Қостанайда ҚХА «Асар» қайырымдылық айлығы шеңберінде «Достық аллеясы» пайда болды
Қостанай облыстық этномәдени бірлестіктер өкілдерінің арқасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған саябақта 60 қайың жайқалып өспек.
Жас шыбықтар Қазақстан халқы ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» күнтізбесіне сәйкес «Асар» айлығы шеңберінде отырғызылды. Корей этномәдени орталығы «Достық аллеясын» құруға бастамашы болды.
«Ағаш отырғызу жоспарымызда бұрын да болған, сәті енді түсті. Біз 1 мамыр-Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған Тіршіліктің төрт құдыреті Фестивалін өткізуді ұйғардық, ағаш отырғызуды іс-шара жоспарына енгіздік. Біз Достық аллеясын құру туралы ойымызбен басқа этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен бөлісіп, олар біздің бастамамызды қолдады. Бүгін бірлесіп, 60 ақ қайың көшетін отырғыздық», - дейді корей этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Ульяна Ким.
Қостанай облысы бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері - жоғары политехникалық колледж студенттері де ағаш отырғызуға ат салысты.
«Асар» акциясына қатысып, ағаш отырғызу ұсынысын бірден қабыл алдық. Қазақ халқында «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген нақыл сөз бар.
«Бірлік - ортақ жұмыс кезінде ұйымшылдық көрсету. Ал біз бірлігімізбен мақтана аламыз. Қостанайлықтар мен қала қонақтарының демалыс алаңына айналатын, шаршағанға демеу болатын «Достық аллеясын» құруда жастар атынан өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз», - дейді жастар қозғалысының белсенді мүшесі Анастасия Старкова.