Жаңалықтар

Орынтақ бос тұрмайды: 2023 жылы кімдер лауазымды қызметінен айырылды

Орынтақ бос тұрмайды: 2023 жылы кімдер лауазымды қызметінен айырылды
Фото: коллаж El.kz 27.12.2023 18:31 1915

2023 кадрлық тағайындауға толы жыл болды. Алғашқы тағайындаулар жаңа жылдың жұмыс күні басталған беттен-ақ жасалды. Бүгін El.kz ақпарат агенттігі солардың негізгілеріне тоқталды.

Министрлер

2023 жылғы 4 қаңтарда мемлекет басшысы үкімет аппаратының мүшелері мен бірқатар министрді ауыстырды.

Серікқали Брекешев экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметінен босатылып, оның орнын 2022 жылғы наурыздан бастап министр орынбасары болған Зүлфия Сүлейменова басты.

Дәл осы күні қызметінен оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов кетіп, кейіннен Мәжілісте депутат болып сайланды. Бұл орынға оның орынбасары Ғани Бейсембаев тағайындалды.

Ал Индустрия және инфрақұрылым министрлігінің тізгінін вице-министр қызметін атқарып келген Марат Қарабаев ұстады. Ол Қайырбек Өскенбаевтың орнына тағайындалды.

Асхат Оралов Дәурен Абаевтың орнына мәдениет және спорт министрі болды. Бұған дейін ол Amanat партиясында атқарушы хатшы қызметін атқарып келген.

Вице-министр болған Азамат Есқараев әділет министрі атанды. 2022 жылғы 11 қаңтардан бастап бұл қызметті Қанат Мусин атқарып келген.

4 сәуірде Энергетика министрлігіне Алмасадам Сәтқалиев келіп, ал Болат Ақшолақов президент кеңесшісі қызметіне кетті.

Президент әкімшілігінің қайта құрылуы

Ал 1 қыркүйекте мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде басқару құрылымының өзгеруіне байланысты Тимур Сүлейменов ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен, Аида Балаева, Ержан Жиенбаев, Ернар Баспаев Президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметінен, Ержан Қазыхан Президенттің халықаралық әріптестік жөніндегі арнайы өкілі қызметінен, Руслан Желдібай Президенттің баспасөз хатшысы қызметінен, Әсет Исекешев президент көмекшісі қызметінен, Қанатбек Жайсанбаев Президент әкімшілігінің өтініштерді қабылдауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметінен босатылды.

Сондай-ақ Президент жарлығымен Руслан Желдібай – Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелер және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі, Ержан Қазыхан – Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі көмекшісі, Ержан Жиенбаев – Қазақстан Республикасы Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымына тағайындалды.

Дәл осы күні президент жаңа министрлік құрды. Су ресурстары және ирригация министрлігі болып құрылған ведомствоны бұған дейін Жамбыл облысының әкімі лауазымын атқарып келген Нұржан Нұржігітов басқаратын болды.

2 қыркүйекте еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарып келген Тамара Дүйсенова премьер-министрдің орынбасары атанып, оның орнына Светлана Жақыпова тағайындалды.

Серік Жұманғарин премьер-министр орынбасары атанып, сауда және интеграция министрі лауазымынан босатылды.

Президент әкімшілігі басшылығының орынбасары болып келген Ернар Баспаев президент кеңесшісі атанды.

Әсет Ирғалиев президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалды.

Ержан Сәденов Марат Ахметжановтың орнына ішкі істер министрі қызметіне тағайындалды.

Бұған дейін ИИДМ болып келген Марат Қарабаев Көлік министрлігінің тізгінін ұстады.

Ал Мәдениет және ақпарат министрлігіне Аида Балаева келді.

Арман Шакқалиев сауда және интеграция министрі атанды.

4 қыркүйекте тағы бір министр тағайындалды – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Қанат Шарлапаев келді.

4 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ербол Қарашөкеевті ауыл шаруашылығы министрі қызметінен босатып, оның орнына СҚО әкімі болып келген Айдарбек Сапаров келді.

4 қыркүйекте Ұлттық банк басшысы да ауысты. Ғалымжан Пірматовтың орнын Тимур Сүлейменов басты.

Әкімдер

18 қаңтарда Қарағанды әкімі болып Мейрам Қожықов тағайындалды. Ал бұған дейін осы қызметті атқарып келген Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысының әкімі болды.

16 маусымда ШҚО әкімі лауазымына бұл қызметті 2014 жылғы 11 қарашадан бері атқарып келген Даниал Ахметовтің орнына Ермек Көшербаев келді. Көшербаев бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған.

1 шілдеде Петропавл қаласының әкімі қызметіне СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданының әкімі болып келген Серік Мұхамедиев тағайындалды.

10 шілдеде Шәкір Кейкин Атырау әкімі болды. Оған дейін ол Сауда және интеграция министрлігінде қызмет атқарған.

Ал 5 қыркүйекте Ақтөбе облысының әкімі болып бұрынғы спортшы Асхат Шахаров тағайындалды. Ол бұл қызметті 2022 жылғы 31 тамыздан бері атқарып келген Ералы Тоғжановты алмастырды.

Жамбыл облысының әкімі лауазымына ауыл шаруашылығы министрі болып келген Ербол Қарашөкеев тағайындалды.

Ал Шымкент әкімі қызметін Ғабит Сыздықбеков атқаратын болды. Ол 2020 жылғы 21 қаңтардан бастап әкім болып келген Мұрат Әйтеновтің орнын басты.

12 қыркүйекте Павлодар әкімі болып Хасар Қабылбеков тағайындалды. Ол бұған дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып келген.

23 қыркүйекте Ғауез Нұрмұхамбетов СҚО әкімі болып, Ауыл шаруашылығы министрлігіне кеткен Айдарбек Сапаровтың міндетін өзіне алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға