Жаңалықтар

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті
Фото: ©El.kz/Қуан СЕЙІТ 10.05.2024 17:21 1116

– Ата, анау тұрған кәдімгі танкі ма?

– Иә балам, кәдімгі танкі. Бұл танкімен аталарың жауды жеңген.

– Ал әнебіреу мәшіннің үстіндегі ракета ма?

– Оны зенитті-зымыранды кешен дейді балам. Бұл қаруды да аталарың соғыста қолданған. Жауды зымыранмен жапырған...

Таяқ тастам жерде өтіп бара жатқан жасы жетпістің жуан ортасынан асқан қария мен алты-жетілердегі баланың диалогын құлағымыз шалып қалды.

9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай демалыс болған соң атасы немересін ертіп өскемендіктер мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Солжағалау кешеніне келсе керек. Бұл күні қарапайым халық этнопарк атап кеткен Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей қорығында адамдар қарасы тым көп болды. Алты ай қыста жабық тұрған кешен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні есігін айқара ашып, келушілерді қабылдай бастаған. Мұның да өзіндік мәні бар. Ол туралы сәл кейінірек.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Өскемендегі Солжағалау кешені екі мыңыншы жылдары ірге көтерген еді. Мұндай саябақ еліміздің өзге өңірлерінде жоқ. Бұл жерде өзінің хайуанаттар бағы, отбасылық демалыс аймағы, балаларға арналған «Ертегі әлемі», шаруашылық аумақ, ботаникалық бақ, қайықтар айлағы, әскери кешен, Жібек жолы саябағы және ең басты нысан – этноауыл бар.

Әскери кешеннің өзі екі павильоннан тұрады. Оның бірі Ауған соғысы жауынгерлеріне және Чернобыль АЭС-інде болған апатты жоюға атсалысқандарға арналса, екіншісі дүниежүзілік соғысына қатысқан шығысқазақстандық батырлардың ерлігін паш ететін мемориал. Жақын тұста танкі, зеңбірек, зенитті-зымыранды кешен сияқты өткен ғасырдың әскери техникалары қойылған.

Солжағалау кешеніне кіру тегін. Тек ішіндегі хайуанаттар бағын аралап, көрмелерді тамашалап, кейбір нысандарға кіру үшін тиын-тебен төлеу керек.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Жібек жолы саябағына кірген адам орта ғасырға сапар шегіп, тарихтың тереңіне сүңгіп кете барады. Бұл саябақ ежелгі Жібек жолының үлгісінде жасалған. Қытайдың «Император сарайынан» басталатын Ұлы Жібек жолының бойынан қазақтың «Хан сарайын», «Керуен сарайын», Орталық Азия елдерінің «Әмірші сарайын», Үндістанның «Радж сарайын» кездестіруге болады. Бұлардың барлығы да ортағасырлық стильде салынған, безендірілуі мен ішіне қойылған заттардың бәрі өткен заманнан хабар береді.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Қазақстанда алғаш қолға алынған бірегей жобалардың бірі – этноауыл да осы саябақтың төрінен орын тепкен. Бұл ауылды жүзден астам ұлттың өкілі татулық пен келісімде тұрып жатқан еліміздің шағын макеті десе де әбден болады. Бір көшенің бойында қазақ, украин, ұйғыр, әзірбайжан, корей, чешен, татар, неміс, орыс, беларусь, еврей, поляк, армян ұлттарының XIX-ғасырлардағы қонысжайлары қаз-қатар тізіліп орналасқан. Үйлер мен ішіндегі заттарын түгелдей мұрағат материалдарына, ғылыми әдебиеттердегі жазбаларға сүйене отырып жасаған.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Жоғарыда айттық, кешен жыл сайын 1 мамырда ашылады. Неге? Біріншіден мамырдың мамыражай күндері басталып, Алтайдың алты ай қыстағы тоңы жібіп, жер аяғы кеңіген шақ. Екіншіден Қазақстан халқының бірлігі күні тойланады. Ал этноауылды салудағы түпкі мақсат – елдегі ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын дәріптеу, татулық пен келісімнің қазақстандық үлгісін көрсету. Және бұл жоба өз миссиясын толық орындады.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Этноауылды Қазақстан халқына соғылған керемет ескерткіш деуге болады расымен. Осындай ғажап мекенді мамандар 2010 жылы айналдырған бір айдың ішінде жасап шықты. Мұнда қазақ, татар, ұйғыр, неміс, корей, поляк, чешен, орыс сияқты көптеген ұлттың қонысжайлары орналасқан. Бір айта кетерлігі, әр ұлттың қонысжайында өзіне тән тұрмыс-салты, дәстүрі сақталған. Үйдің ішіндегі тұрмыстық заттар, жиһаздар, кілем, төсек-орын, тіпті киімге дейін кәдімгі өмірдегідей жасалған. Көбі шынайы жәдігерлер. Қолданылған уақыты ғана ертерек. Мәселен, бұл қонысжайларда бір ғасыр ілгерідегі, тіпті одан да көп уақыт бұрынғы жәдігерлер тұр. Қысқасы, тұнып тұрған тарих, мәдениет, – дейді сәулет-этнографикалық және табиғи ландшафтық музей-қорығының директоры Арсен Тен.

Музей-қорық басшысының айтуынша, Солжағалау кешені қала халқы мен қонақтарының демалып, серуендейтін саябағы ғана емес, мәдени, рухани шаралар, керек десеңіз халықаралық фестивальдер өткізілетін орталыққа айналды десек артық айтқандық емес. Өзіне рухани азық алып, таным көкжиегін кеңейткісі келген, жандүниесін байытуды ойлаған адамдарға бұл саябақтың берері мол. Қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілердің пленэрі, дәстүрлі ән фестивальдері, поэзия кеші сияқты шаралар жиі өтіп тұрады мұнда.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Жалпы, бұл ғажап саябақты, еліміздің ешбір өңірінде жоқ этноауылды жасау идеясының авторы, авторы ғана емес-ау, сол идеяны өз қолымен іске асырған нағыз патриот адам – Николай Зайцев. Николай Алексеевич – Өскеменнің өз тұрғыны, көзі тірісінде сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық қорық-мұра­жайына басшылық еткен.

Қаланың байырғы тұрғындарының айтуынша, Солжағалау кешенінің аумағы ертеректе тау-тай боп үйілген бетон құрылыстарға толы өнеркәсіп алаңы болыпты.

Өскеменде отыз жылдан астам уақыт тұрып келемін. Ертістің сол жағалауындағы қазіргі саябақтың орны бұрын қалың шөп басып, батпақ болып жататын. Үлкен-үлкен бетон құрылыстар шашылып жататын. Ол аздай тұрғындар қоқыстарын әкеліп тастап кететін. Білуімше, Николай деген кісі өз қаражатына осы саябақты салуды бастапты. Нәтижесін көріп отырсыздар, – дейді өскемендік зейнеткер Ораз Қабылбекұлы.         

Тұрғынның бұл сөзінің жаны бар. Николай ақсақал саябаққа егетін ағаш көшеттері мен экспонаттарды сатып алуға өзінің тірнектеп жиған ақшасын жұмсапты. Өз қолымен мың шақты көшет пен өсімдікті отырғызғанын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары сан мәрте жазған. «Николай Зайцев Өскеменде мәдени төңкеріс жасады» деп жарыса жариялады әріптестеріміз. Ал ландшафтық дизайнның қыр-сырын білетін мамандар Сол жағалау кешенін Гайд-паркпен (Лондон) салыстырып жатады. Кешеннің жалпы аумағы 120 гектарға жуықтайды. Осынау аумақта өсімдіктің 500-ден астам түрі өсіріледі, оның 300-ге жуығы сирек кездесетін түріне жатады. Аумағы тым үлкен болғандықтан демалушылар саябақты шағын пойызға отырып аралай алады. Келушілердің дені этноауылға қатты қызығады. Жеті гектарға жуық аумақты алып жатқан ауылдың аурасы керемет енді. Мекеннің ортасында қазақтың ақшаңқан киіз үйі тұр. Сол сияқты қазақтың отырықшылық кездегі тас үйлерінің көшірмесін де көруге болады. Бұл үйлерді қарап, күтіп ұстайтын адамдар бар. Бара қалсаңыз қонысжайлардың тарихы мен мәдениетінен сыр тарқатады олар.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Әр халықтың қонысжайлары олардың тұрмыс-салтына, мәдениетіне қарай бейімделіп жасалған. Мәселен, кәрістің үйіндегі тұрмыстық заттарға қарап олардың бағбаншылыққа, егіншілікке жуық екенін аңғаруға болады. Орыс ұлтының да бау-бақша егіп, мал шаруашылығымен айналысқанын байқайсыз. Былайша айтсақ, этноауылдан әр ұлттың ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тұрмыс-салтымен, мәдениетімен жақынырақ танысуға болады. Көзбен көріп, қолмен ұстайсыз. Мәселен, мынау бақуатты адамның үйі. «Г» әрпінің формасында салынғандықтан «глагол» деп аталады. Біз осы үйлердің іші-сыртын таза ұстап, ішіндегі экспонаттарға ұқыптылықпен қарап отырамыз. Көп ұзамай аулаға қырыққабат, сәбіз, асқабақ, картоп сияқты көкөністер егеміз. Күзде өнімді жинап, хайуанаттар бағына береміз, - дейді өзін Галина деп таныстырған этноауылдағы үйлердің қараушысы.

Биыл көктемде «Таза Қазақстан» руспебликалық экологиялық акциясы аясында Солжағалау кешенінде тазалық жұмысы жүргізілгенін айта кеткен абзал. Қаланың белсенді тұрғындары мен еріктілер, сондай-ақ мекемелердің қызметкерлері өздерінің сүйікті саябағын тазалап, көшет отырғызуға бір кісідей атсалысты.

Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті

©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Республикалық акция аясында музей-қорықтың жұмысшылары бірі қалмай түгел сенбілікке қатысты. Жиыны 300-ден астам адам тазалық жұмыс атқарды. Одан бөлек еріктілер мен қоғам белсенділері де этнопаркті тазалап, жинауға жұмылды, - деді  сәулет-этнографикалық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы қазақ этнографиясының меңгерушісі Данияр Мерғалиев.

Өскеменнің визиттік карточкасына айналған этноауылда тағы бір ұлттың қонысжайы бой көтермек биыл. Жуықта ғана Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін осы этносаябақта атап өтіп жатқанда тәжік халқының өкілі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаевтан мұндағы қонысжайлардың қатарына өз ұлтының үйін салу үшін жер телімін сұраған. Тәжік азаматының бұл ізгі ниетін аймақ басшысы құп көріп, қолдау білдіретінін айтқан. Сөйтіп, Өскемендегі Қазақстанның шағын макеті тағы бір қонысжаймен толығатын болды.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға