Жаңалықтар

Қостанайдағы «Сарқыт» қайырымдылық шарасы шеңберінде сәбилердің тұсауы кесіліп, бесікке бөленді

Қостанайдағы «Сарқыт» қайырымдылық шарасы шеңберінде сәбилердің тұсауы кесіліп, бесікке бөленді
16.01.2019 03:05 3107

Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қайырымдылық керуені» жалпыреспубликалық қайырымдылық жобасы шеңберінде «Мейірімділікпен бірлікке» ұранымен іс-шараларын легін бастап кетті. Республикалық жоспарға сәйкес қаңтар «Сарқыт» айлығы деп белгіленді.

 

Достық үйінде әйелдер мен балаларды бейімдеу орталығының тұрғындары үшін шағын той ұйымдастырылды – бір балапанның тұсауы кесілсе, тағы бір сәби бесікке бөленді.

Тұсаукесер - сәби қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ырым. Бесікке бөлеу рәсімі баланы алғаш рет бесікке  (нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек)  жатқызғанда орындалады.

Ануза Кәменованың айтуынша, ол екі айлық қызы Нұрсананы әлі бесікке бөлемепті, сондықтан ұйымдастырушыларға өз разылығын  білдірді.

«Бесікке салу - бұл керемет ырым. Пәле-жаладан сақтасын деп, оған тұмар тағып қояды. Біз халқымыздың салт-дәстүрлерін ұстануға тырысамыз және оларды балаларымызға насихаттаймыз. Ұлттық әдет-ғұрыптарды дәріптеу арқылы оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткіземіз», - дейді Ануза есімді ардақты ана. 

Тыныш жатып, ұйықтап қалған Нұрсананы «Ақ Дариға» хорының әжелері бесікке салды. Олар Нұрсананы бесікке бөлеп, әлдиімен тербеді.

Ал осы уақытта Әлинұр есімді сәбидің тұсауы кесілді.

«Әлинұр 1 жас 3 айға толды, қаз-қаз басып жүр, тұсаукесер рәсімін өткізбегендіктен, біз іс-шараға қатысуға қуана келістік. Мен қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын ұнатамын. Тұсаукесер маңызды рәсім, баланың жолы ашық болады, бақытты болады», - дейді баланың анасы Гүлжихан Боранбаева.

Ғылыми-сараптамалық топ басшысы Әлімжан Бекмағамбетов Әлинұрдың тұсауын кесті. Қамшыны таңдап алған Әлинұр еліміздің айбынды азаматы боларына сенімдіміз.

Қайырымдылық акциясының соңына қарай іс-шара қатысушыларына «Сарқыт» үлестірілді.  Көпбалалы 5 отбасыға азық-түлік қоржындары үлестірілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға