Өскеменде Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалі өтіп жатыр
Өскемен қаласында 1-5 қазан күндері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXX республикалық фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған фестивальдің ұйымдастырушысы - Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры.
Фестивальдің негізгі мақсаты – Қазақстан театр өнерін дамыту, дарынды әртістер мен режиссерлерді анықтау және қолдау. Сонымен қатар, фестиваль Қазақстанда дәстүрлі театр өнерін сақтау, қазақ балалар әдебиетін дәріптеу, және Бердібек Соқпақбаевтың шығармашылық мұрасын мәңгі есте сақтау сынды мақсаттарды көздейді.
1992 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан фестивальде әр жылдары түрлі өңірлерден театр ұжымдары балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдарын ұсынады. Биыл фестивальге 10 театр ұжымы қатысуда. Олардың қойылымдары Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының сахнасында көрсетіледі.
Фестиваль жеңімпаздары «Үздік спектакль», «Үздік режиссерлік шешім», «Үздік сценографиялық шешім», «Үздік ер адам рөлі», «Үздік әйел рөлі» және басқа да номинациялар бойынша анықталады.
Фестиваль аясында берілетін басты марапаттардың бірі — «Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлық». Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 5 қазан күні өтеді.