері мұнда сан жағынан да, сапа жағынан да басым түсіп отыр.

–  Нақтырақ айтқанда?

 Өзге қосымшалардағы әлеуметтік желідегі бейнесұхбаттар екі адамның арасында ғана жасалады. Бізде бір мезетте бірнеше адаммен конференция жасауға болады. Бұдан бөлек байқаусызда бөгде адамға жіберілген жазбаны сол мезетте жою және мәтіндегі қатені өңдеу мүмкіндігі бар. Ал төлем жүйесі банктік картаға байланбаған. Коммиссиялық алым жеке тұлғаның емес, өз қызметі мен тауарын ұсынатын заңды тұлғаның есебінен және ең төменгі шекті мөлшерде ғана алынады. 

Оқырман мен көрерменнің қызықты және бірегей жазбалардың соңындаөзіне ұнағанын білдіру үшін басатын «лүпілі» (лайк) де ақылы болады. Егер әрбір «лүпілдің» бағасын 1 теңге деп белгілейтін болсақ, жазба авторы жинаған лүпілінің саны бойынша өзінің ойы мен идеясын жүзеге асыру үшін нақты қаражат табуға мүмкіндік алмақ. Бұдан бөлек қосымшаны пайдаланушылар қажет жағдайда өз қалауымен мұқтаж жандарға қайырымдылық жасай алады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде өзінің кәсібі мен қызығушылығына қарай түрлі топтарды іздестіріп тауып, қосылуына және жоқ болған жағдайда оны өзі құруына мүмкіндік берілген.

–  Сіздің бұл қосымшаңыз қай мобилдік операциялық жүйесі бойынша жұмыс  жасайды?

 Қазір Android пен IOS-та. Болашақта қызметіміз жеке компьютер қолданушылары үшін Windows операциялық жүйесінде де қолжетімді болады.

–  Электронды төлем жүйесіне қосылған (коммуналдық, байланыс және тағы басқа да  төлемдер) заңды тұлғалардың қазіргі нақты саны қанша?

 Бүгінгі күні біздің қосымшаға 271 заңды тұлға қосылған. Оның басым бөлігі коммуналдық жүйедегі компаниялар. Бұдан бөлек ұялы байланыс  операторлары мен интернет желілері және өзге де салалардағы қызмет көрсету нысандары бар.

Алдағы уақытта олардың санын көбейтеміз. Мәселен қазірдің өзінде Алматы мен Астана қалаларындағы 12 мың заңды тұлғаның құжаттары мен 1200 келісімшарт бар. Сондықтан алдағы 1 жылда 10-15 мың келісімшарт жасаймыз деген жоспарымыз бар.

–  Indigo24 төлем платформасына қалай қосылуға болады?

 Интернеті мен камерасы бар кез-келген байланыс құралы арқылы жүктеп алуға болады. Мәселен, егер смартфоныңыз Аndroid 4,4 операциялық жүйесі бойынша жұмыс жасаса Play Market арқылы Indigo24 қосымшасын жүктеп алып, онда ұялы телефон нөміріңізді, толық аты-жөніңізді тіркейсіз. Ал iPhone (IOS 8 операциялық жүйесі) болса App Stаre арқылы жүктейсіз.

– Төлем жасау үшін әмиянда қаражат болу керек қой. Ол қалай жиналады және толықтыру кезінде комиссия алымы бола ма?

Касса24 пен Киви терминалдарымен келісімшарт бар әмиянды толықтыруда азаматтық тұлғадан ешқандай комиссия алмау туралы. Әрине олар кейін бізді бәсекелес ретінде көруі мүмкін. Егер комиссия  қойса өзіміздің терминалдарды қоюға тұра келетін болады. Қазір бізде 100-ге жуық терминал мен оларды сатып алатын адамдар да дайын тұр.

– Идея қашан пайда болды?

2010 жылы майл руда сұхбаттасып отырып, телефон арқылы сұхбаттасатын жүйе болса екен деп жаза бастадым. Басында бұл жүйені сұхбат ретінде жаздым. Қосымшаның қызмет ауқымын түгел өмірден алдым. Адамдар көшеде, дүкенде, банкте және өзге де қызмет көрсету орындарында уақытының бәрін кезек күтумен өткізеді.  Сондықтан уақыт құнсыз боп кетті дегенді жиі айтады. Содан кейін оны қалай үнемдеу керек деген ой келді. Ойды қағаз бетіне түсіріп, жазып оның жүйесін 5 жыл бойы жаздым. Онда  нарықты, қаржыны зертеу арқылы пайдасы мен олқы тұсын  сараптадым. Арманым халыққа, елге пайдасы тигізетін іс жасау болды. «Атың шықпаса жер өрте» дегендей жер өртеп жүрген жоқпыз, халыққа пайдасы тиетін өнім шығарып жүрміз.

– Indigo төлем платформасы деп аталатын көпфункциялы бұл мобильдік қосымшаны жасауға қанша уақыт жұмсадыңыз?

 Оған 5 жыл уақытым кетті. Одан кейін де оны бірден жүзеге асыра алмадым. Өйткені жобаны бастауға 50-60 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы қажет болды. Ол бір күнде табатын ақша емес. Сондықтан 4 жыл бойы  түрлі компаниялар мен мекемелерге бейнебақылау қоюмен айналыстым. Жинаған қаржымен 2015 жылы 26 қарашада осы компанияны аштым. Дегенмен нақты жұмыстар 2016 жылдың наурыз айынан кейін басталды.

– Компанияның инвесторлары бар ма? Мемлекеттік органдар мен түрлі қаржылық ұйымдар тарапынан несие ұсынушылар болған жоқ па?

Қазір компанияда инвестор жоқ. Мемлекеттік орган болғанда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры  мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры тарапынан қызығушылық болды 6-7 ай бұрын. Бірақ онда көмек туралы сөз болған жоқ. «Даму» арқылы несие алу ойы да болған. Бірақ шынымды айтсам әзірге бәрін өз күшіммен алып шыққанды қалап отырмын. Дегенмен Үкімет қолдау көрсетіп жатса қуанар ем.

– Егер ұсыныс болып жатса компания акциясын шетелдік инвесторларға сатар ма едіңіз?

Акциямды шетелдік азаматтарға сатқым келмейді. Ақшамыздың өз азаматтарымызда қалуы үшін тек қазақстандықтарға  ғана сатуым мүмкін.

– Сіз бір сөзіңізде алдағы уақытта қор биржасына шығу жоспарыңыздың барын да айтып қалдыңыз. Қазақстан қор биржасына ма әлде әлемдік нарыққа ма?

Қазір ҚР Ұлттық банкімен облигация дайындау жұмысы жүріп жатыр. Халықаралық аудит өткізген соң, ұлттық банктен ұзақ мерзімдік өзіміздің құнды қағаздарымызды шығаруға  рұқсат аламыз. Басты мақсат ІPO-ға шығу. Құдай қаласа оны алдағы 2 жылдың ішінде жүзеге асыруға күш саламыз.

Әрине үлкен істі жүзеге асыру үшін Қазақтан қор биржасының ауқымымен шектеліп қалғымыз келмейді. Оның үстіне әлемдік нарыққа шығу бізге мүлде жаңа зор мүмкіндіктер береді.

– Еуразиялық Одақ нарығына кіру ойда бар ма таяу жылдары?

Бұл жобаны біз қазір 22 мемлекетке жоспарлап отырмыз. Оның 16-сы ТМД елдері, қалған алтауы сырт елдер.

– Қазақ диаспорасы тұратын елдер ескерілген бе?

Әрине. Қазақ диаспорасы тұратын мемлекеттер ең басты назарда тұр.  Бұл қандастарымыз арқылы  олар тұрып жатқан елдердің  нарығына кіруде бұл бізге көп септігін тигізері анық. Өйткені қазірдің өзінде қызығушылық білдіргендер қатары күн санап өсіп келеді.

– Армандарыңыз  орындалсын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Әңгімеңізге рахмет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға