Жаңалықтар

ОСК төрағасы ТМД байқаушылар тобымен кездесті

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі мәлім етті
ОСК төрағасы ТМД байқаушылар тобымен кездесті
Фото: election.gov.kz 02.11.2022 19:05 1193

2 қарашада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров онлайн-форматта ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының байқаушылар тобымен және ТМД ПАА Кеңесі Хатшылығының Бас хатшысы - басшысы Д. А. Кобицкиймен кездесті, деп хабарлайды El.kz 

ҚР ОСК Төрағасы ТМД ПАА байқаушыларын сайлау науқанына дайындық барысы, оның негізгі кезеңдері туралы хабардар етті, сондай-ақ осы уақытқа дейін ҚР Президенттігіне кандидаттарды тіркеу аяқталғанын және штабтар сайлау алдындағы үгіт жүргізіп жатқанын атап өтті. 

Өз кезегінде, Дмитрий Кобицкий Ортсайлаукомға кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. ТМД ПАА өкілдері Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын әзірлеу мен өткізуге, оның ішінде кандидаттардың сайлау алдындағы пікірсайыстарын ұйымдастыру мен өткізуге, сайлаушылар санына, берілген есептен шығару куәліктерінің санына, сайлау комиссияларының дауыс беру күніне дайындығына қатысты түрлі сұрақтар қойды. 

Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров ТМД ПАА байқаушыларын Ортсайлаукомның отырыстары мен оқыту іс-шараларына қатысуға шақырды, сондай-ақ ТМД ПАА өкілдерінің өздерін қызықтырған мәселелер бойынша ОСК мүшелерімен және аппаратымен кездесулерін өткізуге дайын екендіктерін білдірді. 

ТМД ПАА өкілдері ҚР ОСК жанынан құрылған Сарапшы кеңестің жұмысына онлайн форматта қатысуға мүдделілігі мен дайындығын білдірді, сондай-ақ жастардың сайлау белсенділігін арттыру бойынша бірлескен жобаларды пысықтауды ұсынды. 

Кездесу соңында екі тарап сайлауды ұйымдастыру мен өткізу және оларды байқау бойынша жұмыстарға  өзара табыс тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға