Қостанайда шаруаға пысық ең үздік үй иесі анықталды
Облыстық Достық үйінде «Казак-Ана күніне» арналған іс-шара өтті. Сібір казактары бұл мерекені 250 жыл қатарынан атап өтуде.
«Бұл күні біз аналарымызды, әйелдерімізді, әжелерімізді құттықтаймыз», - дейді сібір казактары қауымдастығының төрағасы Олег Шилов.
Мереке күні казак арулары өзара шеберліктерін ортаға салып, сынға түсті. Бес ару «үй шаруасына ең пысық әйел» деген аттаққа таласты.
Алғашқы аспаздық кезеңде арулар қамырдан бәліш бетін жабатын шеңбер жайып, қамырдың екінші бөлігінен пішіндер жасап, бәлішті әдемілеу қажет еді. Арулардың бәрі пысықтығын аңғартты. Әп-сәтте барлық бәліштер раушан гүлдермен, жапырақтармен көркемделіп шыға келді. Әділқазылар қатысушыларға өз мақтауларын жаудырды.
Екінші кезеңде арулар киімдерге кесте салды. Бұл үшін алдымен үлгі салып, оларды қарындаштармен, түрлі-түсті қаламсаптармен бояды.
Казак халқы кестелер шын-шайтандардан қорғайды деп сенген. Ол үшін олар арнайы әтештер мен тауықтардың суреттерін салып, кестелеген.
Байқау кезеңдерінің арасында әртістер сахнаға шығып өз өнерлерін көрсетті. Виталий есімді казак қолына қылыш алып, әсерлі би орындады.
«Казак әйелдері күніге үй тұрмысымен айналысады. Олар бір жылдың ішінде 18 000 пышақ, шанышқы мен қасық, 13 000 тәрелке, 8 000 тостаған жуады, түскі ас дастарқанынан шкафқа дейін 5 тонна ыдыс тасиды», - деген ақпаратпен бөлісті іс-шара жүргізушісі.
Тағы бір байқауда арулар сәбилерді тамақтандыруға кірісті. Бұл үшін олар бүлдіршіндерді қуып жетіп, орындыққа отырғызып, тамақтандыру керек болатын. Балалар күліп, асыр сала айнала жүгіріп, көпке дейін ұстатпады. Бірақ жас бикештер балалардың аш қалуына жол берген жоқ. Арулар бәрін қойып, дартс ойнап, кір жууға да кірісті. Ал байқаудың соңғы кезеңінде көңілді частушкалар орындады.
Нәтижесінде достық жеңді. Әділқазылар іс-шара қатысушыларының барлығын марапаттап, сыйлықтармен атап өтті.