Жаңалықтар

Қостанайда «Татар Қызы – 2019» анықталды

Қостанайда «Татар Қызы – 2019» анықталды
01.04.2019 04:37 3479

Қостанайда биылғы «Татар Қызы – 2019» байқауының жеңімпазы болып Қостанай облысының тумасы, Челябі Мемлекеттік университеті заң факультетінің бірінші курс студенті Руфина Гайнутдинова танылды. 

Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған бұл байқауға облыстық Достық үйінің басшысы Қаламқас Сандыбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шамиль Фахрутдинов, «Мисс Қостанай - 2011» Меруерт Тасмағамбетова, жобаның тұрақты серіктесі Оксана Зайнуллина және «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Ринад Бектемиров қазылық етті.

Қатысушылар арасынан топ жарып, үздік деп танылған Руфина Гайнутдинова алдағы уақытта Ақтөбеде өтетін республикалық «Татар Қызы 2019» сайысында Қостанай облысының атынан сынға түспек. Айта кетерлік жайт, облыстық байқаудың бірінші жеңімпазы Дина Абдрахманова «Татар Қызы» халықаралық байқауының ақтық сынына дейін жетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді.

Жеңімпазды анықтаудан бөлек, қазылар алқасы түрлі номинациялар бойынша жүлдегерлерді де марапаттады.

Атап айтсақ, «Ең сүйкімді» татар қызы атағын Лиана Хузина иемденді. Ал «Ең өнегелі» татар қызы  деп Юлия Мухамеджанова танылды. 

Сондай-ақ, «Ең талантты» номинациясын Томирис Мингазова еншілесе, «Ең сымбатты» атағы Эльнара Мингазоваға бұйырды. 

Сонымен қатар, Эльнара Мингазова «Көрермендер көзайымы» сыйлығын да қоса жеңіп алды.

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға