Өскемен тұрғынынан жарты келіден астам гашиш тәркіленді
Ер адам үйінде гашиш, кептірілген марихуана және қарасора тұқымын сақтаған, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Ертіс полиция бөлімінің полиция қызметкерлері есірткі сақтаған деген күдікпен қала тұрғынын ұстады. Жеке тінту жүргізу кезінде ұсталған адамның қалтасынан тәртіп сақшылары спецификалық иісі бар қоңыр-жасыл түсті ұнтақ түріндегі зат оралған 2 қағаз ораманы және трамадолдың 1 пластинкасын тауып алған. Кейін күдіктінің тұрғылықты жерін мұқият тінту барысында жедел уәкілдер полимер орамалардағы ұнтақ түріндегі заттарды, сондай-ақ өсімдік тектес заттар мен тұқым салынған орамаларды тапқан.
Полицейлер тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберген, оның нәтижесі бойынша күдікті үйде 534 грамнан астам гашиш пен 9 граммға жуық кептірілген марихуананы сақтаған, ал орамдағы тұқымдар қарасора тұқымдас өсімдіктің жемісі болып шыққан.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 4-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктіні үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.