Жаңалықтар

Өсімдіктану. Қазақ даласындағы емдік шөптер

Қазақ даласында өсетін кейбір емдік шөптер
Өсімдіктану. Қазақ даласындағы емдік шөптер
18.10.2018 16:25 52509

Бас ауырса, іш ауырса

Мамам дәрі береді.

Барлық ана, барлық бала

Оны жақсы көреді, – деп дәрігер анасын мақтанышпен жырлайтын тақпақты көбіміз жаттап өстік. Қазақ даласында ықылым замандарда  дәрігер болмаған. Бірақ, емшілер мен сынықшылардың болғандығы әмбеге аян. Бала кезімде жүкті әйелдің ішіндегі баланы бәкісімен бөлшектеп алып шыққан емші жайлы әңгімені естіген едім. «Кейін әлгі шешеміз тағы үш бала туды. Мына Орақбайлар сол шешемізден тараған ұрпақтардан тарап отыр емес пе?» деген ауылдағы шалдар айтқан әңгімелер есімде. Ол кезде бала болдық қой. Кейін сол қариялардың көз жұмарын, айтылған әңгімелердің өзімізге керек боларын ол кезде білмеппіз...

Біздің ауылда Үйсінбай деген қария болды. Ол кісі шөптің мыңдаған түрін жатқа білетін адам болатын. Бірақ, сол білімімен бөліспей кетті. Соны арамдықпен істеді дейсіз бе?  Қызықтаған жан болмаған соң, шөбін теріп жүре берді де. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен заман еді ғой ол кездер... Сол Үйсекең жайлы аңыз көп еді. «Үйсінбай өкпе ауруымен ауырған ұлын шөппен емдеп алыпты», «Үйсінбай тағы бір кемпір әкеліпті» дегендей әңгімелер гулеп жататын. Бұл әңгімелердің барлығы Үйсекең әкеміздің шөп танығыштығына келіп тірелетін. «Бұл қу бізге қандай шөп қайнатып ішетінін айтпайды. Жесір кемпірлердің қызығын өзі ғана көрмекші» деп құрдастары тарауық кезінде қағытып отыратын. Үйсекең ондайда сақалын тарамдап не болмаса жалтыр басын сипалап күле беретін...

Сурет көзі: pixabay.com

Қазақ  жерінің асты да үсті де бай.  Қойнауы қазынаға толы өлкенің жері де шұрайлы. Небір өсімдіктер жайқалып өсіп тұр. Жалпы, емдік шөп дегеніміз білгенге ем, білмегенге у дүние ғой. Оның мөлшерін, қай мезгілде пайдалану керектігін дөп басу керексіз. Қолымызға түскен ақпаратқа сенсек қазақ даласында 500-ден астам емдік шөп бар деседі. Енді, сол шөптердің біразына тоқтала кетейік.

Алабота деген шөп бар. Бұл менің білуімше бір жылдық шөп. Кей жылдары тұқым көп шашады ма, ауыл маңына ерекше қаптап кетуші еді. Егіншілікпен айналысатын қазақтар бұл шөпті арамшөп тұқымына да жатқызып жатады. Себебі, егін алқабында жайқалып өсіп тұрған алаботаны өз көзіммен көрген болатынмын. Біздің алдымыздағы қазақтар осы алаботаны қайнатып, одан сабын жасаған екен.

Киікоты. «Бір шөп бар Арқада киікоты, иіскесең, лапылдайды көңіл оты» деп белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутай ағамыз бір кездері фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазғаны бар еді. Бұл киікоты дегеніңіз білген адамға көп дүниеге ем. Еліміздің кей өңірлерінде күбіні  осы киікотымен ыстайды екен. Ал, біздің арқада күбіні тобылғымен ыстайды. Ысталуы бөлек болған соң қымыздың дәмі де екі түрлі болады.

Бала кезімде әжем бізге киікотыны қаппен тергізетін. Себебі, әжемнің буындары ауырушы еді. Сөйтіп, бала-шағасы жинап берген киікотыны қайнатып, бұлауға түсуші еді жарықтық.

Қан қысымы бар адамдар осы киікоты шәйін демдеп ішсе, қысымы бірден қалпына келеді деседі. Киікоты шәйін ішіп, «Қақырығым түсіп, жақсы болып қалдым» деп жүрген талайларды көрдік. Киікотының жапырағын арақ-шарап өндірісіне қолданады дейді. Ішімдікке әуестігім болмағандықтан «Тап мына араққа киікоты қосқан екен. Ішіңіздер, емдік қасиеті бар сусын ғой» деп кеңес бере алмайды екенмін.  Арқа жұрты киікоты дейтін бұл шөпті еліміздің кей өңірлерінде «Көкемарал» деп те атайды.

Меңдуана. Қазақта әлпілай сөйлей салатын адамдарға қарата «Меңдуана жеп алғанбысың?» деп айтылатын тіркес бар. Соған қарағанда бұл өсімдіктен адамды елітетін «дәрі» жасап алуға болатын сыңайлы. Пушкиннің «Алтын  балық» жайлы әйгілі ертегісінде мынадай бір жолдар бар. Кемпірдің тойымсыздығына, санаға сыймайтын сұрауларына ызаланған шал "Что ты баба, белены объелась?" демеуші ме еді? Сондағы ақсақалдың айтып отырған «беленасы» осы меңдуана.

Біздің көзіміз үйренген, ақшыл, сұрғылт гүлі бар меңдуанамыз «Сасық меңдуана» деп аталады. Медицина саласында Сасық меңдуанадан алынған препаратты өкпе демікпесі, тыныс алу жүйесі, теңіз және биіктікке бейімделе алмауға байланысты ауруларға қарсы пайдаланады.

Бұл өсімдіктің  «Қара меңдуана» деп аталатын екінші бір түрі бар. Бұл түрі де еліміздің барлық аймағында өседі.  Қара меңдуанадан жасалған препараттар жүйке жүйесін тыныштандыруға, аяқ-қолдың дірілін басуға қолданылады. Өсімдік жапырағының ұнтағы "астматол" препаратының құрамына кіреді, ол кеңірдектің демікпе ауруына қарсы пайданалады. Меңдуана майы адамды тыныштандыруға, сондай-ақ ревматизм, радикулит ауруларына қарсы қолданылады. Әбден пісіп тұрған меңдуананы жеп қойған мал уланып өледі дегенді үлкендерден естігенім бар еді.

Мыңжапырақ. Кей аймақтарда бұл өсімдікті «Ақ басты гүл» деп те атайды. Өсімдіктанушылар бұл гүлді жусан тұқымдас шөптерге жатқызып, «Ақбас жусан» дейді. Елімізде бұл өсімдіктің оннан астам түрі бар екен. Құрамында ахиллеин алкалоиді, эфир майлары, камфора, туйон және құмырсқа, сірке, валериан, аконит, аскорбин қышқылдары, С, К дәрумендері, фитоцидтер, спориттер бар.

Ата-бабамыз бұл шөпті көбіне өтке тас жиналғанда, бауыр ауруларына қарсы, өкпенің  қабынуына, геморройды емдеу  мақсатында қолданған екен. Жалпы, мыңжапырақтың жапырақтарын қан тоқтату мақсатында да қолданады. Осы бағыттағы дәрі-дәрмектерге пайдаланылады. Қазіргі медицинада мыңжапырақтың рөлі артпаса кеміген жоқ.

Жалбыз. Бұл өсімдіктің пайдалылығын қандай шкаламен өлшеу керектігін білмей отырмын. Бұл шөптен жасалған дәрілер адамның бар ауруына ем десем қателеспеспін. Жалбыз түйілуді басатын, өт айдайтын, тырысуға қарсы, тыныштандыратын, қабынуға қарсы, ауруды басатын әсерге ие. Жалбыз ас қорытуды жақсартады, тәбетті ашады, асқазан сөлінің қышқылдығын төмендетеді, лоқсуды әлсіретеді, асқазанның түйілуін қайтаратыны және бар. Жалбыздан әзірленген шай ішсеңіз қақырық түсіруге, жүйкені нығайтуға көп көмектеседі. Ішек құртын түсірудің ең қарапайым жолы да осы жалбыз шайын ішу екенін есіңізден шығармаңыз. Жалбыз дегенше «Жалғыз» деуге болатын шөп секілді.

Қыз-келіншектердің бет терісінің күтіміне байланысты маскалардың да түр-түрін осы жалбыздан әзірлеуге болады. Себебі, құрғақ терілерді ылғалдандыратын қасиетке ие деседі. Қыз-келіншектердің етеккірі қалыптан тыс көп келген жағдайларда да осы жалбыздың көмегіне жүгінген екен баяғы аналарымыз.

Күшәлә. Қазақ даласында өсетін керемет өсімдіктің бірі осы. Бала кезімізде мешелмен ауырған балалардың мойнына күшәлә тағып қойғанды талай рет көргенбіз. Бұл өсімдік сал ауруларына,  тері рагына, түрлі сыздауық пен шиқандарға, кеңірдектің қабынуына таптырмас ем екен. Әрине, пайдалану әдісін білсеңіз ғана.

Бір жылдары құлағым ауырған болатын. Сонда бір үлкен кісі «күшәлә ұнтағын суға езіп, құлаққа тамызып отырсаң тамаша ем» деп айтқан болатын. Сол уақыттарда күшәләні таба алмай қалған болатынмын. Әйтпесе, бұл емді жасап көріп, бүгін сіздерге нақты нәтижесін айтар едім.

Бұрынғы үлкендер беті жансызданып қалған адамның бетіне күшәләні ұсақтап турап, таңып тастайды екен. 4-5 күн сайын күшәләні ауыстырып отырса, айналасы 15-20 күнде адам бетіне жан кіреді дегенді де естіген едім.

Күнбағыс. Қате оқып отырған жоқсыз. Әңгіме кәдімгі күнбағыс жайлы. Күнбағыстың тамырын суға әбден қайнатып, сол суымен аузыңызды шайсаңыз тісіңіздің қақсағаны басылады екен. Тіс етінің қабынуына да осы әдісті пайдаланыңыз. Тек, ескеретін бір дүние бар. Қайнаған суды әбден суытып алыңыз. Әйтпесе, қабынған тіс еттеріңіз жазылмақ түгілі  күйіп қалуы ықтимал.

Бүйрегіңзде, қуық жолдарыңызда тас болса мына жолдар сізге арналған. Күнбағыс сабағының өзегін (сабақ ішіндегі ақ еті) суға қосып қайнатып, күніне бір мәрте ішіп отырыңыз. Ал, ішіңіз өтсе және нәжісте қан байқалса мына әдісті пайдаланып көріңіз. 30 грамм күнбағыс тұқымын суға бір сағаттай қайнатып, сол суды ішіңіз.

Қалақай. Бұл түкті өсімдік. Түктерінің түбінде сөлдері болады. Адам денесіне жанасса әлгі түктер сынып, ішіндегі улы сөл шашырайды. Бұл сөл тері қабатын күйдірердей әсер береді. Халық арасында «Қалақай шақты» деген түсінік осыдан туса керек.

Ертедегі қазақтар жылан шаққан кездерде жараның аузына жас қалақай жапырағын таңған екен. Сондай-ақ, қалақай жапырағын теріге шығатын сүйел ауруларына да пайдаланған.  Қалақай қосылған дәрілерді  диабетпен ауырғандар ішсе, кептірілген жапырағынан жасалған қайнатпаларды  қақырық түсіру және асқазанды тазарту мақсатында ішеді.

Құлмақ. Бұл өсімдікті Пивогүл деп атайтындарды да кездестіргенмін. Сірә, сыра, квас өндірісінде кеңінен қолданылатын өсімдік болса керек. Халық медицинасында құлмақты тамаққа тәбеті тартпай қалған жандарға берген. Бауыр аурулары мен жүйке жүйелері сыр берген кезде де құлмақ қайнатындысын ішкен екен. Дәрі жасау үшін оның аналық гүл шоғырын толық ашылып тұрған кезінде жинап алады екен.

Итмұрын. Тау етегінде өсетін өсімдік. Бала кезімізде тікенек бұталарының арасына кіріп кеткен бұзауларды жыларман болып, әрең шығаратынбыз. Сондай кездерде  «Адамға бір пайдасы жоқ осындай өсімдікті не үшін жаратты екен?» деп күйінетінімді несіне жасырайын. Күйінбей қайтесің. Қышқыл дәмді жемісін сүйсініп жей алмайсың ең болмағанда. Адам үшін пайдалы өсімдік екенін қайдан білейік.  Сол итмұрыныңыздың гүлінін шәй, жемісінен дәрі-дәрмектер жасалынатын болып шықты.  Медицинада негізінен асқазан және бауыр ауруларына қарсы ем ретінде қолданылады. Тымау тиген кезде итмұрынды шай сияқты қайнатып ішсеңіз, ағзаңыды С дәруменімен байытады. 

Мия. Есекмия деп те айтатындар бар. Біздің аймақта есек ұстамайтындықтан есектің бұл шөпке қандай қатысы барын біліп алмадым. Білетінім, өте өміршең өсімдік. Тұқымы топырақ бетінде 1-2 жыл жатып қалса да, өз күшін жоймайды.  Осы мияның «Қызыл мия» деген түрі бар. Бұл өсімдік Қытай және Тибет медицинасында сұранысқа ие. Бұл, біржылдық шөп емес. Медицинада  3-4 жылдық қызылмияның тамыры қолданылады. Себебі, осы уақыт аралығында тамыр өзіне барлық құнарын жинап, толысады екен. Бала кезімізде өсіп тұрған мияны жұлып алып, бір-бірімізді сабалап ойнаушы едік. Сол кезде кейбір мияның тамыры кәдімгі сәбіздердей жуан болатынын байқайтынбыз. Сөйтсек, бір-бірімізді жәй ғана шөппен емес, ақшамен сабап жүр екенбіз ғой.

Қара базарда бұл өсімдіктің тамырының тоннасын 600-900 доллар аралығында  қабылдап жатыр.  

Қызыл   мияның  тамырында   гликозид, сахароза,   эфир   майы,минерал   тұздар,  қызыл   мия   қышқылы,күрделі    қанттар  және   крахмал  сияқты   көптеген ағзаға қажетті  дәрумендер   бар. Осы  қасиеттеріне  байланысты   олар  медицинада және  тамақ өнеркәсібінде   қолданылады. Қызыл  мия   жүрек  сырқатына, асқазанға,  ішек  жарасының он екі түріне ем екен.  Дәрілерден,  қорғасыннан  уланған жағдайда   таптырмас  шипа. Тамырының жағымды  тәтті  дәмі   бар. Тәттілігін     қантпен салыстырар болсақ     50 есе  жоғары деседі.

Жусан. Жусанды білмейтін қазақ жоқ шығар. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Егемен Қазақстан газетіне «АҚШ-тың Калифорния штатындағы университет ғалымдары ғылыми тілде Artemisia Annua деп аталатын өсімдіктің бір тәулікке жетпейтін уақыт аралығында  өкпе рагы жасушаларының 98 пайызын түпкілікті жойып жібере алатын қасиетке ие екендігін анықтады» деген мазмұнды мақала жарияланған болатын.  

Осындағы Artemisia Annua деп отырғанымыз кәдімгі жусан. Ежелгі гректер өсімдіктердің емдік қасиетін ашқан өсімдік құдайы Артемидтің  құрметіне осылай атаған екен. Сол замандарда спорт ойындарынын жеңіп шыққан жеңімпаздарға сыйлық ретінде  жусан шырынын ішкізеді екен. Қазақстанда жусанның жиырма шақты түрі өседі. Олардың ішінде азықтық және дәрілік қасиеттері жағынан қара жусан, бөрте жусан және құм жусаны – шағырдың маңызы өте зор.

Қымыздық. Аға-әпкелеріміз қымыздықтың жапырағын шәйнап, қышқылынан ләззат алып отыратын.  Сөйтсек оның жапырағында калий тұзы, сондай-ақ, белок, темір және өте көп мөлшерде С дәрумені бар екен. Қымыздық бауыр қызметін реттеуге, қан тоқтату мақсатында, өт қызметіне көп пайдасын тигізетін өсімдік.  

Мінекей,  біздің елімізде осындай керемет өсімдіктер өседі. Ал, біз білмейтін өсімдіктер қаншама? Бір жылдары көк жәшіктен берілген кәріс сериалындағы «Тәуіп Хожун» болып кетпесек те, дала жағдайында қандай шөптердің қандай пайдасы бар екендігін білгеннің еш зияны жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға