Жаңалықтар

Оскарға ұсынылған "Жат" фильмі Қазақстанда 24 қыркүйектен бастап көрсетіледі

Оскарға ұсынылған "Жат" фильмі 24 қыркүйектен бастап барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды.
22.09.2015 08:52 3772

«Оскар» сыйлығының «Шет тіліндегі ең үздік фильм» аталымы бойынша сынға түскен "Жат" фильмінің Қазақстандағы премьерасы 23 қыркүйек күні Kinopark Esentai-да көрсетіледі. Ал, Қазақстан кинотетрларындағы жаппай көрсетілім 24 қыркүйектен басталады.

Оскарға ұсынылған "Жат" фильмі Қазақстанда 24 қыркүйектен бастап көрсетіледі

Ермек Тұрсынов "Жат" фильмінің сценарийін осыдан 25 жыл бұрын жазып қойған екен. Өмірде болған оқиғаны дипломдық жұмысында көрсетіп, экранизациялаудың сәті енді түскен. 

Фильмнің әлемдік премьерасы Торонтода өтті. 1976 жылдан бері Канаданың Торонто қаласында өтіп келе жатқан TIFF халықаралық кинофестивалінде "Жат" фильмі көрсетіліп, Variety, Hollywood reporter және Le Screen секілді беделді журналдар жарыса рецензия жазды. 

"Жат" фильмі өмірде болған оқиғаларға негізделген, онда 30-жылдары өмірден баз кешіп, тауда ғұмыр кешуге кетіп қалған Ілияс есімді ер адамның басынан кешкен жайттар баяндалады. "Біз Ермек екеуіміз түсірілім алдында бас кейіпкер прототипінің моласына бардық, онымен таныс болған адамдармен әңгімелестік. Ермектің өзі оны бала кезінде көрген. Ер адам 30-жылдары тауға кетіп қалып, өмірінің соңына дейін оралмады. Ол өркениеттен мүлдем қол үзді деуге болмайды, бірақ бар ғұмырын жалғыздықта өткізді", – дейді картина продюсері Қанат Төребай. 

Ермек Тұрсынов осылайша адам тағдыры туралы кезекті тәмсілін ұсынып отыр. "Бұрынғы еңбектеріндегідей бұл киноға да ол терең философиялық мағына беріп отыр. Картинада қайткенде адам болып қалу керек деген мәселе көтеріледі. Тобырдан бөлек кету мен оның ортасында өмір сүрудің ара-жігі туралы айтылады. Бұл - үлкен философиялық жұмыс", – деген еді Қанат Төребай. 

Картинаның түсірілімі 2014 жылдың қараша айында аяқталған. Кино Алматы облысының тауларында түсірілді. "Жат" лентасы қазір постпродакшн кезеңінде. Фильмде негізгі рольде "Келін" лентасы арқылы таныс Ержан Нұрымбет ойнайды. 

Басты рөлдерде: Ержан Нұрымбет, Элина Абайқызы, Қуандық Қыстықбаев, Александр Карпов, Роза Хайруллина, Ерболат Тоғызақов.

19 қыркүйек күні Алматыда дәстүрлі «Еуразия» халықаралық кинофестивалі басталды. Шығармашылық бәйгеге Еуропа мен Азияның ең таңдаулы деген 10 фильмі қатысады. Қазақстан атынан бұл додаға Ермек Тұрсыновтың «Жат» фильмі жіберілген. Бұдан бөлек, «Еуразия» кинофестивалінің аясында бірінші рет «Шәкен шоқ жұлдызы» байқауы ұйымдастырылды. Онда 9 туынды бас жүлдеге таласуда. Биылғы шара «Ұлы Жібек жолы, Шығыс пен Батыс мәдениетінің байланысы» деген ұранмен өтуде. Кинофестиваль 25 қыркүйекке дейін жалғасады. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға