Жаңалықтар

Өскеменнің жаңа тарихын жазып жатыр

Өскеменнің жаңа тарихын жазып жатыр
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 16.09.2024 13:20 354

Өскеменнің Нұрлы жол шағын ауданында күні кеше жаңа аллеяның лентасы қиылды. Биылғы 1 қыркүйек – Білім күні мұнда 600 орындық жаңа қазақ мектебі ашылған еді.

Бірнеше жыл болды Өскемендегі Ертістің сол жағалауында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Облыс орталығының бас жоспарына сәйкес аталған ауданда көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, ел игілігіне берілуде. Сол қарқынды құрылыстың нәтижесінде Сәтпаев даңғылының бойында жаңадан ерекше стильде Нұрлы жол шағын ауданы пайда болды. Оның ерекшелігі сол, мұнда «Қала ішіндегі қала» жобасы жүзеге асырылған. Ол қандай жоба? Айтайық. Шағын ауданның өзінің мектебі, балабақшасы, емханасы, сауда үйі, дүкені мен дәріханасы, тіпті театрына дейін бар. Театр болғанда қандай, облыстық драма театры. Демалыс саябағы, аллея, балалардың ойын алаңы, салауатты өмір салтын ұстанатын жұртқа арналған жаттығу орны, футбол, баскетбол алаңдары дейсіз бе қысқасы, тұрғындарға қажетті қызметтің барлығы қарастырылған және барлығы таяқ тастам жерде тұр.

Өткен айдың соңында Нұрлы жолдың дәл іргесінде күніне екі мыңға тарта адамға қызмет көрсете алатын мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы іске қосылды.

Төрт-бес жылдың ішінде облыстық драма театрының артынан бірыңғай стильде салынған заманауи үгідегі Нұрлы жол шағын ауданы бой көтерді. Қазір мұнда 28 көп қабатты тұрғын үй қолданысқа беріліп, сегіз мыңнан астам адам тұрып жатыр. Өскеменнің жаңа тарихы осы ауданнан басталады деуге болады. Өйткені аталған аудан өзінің кескін-келбетімен, сәулетімен, тұрғындарға жайлы болуымен ерекшеленеді.

Бірінші қыркүйек күні ауданда 600 балаға арналған №50-ші мектеп ашылды. Жаңа білім ордасында тоғыз жүздей оқушы екі ауысыммен оқып жатыр. Былтыр балабақша ашылған. Міне бүгін әдемі аллеяны ел игілігіне беріп жатырмыз, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.   

Атшаптырым аумақты алып жатқан жаңа аллеяда адамдардың серуендеп, демалуына жайлы жағдай жасалған. Демалыс саябағының мектеп алдында орналасуы да оқушылардың сабақ арасындағы үзіліс кезінде тысқа шығып сергуіне, кітап оқып отыруына қолайлы.   

Бұл аллея мектептің алдында тұрғанымен білім ордасына қатысы жоқ. Бөлек салынды. Мұнда саябақ жиһаздары қойылып, үш мың шаршы метр аумақ көгалдандырылған. Қараңғы уақытта самаладай жарқырап тұру үшін 150-ден астам жарық шам орнатылған. Бір шақырымнан артық көлік жолы асфальтталып, жиектастар төселген. Аллеяның ортасындағы әуезді субұрқақ жаз маусымында тәулік бойы істейді. Ағаштан жасалған әдемі орындықтар, әйткеншектер демалыс орнының көркіне көрік беріп тұр, – деді аллеяны салған мердігер ұйым «Сервис СМУ» ЖШС-нің учаске шебері Ерасыл.

Өскемен әкімінің айтуынша, Нұрлы жолдағы тұрғын үйлердің ішінде жүзден астам пәтер баспана кезегінде тұрған көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалпы мемлекеттің қамқорлығындағы адамдарға жалға (арендалық үйлер) берілген.

Қаланың өзге ауданынан осында көшіп келгенімізге көп бола қойған жоқ. Бұл жерде тұрғындарға барлық жайлы жағдай жасалған. Мектеп, балабақша, сауда үйі, емхана, шаштараз, дәріхана дейсіз бе бәрі бар. Былайша айтсақ, қала ішіндегі қала ғой. Әрбір тұрғын үйдің ауласында балалар ойнайтын алаң салынған. Күні кеше тамаша аллея ашылды. Ең бастысы мемлекеттік тілде оқытатын мектебі бар. Бастапқыда бұл білім ордасында аралас тілде оқытады делінген, бірақ қоғамның талап-тілегі ескеріліп қазақ мектебі болып ашылды. Соған қуанып жатырмыз. – дейді Нұрлы жол шағын ауданының тұрғыны, көпбалалы ана Алида Абылайханқызы.

Өскеменнің бас жоспарына сәйкес жаңа шағын ауданда жиыны елуге тарта көпқабатты тұрғын үй болады. Оның 28-і бүгінде аяқталып, қолданысқа беріліп қойған. Қалған үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

Сонымен қатар шағын ауданда көлік жолдары, оның ішінде кірме жолдар мен аулалар кең әрі ыңғайлы етіп жасалыпты. Ауладағы тұрақта әр пәтердің иесіне екі мәшін қоятындай орын қарастырылған. Инженерлік желі толық тартылған.

Қала әкімі Жақсылық Мұқашұлының айтуынша, жаңа Өскеменнің тарихы Ертістің сол жағалауында бой көтеріп жатқан осынау жаңа тұрғын аудандармен тікелей байланысты болмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға