Өскемен қаласында БАҚ өкілдері арасында турнир өтті
Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласының туған күніне орай шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында қала әкімінің кубогы үшін республикалық турнир өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шырайлы шығыста өткен жарысқа еліміздің бірнеше аймағынан БАҚ өкілдері келіп қатысты. Олардың арасында Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл, Жетісу, Абай облыстарының құрамаларымен қатар Көкпекті ауданының командасы да бар.
Турнир қорытындысы бойынша Өскемен қаласы әкімінің кубогын Астанадан келген Qaz365.kz ақпараттық порталының командасы жеңіп алды. Финалда олардан жеңілген Жетісу облысының «Қарекет» ұжымы екінші орынға табан тіреді. Үздік үштіктен тараздық әріптестер көрінді.
Турнирдің «Үздік ойыншысы» атағын «Qaz365.kz» командасының өкілі Бақытжан Масақов жеңіп алса, «Өскеменнің» шабуылшысы Оңғар Қабден «Үздік шабуылшы» атанды. Сол сияқты тараздық Жасұлан Айтқұлов «Үздік қорғаушы», талдықорғандық Самат Есентайұлы «Үздік қақпашы», астаналық Елдос Өміртай «Үздік сұрмерген» аталымдарына ие болды. Жеңімпаздарды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар марапаттады.
Өскеменде журналистерге арналған тамаша бір тимбилдинг болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған командалар Өскемен әкімінің кубогын сарапқа салды. Бәйгеге тігілген қомақты қаржылай жүлденің жөні бір бөлек, бастысы өзара достық қарым-қатынасты, әріптестік байланысты нығайту деп білетін БАҚ өкілдері Кенді Алтайдан керемет әсер алып қайтқаны рас. Айтпақшы, футбол тойына ертерек келген журналистер қаланы аралап, Өскеменнің көрікті жерлерін көрді. Кейінгі бірнеше жылда бұл шаһар шынымен де көркейіп, өркен жайып келе жатқанын тілге тиек етті әріптестеріміз. Осындай керемет футбол тойын өткізуге үлкен қолдау көрсеткен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мырзаға алғысым шексіз, - дейді «Дидар» газетінің бас редакторы, ұйымдастыру алқасының мүшесі Серік Әбілхан.
Жеңімпаз «Qaz365.kz» командасының капитаны Дастан Заманбеков жарыстың оңай болмағанын, дегенмен ұйымдасқан ойынның арқасында жеңіске жеткендерін айтты.
Біз бес матч өткізіп, барлығында жеңіске жеттік. Командаға жаңадан қосылған ойыншылар бар. Соған қарамастан алаңда бір-бірімізді жақсы түсіндік. Журналистердің турнирі тек жасыл алаңда жан алысып, жан берісуден бөлек, ерекше тимбилдинг. Осындай бас қосулар салауатты өмір салтын насихаттай отыра, БАҚ өкілдерінің бірлігін арттырады, - дейді Дастан Заманбеков.