Жаңалықтар

Орыс қызы Юлия: Қазақ тілі сәнге айналып келеді

Орыс қызы Юлия: Қазақ тілі сәнге айналып келеді
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 06.11.2023 16:30 1571

Бүгінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Оған үлес қосып жүргендердің бірі – орыс қызы Юлия. Қазақ тілін 4 айдың ішінде жедел үйренуге арналған жобаның авторы әрі тіл жаңашыры.

Юлия Лагуткина тіл үйренем деген адамға сын емес, көмек көрсету керек деп есептейді. Қазақстанға көрші елден келген азаматтарға қазақ тілінде сөйлеуге кеңес береді. Осы орайда El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі Юлия Лагуткинамен аз-кем сұхбаттасуды жөн көрді. 

 

Орыс мектебін тәмамдап, орыс ауылынан шыққан ол қазақ тілін қалай үйренді?

Юлия - Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Лавровка ауылының тумасы. Орыс мектебінде білім алған. Дегенмен де қазақ тілін 6 жасында мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап үйренген. Бүгінде қазақ тілі маманы. Ол «қазақ тілін жақсы меңгеруім ұстаздарымның арқасы» дейді. 

Өзімді жолы болғыш жан деп есептеймін. Себебі, қазақ тілін өте білікті де, білімді ұстаздар оқытты. Алғашқы қазақ тілі ұстазым – Жанар  Ғазизқызы. Ана тілім – орыс тілі. Ортам, ата-анам, достарым мен жақындарымның барлығы орыс тілінде сөйледі. Дегенмен бұл менің қазақ тілін толық меңгеріп шығуыма кедергі болмады, - дейді тіл жанашыры.

Ол мектеп қабырғасынан бастап Абай шығармаларымен сусындап өскен. Тіпті, Абай оқуларына қатысып, шығармашылық сайыстарда үздіктердің қатарынан көрінген.

Юлия - Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Мамандығы – халықаралық қатынастар.

Орыс қызы Юлия: Қазақ тілі сәнге айналып келеді

Жоғары оқу орнында да біліктілігі мен білімі жоғары мамандардың арқасында қазақ тіліндегі сөздік қорым дами түсті. Әрине, оған үлес қосқан достарым да бар, – дейді.

 

Қазақ тілі курсын қалай ашты?

Юлия студент кезінде тіл үйрету орталығында менеджер болып жұмыс істеді. Кейін әуесқой ретінде орыс тілінен сабақ бере бастаған.  

Студент кезімде қытай тілінен беретін ұстазым тіл мектебін ашты. Менің қарым-қабілетіме қарап орталыққа жұмыс істеуге шақырды. Бірден келісіп, менеджер болып жұмысты бастадым. Бір күні орталықта «разговорный клуб» ашылды. Ұстазымның нұсқауымен орыс тілінен сабақ бердім. Қосымша басқа тіл үйрету орталықтарында қазақ тілінен дәріс өткіздім. Мамандығым халықаралық қатынастар болғандықтан ағылшын тілінен де шәкірт тәрбиелей бастадым, - деп атап өтті.

Пандемия кезінде барлық жұмыс орындары тоқтап, халық карантинде жатқан уақытта Юлияның да жұмысы тоқтады. Оқушыларының да саны азайып кеткенін айтты. Дегенмен ол бұл жағдайға мойымай басқа шешімін таба білді. Сол уақытта алғашқылардың бірі болып қазақ тілін үйрететін онлайн курс ашты.

Пандемия кезінде онлайн жұмысқа көштім. Ол кезде курстағы оқушылардың саны азайып кетті. Тіпті, оқушыларымның үйіне барып сабақ өткіздім. Бірақ бүгінде оның барлығы артта қалды. Қазіргі таңда 1000-нан астам оқушыға қазақ тілін үйретіп жатырмын. Алғашқы жылдары тек мектеп оқушылары тіл үйренуге келсе, қазіргі таңда олардың ата-аналары да сабағыма қатысып жатыр. Оқушыларымның арасында депутаттар да болған. Бүгінде қазақ тілін үйренгісі келетіндердің қатары көп. Бүгінде маған жастарға қарағанда ересектер көп келеді, - дейді ол.

Орыс қызы Юлия: Қазақ тілі сәнге айналып келеді

 

«Шетелдіктер мен депутаттарға да қазақ тілін үйреттім»

Юлия Лагуткина қазіргі уақытта шетелдіктерге де тіл үйретіп жүр. Соңғы кездері қазақ тілін үйренуде шетелдіктердің де қызығушылығы жоғары көрінеді.

Қазіргі таңда курсымда украин азаматшасы қазақ тілін үйреніп жатыр. Өзі Еуразия ұлттық университетінің 1 курсында оқиды. Тағы бірнеше шетелдік оқушым онлайн қазақ тілін үйреніп жатыр. Соның ішінде Калифорнияның 54 жастағы тұрғыны бар. Айта берсек, олардың қатары көп. Мұндай көрсеткіштер мені қатты қуантады, - деп шетелдік оқушыларының белсенді екенін айта кетті.

Орыс қызы Юлия: Қазақ тілі сәнге айналып келеді

Юлия қазақ тілі курсынан бөлек қосымша қоғамдық жұмыспен айналысады. 2017 жылдан бері Қазақстан халық ассамблеясының еріктісі ретінде көптеген шараларға белсенді қатысып жүр. 2019 жылдан бері республикалық «Оберег» украин қоғамдық бірлестігі Жастар қанатының төрайымы. Жүрген ортасында қазақ тілінде сөйлеп, тілге деген құрметі мен жанашырлығының арқасында көпке үлгі болып жүр.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға