Жаңалықтар

«Орталық Азия - Жапония» диалогы жалғасуда

Келесі 10-шы мерейтойлық кездесу Қазақстанда өтеді
«Орталық Азия - Жапония» диалогы жалғасуда
Фото: gov.kz 24.12.2022 20:00 1189

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді сыртқы саяси ведомстволар басшыларының деңгейінде Жапония, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан өкілдік еткен «Орталық Азия – Жапония» диалогының 9-шы министрлік кездесуіне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Күн тәртібінде Орталық Азия мемлекеттері мен Жапонияның халықаралық және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды. Транзит-көліктік коммуникацияларды дамыту, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрландыру, адам ресурстарын дамыту, туризм және климаттың өзгеруіне қарсы күрес жолдары қаралды.

Өз сөзінде М.Тілеуберді санкциялардың Орталық Азия экономикасына теріс әсерін азайта отырып, инвестициялар мен сауда саласындағы ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын атап өтті. Қазақстандық делегация бірқатар жаңа бастамалар ұсынды, оның ішінде Орталық Азиядағы ынтымақтастық пен үйлестіру тетіктерін нығайту жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеу бойынша бастама. Бұдан басқа, «Астана» Халықаралық қаржы орталығының негізінде бірлескен инвестициялық жобалардың тізбесін пысықтау ұсынылды.

Жапондық тарап өз кезегінде өсу сапасына баса назар аудара отырып, Орталық Азия елдерімен екіжақты және көпжақты диалогты кеңейту арқылы өңірдің тұрақты дамуына ықпал етуге дайын екендігін білдірді.

Министрлік кездесуінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Осы форматтағы келесі 10-шы мерейтойлық кездесу Қазақстанда өтеді, өйткені диалогқа төрағалық ету 2023 жылдан бастап біздің мемлекетімізге ауысады.

Министр М.Тілеуберді Жапонияның Сыртқы істер министрі Ёсимаса Хаяшимен екіжақты келіссөздер жүргізді. Тараптар дипломатиялық қатынастардың 30 жылында елдеріміз арасында қол жеткізілген Кеңейтілген стратегиялық әріптестіктің негізгі бағыттары мен перспективаларын талқылады. Халықаралық ахуалдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға