Жаңалықтар

Ортақ тіл – мемлекеттік тіл

Ортақ тіл – мемлекеттік тіл
28.05.2014 12:08 12898

         Ортақ тіл – мемлекеттік тіл  

       Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауы – болашақта ел дамуының нақты бағыттарына арналған стратегиялық маңызы зор құжат. Жолдауда нақты тапсырмалар мен орындау мерзімдері бекітілген. Стратегияның бұлай жасалуы оң нәтижеге қол жеткізуге апаратын тура жол деп ойлаймыз. Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы бұған дейінгі жолдаулардан ерекшеленеді. Еліміздің барлық облыстарындағы әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жасай отырып, Президент 2014 жылға арналған ең негізгі артықшылықтарға, сондай-ақ жақын болашаққа бағытталған даму стратегиясына тоқталып, құзыретті органдарға нақты тапсырмалар берді. Ол өз сөзінде Қазақстан болашақта отыз дамыған елдің қатарына кіруі тиіс дегенді қадап айтқан болатын. Бұл жайдан-жай айтылған сөз емес. Себебі, елімізді шетелге танытамыз, әлемге өзімізді мойындатамыз деп қанша айтқанымызбен, бұның барлығы белгілі-бір жоспар аясында жүзеге асуы тиіс екенін естен шығармағанымыз жөн.

            Негізінен «Қазақстан – 2050» Стратегиялық құжат Мәңгілік Ел идеясына құрылған. 2050 жылға дейін Қазақстан тәуелсіз, ұлтаралық татулықта, экономикалық дамыған, еңбек қоғамы ретінде, ортақ тарих, мәдениет және тіл негізінде «Мәңгілік Ел» идеясына толық қадам басатын болады. Дәл осындай сөздер айтылғанда болашаққа деген үлкен үміт пен сенім қатар ұялайтынын несіне жасырайық. Себебі, бұл міндеттер бүгін күн тәртібіне қойылғанмен, ертең-ақ жүзеге асатынына сенім мол.

            Жалпы, Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдері арасындағы достық қарым-қатынас пен ортақ мақсатқа жетелейтін ұлттық мүдде қазіргі таңда аса маңызды мәселеге айналып отыр. Себебі, ұлт болып ұйысып, болашаққа нық сеніммен қадам жасау үшін татулық пен бірлік аса қажет. Қазақстан өз кезегінде көпұлтты мемлекет болғандықтан мұнда тұрып жатқан көптеген этностардың өзара қарым-қатынасы мен достығы назардан тыс қалмауы тиіс. Біз ұлттық идея, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, ұлт тарихы, т.б. деп тізбектей жөнелгенде «ұлттық» деп қадап айтқанды әдетке айналдырып алғанымыз бүгінгі баспасөздегі мақалалардан анық байқалады. Алайда мекен-тұрағымыз бен Отанымыз Қазақстан болғандықтан, осында тұрып жатқан басқа халықтарды да шеттетуге әсте болмайды. Біз үшін, әлбетте, қазақ тілі, мәдениеті мен тарихы бірінші кезекте. Бірақ бұл аталған ауқымды салалардың барлығы тек қана қазаққа ғана емес, барша қазақстандықтарға да ортақ екенін естен шығарып алатынымыз бар. Ойдағыны қағазға түсіріп, оқырманмен бөлісуді жөн санағандықтан Қазақстанның азаматы ретінде жеке пікірімізбен бөліскелі отырмыз. Ғалым, я осы саланы зерттеп жүрген кәсіби маман болмағандықтан тек пікірмен шектелгеніміз үшін айып етпессіз, құметті оқырман!

            Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауын жүзеге асырудағы бірқатар мәселелерге, сондай-ақ, ондағы айтылған тапсырмалар мен міндеттерге жеке-жеке тоқталмасақ та, ондағы «тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығына» байланысты аз-кем ойымызбен бөліссек деп едік. Ол үшін Жолдаудың басты идеясына айналып соғуымыз заңды. Себебі, бұл саяси құжатта айтылған мәселелердің барлығы бір ғана – Мәңгілік Ел идеясына негізделген. Елбасы бұл Жолдауда тың бастамалар көтеріп, барша қазақстандықтар алдына үлкен міндеттер қойды. Дамыған, озық 30 елдің қатарына қосылу үшін әрбір қазақстандық азамат сапалы еңбегімен қомақты үлес қосып, Отанын ортақ деп бағалауы тиіс. Сондай-ақ, Елбасының сөзін келтірер болсақ: «Егемендік алған, дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктірген, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар үлкен еңбекпен, мол ізденіспен жүзеге асырылған еді. Соның біріншісі, бұл – Қазақстанның тәуелсіздік алуы мен жаңа астана – Астана қаласының аз уақыттың ішінде бой көтеріп, әсемдігімен әлемге танылуы. Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият. Төртіншіден, – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім. Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы. Жетіншіден, бұл – еліміздің бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы». Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында осы құндылықтар негізінде еліміз өркендеп, дамып, нығая түсетініне сенім білдіреді.

            Ендігі кезекте, ортақ тіл мәселесіне тоқталсақ. Әлбетте, қазақ тілін осы елде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері білуі тиіс. Қазақша сөйлеп, қазақ тілінде айтылған сөздерді түсініп, мемлекеттік тілді қадірлеген жағдайда ел бірлігі мен татулығы нығая түспек. Дегенмен, біз Жолдауда айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесіне де тоқталып өткіміз келеді.

            Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алаш айнасы» газеті «Түркі әлеміне ортақ әліпби қандай болуы керек?» атты тақырыпта Жарқын Түсіпбекұлының мақаласын жариялаған болатын. Ол жерде ортақ тарих, мәдениет және тіл мәселесіне ерекше тоқталған екен. Арада жылдар өтсе де, темірді қызуында соққан басылымға ризалығымызды білдіріп, мақаладан үзінді келтіре кеткенді жөн көріп отырмыз. Жалпы, мақала маңызына тоқталмас бұрын, айтылған ойларға көз жүгіртсек. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы туралы сөз қозғалғаны өз алдына, түркілердің экономикалық интеграциясына көңілі толмайтындардың көп екенін, алайда, әлеуметтік, мәдени салаларда белгілі бір деңгейде алға жылжу байқалатынын жазған екен. Сондай-ақ, өзара Парламенттік Ассамблея құрған түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесін де құрғанын сөз ете келе, осыдан үш жыл бұрын Алматыда өткен Ынтымақтастық кеңесінің отырысында біраз мәселенің талқыланғанын айтады. Сонымен қатар, мақалада «Ұйымның тұңғыш саммитінде ортақ тарих, мәдениет, төл ерек­шелік және тіл негізінде өзара тиімді мүдделерді, қатынастарды және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті. Ал жақында түркі әлемінің құзырлы органы саналатын Парламенттік Ассамблеясы жалпытүркі тілі мен әліпбиі туралы заң жобасын жасауды жоспарлап отырғаны белгілі болды», – делінген. Сондай-ақ, ТүркПА Бас хатшысы Рамиль Гасанов: «Түркітілдес елдер парламентшілерінің пі­кір­лері ескеріле отырып, жалпытүркі тілі мен әліпбиін жасау заң жобасы ретінде жа­салуы керек», – деп мәлімдегені тілге тиек етіледі.

            Аталмыш мақала соңғы кездері қоғамда қызу талқыланып, ғалымдар мен жалпы жұртшылық арасында ауыздан-ауызға тарап, қызуы басылмай жүрген ортақ әліпби мәселесін өте орынды қозғаған екен. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», – деген еді.  Сондай-ақ, Елбасы: «Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет. Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн», – деді. Расында, әсіресе аударма мәселесі қазір ақсап тұрғаны ғалымдар арасында жиі айтылып жүр. Бұл көрер көзге көшедегі жарнама тақтайшаларынан да анық байқалады. Ал латын әліпбиінің тарихына тоқталған Ел Президенті: «Латын ал­фа­виті біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұ­рыннан келе жатыр, яғни үш мың жылға жуық уақыттан бері бар. Дүниежүзі елдерінің 80 па­йызы латын қарпін қолданады», – дегенді бекер айтқан жоқ. Расында ғаламтор желісі арқылы жарияланған мәліметтерге сүйенсек, «Қазақстан мемлекет болып құрылғалы бері, ХХ ғасырдың басында араб әліпбиі біраз қолданыста болды. Одан бертінде А.Байтұрсыновтың төте жазуы енді. 1939-40 жылдары қазір тілге тиек етіліп отырған латын әліпбиін де қолдандық. Содан кейін кеңестік саясаттың ықпалымен орыстың кириллицасына көштік. Осылай қазақ халқы біраз әліпбиді басынан өткерді. Ал тәуелсіз ел болғалы латынға көшу туралы мәселе жиі көтеріле бастады. Президенттің өзі 2006 жылы Ассамблеяның жиынында латын әліпбиіне көшу жөнінде мәселені қозғаған болатын. Елбасы жуырда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұған қайта мән берді. Енді міне, мемлекеттік құжат ретінде қабылданды. Шын мәнінде, латынға өту арқылы көп мәселенің шешілетіні рас», – деген пікірлер айтылады. 

            Жоғарыда есімі аталған автордың мақаласында: – «Түркітілдес мемлекеттердің латын гра­фи­касына көшудегі саяси-лингвисти­калық ұстанымдары: генезисі және эволю­ция­сы» атты тақырыпта зерттеу жасаған жас ғалым Айдос Сәдуақасов диссертация­сында Түркітілдес елдердің латын графика­сына көшу реформаларына зерттеу жүргізу арқылы Қазақстан үшін осы елдердің әліпби реформасының жағымды жақтарын алып, латын графикалы әліпбиге көшудің қазақстандық моделін жасаудың болашағы зор дегенді айтады. Оның зерттеулеріне қарағанда, іріктеп қолданатын тәжірибе ретінде Түркияның халықты жаңа жазуға үйрету әдістемесі мен тілді үйренудегі патриоттық сананы тәрбиелеу идеология­сын, Әзірбайжанның мемлекеттік тіл мен әліпбиді ұлттық рәміздер қатарына қосу саясатын, латын графикасын білім жүйесі мен баспа ісінде қолдану технологиясын, жаңа жазуда классикалық әдебиеттерді көп данамен шығару тәжірибесін, Өзбекс­танның әліпби реформасы кезінде жүзеге асыратын іс-шараларды анықтауы мен қаржыландыру көлемін белгілеу тәжірибе­сін қолданған жөн. Ал Түрікменстанның ла­тын графикасына көшу реформасынан «бір дыбысқа – бір әріп» қағидатын қатаң ұстану тәжірибесін алудың лингвистикалық маңызы зор. Сонымен қатар, 1920-1940 жылдардағы қазақ әліпбиін латын графи­касына көшіру тәжірибесінің оң жақтарын да ескерген абзал.

            Бұл туралы мысалдарды да тізбектеп көп келтіруге болады. Десек те, маңызы шектелмейтінін баршамыз жақсы білеміз. Жалпы, ортақ тіл, мәдениет пен тарих мәселесі өте өзекті проблема. Оны халықтың түйсінуі үшін әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы қажет. Дегенмен, ел болашағы үшін жасалған жоспардың мәні тереңде жатқанын аңғару қиын емес. Мысалы, «Бірліктің, сенімнің, біздің көпұлтты Қазақстанның ынтымағының арқасында тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Біз экономиканы нығайттық, адамдарымыздың сенімді болашағын жасадық. Ауылдар, қалалар салудамыз, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын көтерудеміз, университеттер салудамыз. Біздің балаларымыз шет елдерде білім алуда. Осының барлығына еліміздің ынтымағы, тұтастығы арқасында қол жетті», – деген Н.Ә.Назарбаевтың сөзі біраз жұртты бір селпілтіп тастауға жараған еді.

            Жалпы, мемлекетімізге сырт көзбен қарайтын болсақ, қанша жерден көпұлтты әрі толерантты елміз дегенімізбен, қазақ қоғамындағы қазақ ұлтының орны ерекше. Қазақ ұлты елімізді мекендейтін көп этностың бірі емес. Ең негізгі құрамдас бөлігі, елдің, жердің иесі. Сол себепті де, қазақ тілі мәселесі алдыңғы орында тұруы тиіс. Қазақстандағы басқа ұлт өкілдері қазақтың тілін, мәдениетін, тарихын білуі қажет. Себебі бұл – ортақ тарих, ортақ тіл, ортақ мәдениет. Осы тұрғыда насихат жүргізу жұмысы жүргізілсе, әрі неғұрлым көбірек айтылып, молынан жазылса игі. Бұл бір жағынан патриоттық тәрбиенің нығаюына, отансүйгіштік сезімнің шарықтауына сеп болары анық. Дәл осындай қоғамдық пікір қалыптастыра білудің жөні, орны, ролі бөлек.
Дегенмен, соңғы кездері «қазір халық газет-журнал оқымайды» деген пікір жиі айтылады. Бұл сөздің астарында жұрттың телеарналарды тәуір көретіні байқалып қалады. Сондықтан да, маңызы зор іс-шараларды халық арасында көбірек өткізіп, көбірек насихаттағанымыз абзал. Бұл – еліміз үшін, ұлтымыз үшін, болашақ үшін, жалпы, бірлік пен татулық үшін қызмет ететін өрелі іс болмақ. Егер осы түсінікті қалыптастыра алсақ, сонда ғана қазақтар шын мәнінде ұйыстырушы ұлт екендігіне көз жеткізеді. Ал насихат құралы біздегі бұқаралық ақпарат құралдары десек, бұл мәселені неғұрлым көбірек талқылап, оқырман мен көрерменге ұсынар болсақ, нәтижесі де көп күттірмес еді деп ойлаймыз.

            Жалпы, Елбасының болашақ ұрпаққа, бүгінгі жастарға ерекше сенім артатынын жасырмайды. Бүгінгі жастар ертеңгі ел қамқоршысы десек, болашақта тіл, мәдениет пен тарихтың ортақ болуына да мұрындық болатын – осы жастар. Дегенмен, Жолдауда мемлекеттік тіл мәртебесі сөз етілуі тегін емес. Өйт­кені, Қазақстанның болашағы жастардың қолында, ал ұлт пен ұлтты табыстыратын да, теңестіретін де тіл. Ұлттың ең маңызды әрі басты байлығы тілі мен жері. Тілді жетік меңгерген, еркін сөйлейтін адам ғана сол ұлттың жан­дүниесін, болмысын, дүниетанымын ұғады. Сол себепті, мемлекеттік тілді дамыту арқылы – еліміздің дамыған, өркениетті елдердің қатарынан орын алуына үлес қоса аламыз. Қазақ тілі мем­ле­кеттік тіл болғандықтан, оған мейлінше ба­сымдық беріп, айырықша көңіл бө­ліп, қолданыс аясын кеңей­тетін іс-шараларды жүзеге асыруды жеделдеткен абзал. Себебі, тіл – мәдениеттің барлық салаларының ішіндегі ең негізгісі, әрі тірегі.

            Мақаламыздың соңын Асылы ОСМАН апамыздың сөзімен түйіндесек: «Қазақ мемлекет құраушы ұлт екенін қазақ қана сезініп қоймай, барша Қазақстан тұрғындары шын ниетпен шегіншектемей мойындап, бірлікте білікті де пайдалы істер атқара отырып қазақ ұлтының төңірегіне топтассақ, рухани мәр­те­беміздің тұғыры биіктейді, сый­ластығымыз шырқау биікке кө­теріледі. Мұны әркім түсіне білуі қажет десек, бұған да Ассамблея айрықша батыл үн қатуға тиіс. Меніңше, Елбасының о бастағы ойы мен ниеті осы болғаны анық. Шынайы бақыт пен береке үйлесімді бірлік пен тірлікте жатыр. Өзіме бақыт санап ұстанған бағыт-бағдарым – ең алдымен мемлекет құраушы ұлт­қа, қоғамға қызмет ету. Халықты өз қалауымен қастерлеу, құрметтеу, қадір тұту – әрқайсымыздың ада­ми борышымыз. Елім деген адамға ел ғашық. Жүректеріміз Қазақстан деп соғып, мемлекет мүддесіне адал қызмет етейік. Қазақстан дегенде бойда қан, ойда қайрат, жүректе нұр ойнасын, отандастар!»

 

Айгүл Ануарбекқызы

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға