Жаңалықтар

Осы жылы өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңге бөлінді

Биыл кешенді жоспарлар ауқымында 170 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Осы жылы өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңге бөлінді
Фото: inform.kz 16.07.2022 19:17 2531

Премьер-министрінің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Алматы облысы, Балқаш ауданының тұрғындарымен кездесті, – деп хабарлайды El.kz.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, кездесуге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Балқаш ауданының әкімі Ғалым Тоқпейісов қатысты. Басты назарда жаңа жұмыс орындарын құру, несие беру арқылы шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ халықтың табысын арттыру бағдарламасы және басқа да мәселелер болды.

Атап айтқанда, осы жылдың 6 айында өңдеу өнеркәсібінің көлемі тиісінше 5,8, жалпы ішкі өнім 3,4, құрылыс 9,2, сауда мен көлік салалары 6,2 пайызға ұлғайды. Биыл өңірлердің дамуына республикалық бюджеттен 5,5 трлн теңге бөлінді. Бұл жалпы шығындардың 30 пайызын құрайды.

Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттердің кіріс базасы нығайтылуда. Бұл ретте, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын жергілікті деңгейге беру оң әсер етеді. «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді. Олар 580 ауылда 1 100 жобаны іске асыруға бағытталған.

Атап айтқанда «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асыру аясында 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 20 млрд теңге бөлінді. Осы кешенді жоспарлар ауқымында 170 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

– Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы адал бәсекелестікті күшейту, жеке меншікті қорғау, экономиканы монополиядан арылту арқылы еліміздің жаңа экономикалық бағытын іске асыруға бағытталған. Осы шаралардың барлығы саяси тұрақтылықты, бизнестің мүдделері мен құқықтарын қорғау жүйесін айтарлықтай нығайтады, барлық қазақстандықтар үшін кең экономикалық мүмкіндіктер туғызады, – деп атап өтті Ерұлан Жамаубаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға