Орташа зейнетақы 121 мың теңгеге жуықтады
Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша жыл басынан бері республикалық бюджеттен 824,3 миллиард теңге зейнетақы төленген. Соның ішінде базалық зейнетақы – 253,1 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы – 571,2 миллиард теңгені құрады. Айта кетейік елімізде 2 миллион 297 мың зейнеткер бар.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 798 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 82 953 теңге, базалық зейнетақы – 37 845 теңге болды, - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалады.
Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына тең болады. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады. Ал егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақы төменгі күнкөріс деңгейінің 80 пайызын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде яғни 100% белгіленеді.
Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылса, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақының мөлшері соғұрлым көп болады.
Ал азаматтың жасына байланысты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.