Өскеменнен Алматыға ұшуы тиіс ұшақ бір тәулікке кешігіп жатыр
Өскеменнен Алматыға 30.05.2023 күні 13:15-те ұшуы тиіс болған КC7172 Өскемен-Алматы рейсі өндірістік қажеттілікке байланысты бір тәулікке кешіктірілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
FlyArystan әуе компаниясы таратқан дерекке сәйкес, Өскемен қаласының жергілікті уақыты бойынша 31.05.2023 сағат 10:00-да ұшуға жоспарлануда.
Кешіктірілу уақытының ұзаруы Өскемен қаласы әуежайының жұмысы түнгі уақытта шектелуіне байланысты. Әуекомпания өндірістік кідірістің себебін жою үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, осыған байланысты инженер маманы Өскеменге ең жақын рейспен жіберіледі. Бұл рейстің жолаушылары қонақ үйге орналастырылатын болады. Қонақ үйге дейін трансфер ұйымдастырылған, сусындармен ыстық тамақ сол жерде беріледі, - делінген компания таратқан хабарламада.
Жолаушылар рейс кешіккен кезде алкогольсіз сусындар, сондай-ақ бес минуттан аспайтын екі телефон қоңырауын немесе екі электрондық пошта хабарламасын сұрай алады. Төрт сағаттан артық кешіктірілгенде, ыстық тамақ ұсынылады. Бес сағаттан артық кешіктірілгенде, бір рет тегін әуебилеттің уақытын өзгерту мүмкіндігі ұсынылады. Бес сағаттан артық кешіктірілгенде, егер қайта брондау мүмкін болмаса, жолаушылар толық билет қайтарымын жүзеге асыра алады.
Ал күндізгі уақытта 8 сағаттан артық және түнде 6 сағаттан артық кідіріс болса, жолаушыларға қоныстануға, сондай-ақ қоныстану жеріне дейін және кері қарай трансфер қарастырылады.