Жаңалықтар

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ЕҚЫҰ миссиясына алғыс білдірді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ЕҚЫҰ миссиясына алғыс білдірді
Фото: gov.kz 09.02.2023 10:51 1734

Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіровтің ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын байкау жөніндегі ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының басшысы Оуэн Мёрфимен кездесуі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының алдағы кезектен тыс сайлауы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жаңа сайлау қағидалары мен нормалары бойынша өткізілетінін мәлімдеді.  Атап айтқанда, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау кезінде жаңа пропорционалды-мажоритарлық модельге көшу, Мәжіліс пен мәслихат депутатын кері қайтарып алу бойынша императивті мандат енгізу, дауыс беру күні сайлау учаскесінде БАҚ өкілдерінің қатысу мүмкіндіктерін кеңейту туралы нормасына қатысты.

Нұрлан Әбдіров сайлау заңнамасына бірқатар басқа түзетулер 2021 жылғы парламенттік сайлауды бақылау қорытындылары бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының ұсынымдарына толық жауап беретінін ерекше атап өтті. ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкілдеріне науқанның барлық кезеңдері және сайлауға дайындық кезеңіндегі сайлау органдарының іс-әрекеттері туралы ақпарат берілді. Комиссия Төрағасы саяси партияларды, БАҚ, ҮЕҰ өкілдерін, жастар мен мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, сайлау процесінің ұйымдастырушыларын және басқа да қатысушыларын оқытудың маңыздылығына тоқталды. Ол Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын заңнамаға қатаң сәйкес жүргізуді қамтамасыз ететінін және салауатты және адал бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайтынын жеткізді.

ОСК Төрағасы ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясына Қазақстан Республикасындағы сайлау мен референдумды байқауға тұрақты қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Миссияның толыққанды жұмысы үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын баса айтты.

Өз кезегінде, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы басшысы О.Мерфи екі ұйым арасындағы ынтымақтастық пен Миссия жұмысына жасалған жағдайлар үшін алғыс білдірді. Ол 19 наурызда дауыс беру күні ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясына ДИАҚБ офисінің басшысы мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар тобы қосылатынын хабарлады.

Кездесу соңында тараптар ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өкілдерінің ҚР Орталық сайлау комиссиясының тұрақты отырыстарына, сондай-ақ ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанында ұйымдастырылған оқыту іс-шаралары мен диалог алаңдарының отырыстарына қатысу тәжірибесін жалғастыру туралы келісті. Сонымен бірге, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Қазақстан Республикасының барлық өңірлеріне сапарлар барысында ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының өкілдерімен кездесулерге дайын екенін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға