Жаңалықтар

Орташа жалақы алатын қазақстандық 1 млн долларды қанша уақытта табады

Орташа жалақы алатын қазақстандық 1 млн долларды қанша уақытта табады
Фото: El.kz 13.04.2023 11:11 1584

Миллион доллар табу – көп адамның арманы. Ал Қазақстанда орташа жалақы ала отырып бұл табысқа қашан жетуге болады деген сауалға Picodi сарапшылары жауап іздеп көрген, деп хабарлайды El.kz.

Тіршіліктің қамымен жүріп өмір бойы жұмыс істеу арқылы табатын табысымыздың қанша болатынын ойламаймыз да. Кейбір елдерде қиялдағы миллион долларға қол жеткізу үшін аса көп уақыт қажет емес екен.

Айталық, Швейцария тұрғыны орта есеппен алатын 5 443 франк немесе 2,7 млн теңге арқылы миллионды 14 жыл 3 айда таба алады. Осы көрсеткіш арқылы бұл ел топ басына шықты. Екінші орында Сингапур тұр – 16 жыл және 11 ай. Үздік үштікті 17 жыл және 4 аймен Люксембург түйіндеген. Аталған екі елде айлық жалақы теңгеге шаққанда 2,2 млн-дан асады.

Қазақстанға келсек, біз 102 елдің арасында 69-орынға жайғастық. Сарапшылар тұрғындардың қолына тиетін таза табысын есептеген. Салықтардан соң қолына алатын 219,7 мың теңгемен қазақстандық миллион долларды жинау үшін 171 жыл өмір сүруі керек.

Орташа жалақы алатын қазақстандық 1 млн долларды қанша уақытта табады

Ресейде жағдай жақсырақ. Солтүстіктегі көршіміз 60-орында – 136 жыл және 10 ай. Шамамен 174,7 мың теңге алатын Украина тұрғындарына 215 жыл және 10 ай қажет.  

Армения 63-орынға жайғасса (148 жыл және 8 ай), Грузия – 70-орында (172 жыл және 8 ай), Әзербайжан – 87-ші (228 жыл және 8 ай), ал Өзбекстан – 91-орында (277 жыл және 8 ай). Тізімнің соңында Уганда (523 жыл және 3 ай), Египет (603 жыл және 6 ай) және Пәкістан тұр (621 жыл және 3 ай). Бұл елдерде айлық жалақы Қазақстандағы ең төменгі жалақыдан аспайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға