Жаңалықтар

Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуы бойынша комиссия отырысы өтті

Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуы бойынша комиссия отырысы өтті
Фото: gov.kz 06.09.2023 04:31 992

Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев Орталық Азия елдерін орнықты дамыту жөніндегі мемлекетаралық комиссияның (ОДМК) отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Отырысқа Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның табиғатты қорғау ведомстволарының басшылары, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің экономикалық блогы министрліктерінің өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында ОДМК-ның 2022-2024 жылдарға арналған жұмыс жоспары бойынша есеп тыңдалды, Душанбе қаласындағы қалдықтарды өңдеу жөніндегі өңірлік орталық туралы мәселе қаралды.

«ОДМК кезекті отырысын өткізу ұйым қызметіндегі маңызды оқиға болып табылады. Комиссия құрылған сәттен бастап белсенді жұмыс жүргізуде. Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарлама әзірленіп, бекітілді. Бүгін біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр. Барлық бірлескен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біз қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму саласындағы мәселелерді шешуге күш-жігерімізді шоғырландыруымыз керек. Орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссияның ағымдағы отырысы ОДМК жұмыс жоспарын және ОДМК-ның алдыңғы отырысының шешімдерін қарауды және болашаққа перспективаларды белгілеуді, Орталық Азияның орнықты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаның іске асырылу барысын және біз өңірде де жұмыс істейтін басқа да мәселелерді талқылауды мақсат етеді. Қорытындылай келе, осы жылдың 14-15 қыркүйегінде Душанбе қаласында өтетін ХҚЕС мемлекет басшыларының Саммиті қарсаңында шешімдерге қол қою маңызды», - деп өзінің құттықтау сөзінде ведомство басшысы атап өтті.

Отырыс соңында ОДМК шешімдеріне қол қою рәсімі өтті.

Анықтама: 1993 жылғы 26 наурызда Қызылорда қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары қол қойған «Арал теңізі мен Арал өңірі проблемаларын шешу, Арал өңірінің экологиялық сауықтыру және әлеуметтік – экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы Келісімнің» 2-бабына сәйкес орнықты даму жөніндегі мемлекетаралық комиссия (бұдан әрі-ОДМК) құрылды.

ОДМК-ның басты мақсаты қоршаған орта және Орталық Азия елдерінің орнықты дамуы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты үйлестіру және басқару болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға