Жаңалықтар

Қостанай облысында славян мәдениетінің фестиваліне арнайы 50 киле құймақ пісірілді

Қостанай облыстық Достық Үйінде бұл фестиваль екі жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биылғы іс-шара орыс қауымдастығының 20 жылдығына арналды.
Қостанай облысында славян мәдениетінің фестиваліне арнайы 50 киле құймақ пісірілді
22.11.2018 12:48 1838

Қостанай облыстық Достық Үйінде бұл фестиваль екі жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биылғы іс-шара орыс қауымдастығының 20 жылдығына арналды.

Қостанай облысындағы орыс қауымдастығы 1998 жылдың наурызында құрылды, 2003 жылдан бастап бұл қауымдастыққа облыстық орыс драма театрының директоры, облыстық және республикалық Қазақстан халқы Ассамблеяларының мүшесі Юрий Ивлев жетекшілік етіп келеді.

Мереке қарсаңында Юрий Иванович Мәскеуде өткен VI Дүниежүзілік отандастар съезіне қатысты.  
Орыс қауымдастығы  халық саны жағынан алдыңғы қатарда, облысымыздағы 880 мың халықтың  364 мыңы – орыс ұлтының  өкілдері. 

Облыстық Достық Үйінің ұжымы іс-шара басталмас бұрын қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынды, жиналған қауым құймақ пен құлпынай, шие, алмадан дайындалған тосаптан дәм татты. Қонақтар үшін 50 кг құймақ және 15 кг тосап әзірленген болатын.

Кіре беріске орыс халқының тұрмыс-тіршілігін танытатын бұйымдар қойылған үй тігілді, ҚХА ансамблі баянда ойнап  жиналған қауымға әсем әуен сыйлады. 

Қостанайға Словакиядан келген конақтар - Ева Сметанова мен Андеа Барановска да фестивальға қатысты. Олар белгілі бір бағдарламаларға сәйкес Қостанайдағы жоғары оқу орындарының студенттеріне білім беруде.

«Мұндай думанды іс-шараға алғаш рет қатысып отырмыз. Концерттік қойылымдар, әртістердің костюмдері өте ұнады. Фестивальден алған әсерімізбен Словакия еліндегі  халықпен бөлісеміз», - дейді Ева Сметанова.

«Карнавал» би ансамблінің керемет номерімен басталған концерттік бағдарлама Қостанай және Рудный қалаларының 12 шығармашылық ұжымы тарту еткен орыс, украин, белорус ұлттарының жалынды билерімен, жан тебірентер әндерімен жалғасты.

 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Анатолий Зарубаның басшылығымен Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның орыс халық аспаптары оркестрінің өнері көрермендердің көңілінен шықты. Орыс қауымдастығы жарқын өкілдерінің бірі Татьяна Ивлеваның жетекшілігімен «Славянские песни» ансамблі оркестрге қосыла өнер көрсетті.

Көрермендер дарынды өнерпаздарға тік тұрып қошеметтерін танытып, облыстық филармониядан көтеріңкі көңілмен шықты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға