Орыс қызы Милана: Мақсатым – жастарға қазақ тілін үйрету
Елімізде қазақ тілін үйреніп жүрген өзге ұлт өкілдері мен шетел азаматтарының қатары артып келеді. Ұлты орыс болса да, қазақ тілінің мәртебесін жоғары қоятын Милана Тарасова қазақ тілін 5 жасынан бастап үйренген. Қазіргі таңда 19 жастағы студент қазақ тілін үйрететін курстың жетекшісі. Ол қазақ тілін үйретудің маңызы мен мәртебесі туралы айтып берді.
Милана қазіргі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің филология факультетінін 3 - курсында оқиды. Оның айтуынша, мектеп кезінен бастап қазақ тілінен сабақ беретін ұстаз болуды армандаған.
– Менің ұлтым орыс болғанымен қазақтардың ортасында өстім. Ауылда тұрып, қазақтың салт-дәстүрлерінің барлығын бойыма сіңірдім. 5-6 жасымнан бастап ауылдағы мектепте оқып, қазақ тілін үйрендім. Отбасымда менің әпкем ғана қазақша жақсы біледі. Ал, ата-анам қазақша түсінгенімен, оларға орыс тілінде сөйлеген ыңғайлы. Бірақ, көп жағдайда анаммен және әкеммен қазақ тілінде диалог құруға тырысамын, – дейді Милана Тарасова.
Оқушы кезінен бастап тіл жаңашыры және белсенді тіл маманы болғанын айта кетті.
– 10 жасымнан бастап түрлі байқауларға және өлең-шығарма сайыстарына қатысып, шығармашылықпен айналыстым. Мектеп кезінен бастап көптеген қазақша кітаптар оқып, сөздік қорымды байыттым. Оған қоса, менің достарым мен ортам мені қазақ тілін тез үйренуіме көмектесті деп айта аламын, – дейді Милана.
Қазіргі таңда қазақ тілін үйрететін жобаны қолға алып, тіл үйренемін деген жастарға көмектесіп жүр. Бұл жоба арқылы еліміздегі қазақ тілінің мәртебесін арттырып, жаңа бастамаларды қолға алғысы келетінімен бөлісті.
– Қазақ тілін үйрететін жобаны бір жыл бұрын қолға алдым. Қазір де өз жұмысымды жалғастырып жатырмын. Бірінші курста оқып жүргеннен бастап осындай үлкен жұмыста қолға алу жоспарым болды. Мақсатыма жету үшін жұмыс істеп, қаржы жинап өзімнің жеке мекемемді аштым. Бір жыл ішінде 20-дан астам адамға қазақ тілін үйреттім. Басқа қалалардан, елді-мекендерден қатысамын деген жандарға онлайн түрде оқытамын, – дейді студент.
Сонымен қатар, Миланаға көбінесе мектеп оқушылары мен жас студенттер тіл үйренуге ұсыныс білдіреді екен.
– Менің курсыма қатысатын адамдардың дені мектеп оқушылары, әсіресе 10-17 жас аралығындағы балалар. Бірақ, ересектердің де тіл үйренуге ниет білдіріп келетіндері бар. Олар көбінесе жұмыс барысында тілді түсінбей, қиналатындарын айтады. Дегенмен, тілді түсінетіндер, бірақ сөйлеуге ұялатындары да бар. Себебі, қате сөйлеймін және ойымды дұрыс жеткізбеймін деп қорқады. Сондықтан осындай мәселемен келетін жандардың барлығына көмектескім келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Елімізде барлық азамат үш тілді де білсе артық етпейді. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілі екенін айта кетті.
– Қазіргі таңда мен үш тілді білемін. Болашақта одан да көп тіл білгім келеді. Тіл маманы болғандықтан өз саламның шебері болуға ұмтыламын. Болашақта Халықаралық байланыс мамандығы бойынша да білім алуды жоспарлап отырмын. Бұл менің болашаққа деген арман-мақсатым. Бірақ бұдан да маңыздысы ауқымды, халықаралық қазақ тілін үйрететін бағдарламаны іске қосқым келеді. Сол үшін аянбай еңбек етемін, – дейді студент.
Жасына қарамастан Милана үлкен жобалар аясында қызмет істейді. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Қоғамдық келісім мекемесінің жанындағы Мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының көшбасшысы. Милананың бастамасымен өзге ұлттар арасында «Мен қазақша сөйлеймін» және «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты акциялары ұйымдастырылып, тілімізге қызығушылық танытқан жастардың саны артқан.
– Елімізде тіл мерекесіне байланысты қазақ тілін үйрену туралы көптеген акцияларға жетекшілік еттім. Тіл туралы барлық шараларға белсенді қатысып жүрмін. Болашақта қазақ тілін үйретуге қатысты кітап жазғым келеді. Ол кітапты үш тілде жазып, басқа елдерге де таратып, біздің ана тіліміз туралы барлық ел білгенін қалаймын. Ана тіліміз туралы онлайн кітапша мен аудио әңгімелерді дайындайтын бағдарламаны қолға алуды жоспарлап отырмын. Ол үшін көп қаражат керек. Сондықтан қазақ тілінің болашағы үшін еңбек етіп жатырмын, – дейді Милана Тарасова.